Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитеті спорт дирекциясының директоры Елсияр Қанағатов өңірімізде болды.
Өткен аптада олимпиадалық комитет өкілдері жұмыс сапарын Жаңақорған, Шиелі аудандарында жалғастырып, спорт ұйымдарының жұмысымен танысты.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Олжас Акимов өңірде дене шынықтыру және спортпен шұғылданушылар жалпы тұрғындар үлесінің 27 процентін құрап отырғанын айтты.
– Жоғары білікті спортшылар мен жаттықтырушыларды қолдау мақсатында 26 спортшы мен 2 жаттықтырушыға облыстық бюджеттен ай сайынғы стипендия тағайындалған. Облыста саланың материалдық-техникалық базасын жақсартуға байланысты жұмыстар тұрақты қолға алынған. Былтыр облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға Қазалы ауданының Жанқожа батыр, Жалағаш ауданының Мәдениет, Сырдария ауданының Ақжарма, Шиелі ауданының Еңбекші, Жаңақорған ауданының Түгіскен ауылдарында және Арал ауданының Сексеуіл, Қармақшы ауданының Төретам кенттеріндегі спорт кешендері биыл пайдалануға берілді. Қызылорда қаласындағы Ғ.Мұратбаев атындағы орталық стадионның қосалқы алаңы қайта жаңғыртылды. 2017 жылы Қызылорда қаласында 24 «STREET WORKOUT» алаңдары салынды, – деді Олжас Азатұлы.
Елсияр Қанағатов атап өткендей, еліміздегі спортшыларымыздың 80 проценті ауылдан шыққан. Сол үшін ҰОК еліміздегі олимпиадалық спорт түрлерін одан әрі дамыту үшін алға үлкен жоспар құрып отырғанын айтты. Сондай-ақ, мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясындағы жобалардың қарқынды жүргізіліп жатқанына ризашылығын жеткізді. Өткен жылы Қызылорда қаласында «Тарлан» дене шынықтыру-сауықтыру кешені және «Мерей» шағын ауданында спорт кешені, ал биыл Шиелі ауданының Алғабас, Ақмая ауылдарында спорт кешендері пайдалануға берілгені қуантады. Жыл аяғына дейін Жалағаш кентінде және Таң ауылдық округінде, Жаңақорған кентінде және Сүттіқұдық ауылдық округіндегі дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Шиелі ауданы Бестам, Төңкеріс және Керделі ауылдық округтерінде спорт кешендерін жалға алу жобалары жүзеге асырылады. Былтыр мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 4 жоба іске асса, биыл 7 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Делегация мүшелері Жаңақорған ауданындағы №7 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінде болды. Онда 14 спорт түрі бойынша 1215 бала баскетбол, волейбол, бокс секілді спорт түрлерімен айналысады. 70 адам жұмыспен қамтылған, оның 34 қызметкері – жаттықтырушылар. Тірек елді мекендердің қатарындағы Түгіскен ауылдық округінде жаңа және ескі дене шынықтыру-сауықтыру кешендері бар. Бұл жерде делегация мүшелері облыстық, республикалық және халықаралық жарыстардың жеңімпаз спортшыларымен кездесті. Комитет өкілдері жергілікті спортшылармен еркін сұхбат құрды.
Спорт дирекциясының директоры Е.Қанағатов Ұлттық олимпиадалық комитет қызметінің жаңа бағыттары мен олимпиадалық спорт түрлерін дамытуға байланысты қабылданған шаралармен таныстырып, қатысушыларды толғандырып жүрген түйткілді мәселелерге байланысты берілген сұрақтарға толыққанды жауап берді.
– Қазақстанның ҰОК еліміздегі олимпиадалық спорт түрлерін одан әрі дамыту үшін алға үлкен жоспар құрып отыр. Осы орайда аймақтардың қолдауы мен қызығушылығына көп нәрсе тәуелді. Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің төрағасы Тимур Құлыбаевтың тапсырмасымен біз үш ай көлемінде еліміздің бар аймағын аралап, облыс басшыларымен кездесіп, аймақтағы олимпиадалық спорт түрлерін дамытуға не кедергі екенін анықтайтын боламыз. Ең шалғай аудандар да ұмыт қалмайды. Біз спорттың шын мәнінде дамып, бұқаралық сипат алып, қолжетімді болғанын қалаймыз, – деді Елсияр Қанағатов.
Түс ауа Шиелі ауданына жеткен делегация №9 аудандық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінде өтіп жатқан қазақ күресінен 2003-2004 жылы туылған жасөспірімдер арасындағы Бала би атындағы республикалық турнирге қатысты.
Ұйым өкілдері Қызылорда облысындағы жұмыс сапарын сала мамандарының қатысуымен өткен мәжілісте қорытындылады.
Шынар БЕКБАН,
«Сыр бойы».
Жаңақорған, Шиелі аудандары.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<