Мергеннің әулеті

1447

0

Ауылдағы шеткі үйде тұратын Ханша апа маған туғаннан бүкір адамдай көрінетін. Өйткені ол кісі мен ес білгелі еңкейіп жүреді. Сөйтсем, апаның белі ауыр бейнеттен сұрақ белгісі сияқты бүгіліп кеткен екен.

Сенекті қоспағанда, екі бөлмелі қоржын тамнан тұратын үйдің төріндегі қабырғаға ілініп тұратын қара дорбаға ол кісіден басқа ешкім қол тигізбейді. Кейіннен оның ішінде осы үйдің отағасы Қожақан атадан қалған киелі Құран барын білдік. Қожекең Советтің қатал заңына қарамастан көзі тірісінде бес уақ намазы мен оразасын қаза қылмапты. Ауылдастары бірін-бірі көрсетіп, билікке ұстап беріп жатқанда, аңшы мылтығы мен қақпанын, азығын арқалап Маңырақтың шатқалдарына сіңіп, айлап үй бетін көрмей, анда-санда бала-шағаның, көрші-қолаңның азығын қамдап беріп кетуімен елінің есінде қалған. Бүгінде ол үйдің орны да жоқ. Атамыз ертерек өмірден өтіп, Ханша апа үйдегі бес баланың кенжесін үйлендіріп, немересінің маңдайынан иіскегеннен кейін шалының артынан аттанды.

Үлкендер: «Оу, бұл Ханша текті атаның баласы ғой. Әкесі Керейтай мерген ашаршылық жылдары осы өңірдегі ауыл адамдарын даланың аң-құсымен асырады емес пе?! Жарықтықтың көздейтін көзі түнімен перілер мініп, таң асырылып тұрған арқарды атқан кезде ағып кеткен. Оның баласы Қолда да құралайды көзге ататын. Азды-көпті орысшасы бар, қытайша тілге тым жүйрік еді. Елуінші жылдардың ортасына таман бір түнде әскерилер алып кетіп, сонымен жоғалды. Алпысыншы жылдары арғы беттен оралған Бастыбай оны қытайдан көрдім деп ант-су ішетін. Соңында қалған жалғыз ұлы Адай қазір ауданда аңшыларды басқарады. Ол да мерген. Ханша апа сол Қолданың жалғыз әпкесі. Жастайынын көргені бейнет», – деп отыратын.

«Перілер бар ма?», «Олар арқарды неге мінеді?», «Керейтайдың оған қандай қатысы бар?» деген сауалдар жанды жай тапқызбаған соң, мен ауылдағы жиын-тойларда басқа балалар сияқты тәтті-пәттіні аңдымай, ақсақалдар отырған жерді жағалайтынмын.

…Керейтайға мергендігі жағынан бұл өңірде ешкім жетпепті. Көздегенін құр жібермейтін сұрмерген екен. Күндердің күнінде ол таң атпастан тауға, аңға шығады. Сол кезде қарауылына биіктердің бірінде арбайған мүйіздерінің ортасындағы ақ қасқалы маңдайын шығып келе жатқан күнге төсеп тұрған құлжа ілігеді. Мерген жасырынып, бұқпантайлап барып, енді көздей бергенде: «Атпа, ол таң асып тұрған мал», – деген дауыс саңқ етеді. Селт еткен аңшы, анықтай қараса, шынында да, арқардың арқасындағы ердің ізі байқалады. Өз көзіне өзі сенбей, маңайына абайлап қарап, ешкімнің жоқтығына білген соң қараса, арқар ізім-қайым жоқ болады. Мұндай жағдай екі рет қайталанады. Үшінші жолы барлығына бел буып, не болса да көріп алдым деген оймен мерген шүріппені басқаны сол екен, сол жақ көзі ағып түседі. Содан бастап біраз уақыт аңшылықты қойғанымен, ашаршылық жылдары үйренген кәсібіне қайта кіріседі. Көз мергендігімен қатар, қол мергендігі бар оның аңға шыққан сайын мылтығының аузы қандап қайтады. Баласы да оның жолын қуып, немересі де ата жолын жалғастырды. Өткен ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдары Тарбағатай өңірінде Адайдың аңшылығы мен мергендігі жайлы небір аңыздар айтылатын. Шағанобадағы жұрт көрмеген, білмеген аңды атып алып, жолыққандар қанжығасындағы теріге таңдана қарап: «Бұл қандай аң?» – деп сұрағанда, аңшы оны өзінің де білмейтінін сездіріп: «Аң-таң деген аңның терісі», – деп жауап береді екен.

Қолда әкесінің жолын жалғастырып, мергендігімен аты шығып жүріп, әскерилердің құрығына іліккеннен оралмайды. Қосағы жалғыз ұлын жеткізем деумен ғұмырын тауысты. Ауылдағы әпкесі де күдерін үзіп, қарашаңырағында дүниеден өткендерге құран оқытқанда жалғыз бауырының да есімін қосып, аруағына дұға бағыштайтын.

Сексенінші жылдардың бас шені болатын. Елге барғанда, «Қытайдан Қолда оралыпты, мемлекеттік шекараны өзі ғана білетін жерден ешкімге білдірмей кесіп өтіпті» дегенді естідік. Қолда ел айтса айтқандай шекарадан жасырын өткен бойда жайлаудың бір қуысында жалғыз үй отырған шопанның үйіне келіпті. Жалаңаш денесіне жұлым-жұлымы шыққан тонды киіп, белін арқанмен буып алған. Көп уақыт сақал-мұрты алынбағандықтан бет-аузын қалың түк басқан. Алып денелі алпамсадай адам күркірей амандасып, кіріп келгенде, киіз үйдің ортасындағы жер үстелдің үстін жиыстырып отырған келіншек отырған орнынан тұра алмай қалады. Көзі алайып құлай жаздағанында: «Амансың ба, қарағым, сусының бар ма, таңдайым кеуіп қалды», – дегеннен кейін барып есін жияды. Қалбалақтай ұмтылған әйел босаға жақтағы керегеге керілген шиді серпе ашып, түнемел қымызды сапырар-сапырмастан үлкен шараға құйып қонаққа ұсынады. Шарадағы сусынды демалмастан басына төңкерген алып кісі күректей алақанымен аузын сүртеді де, үстелдің жанына тізесін бүгеді. Аяқ-қолы дірілдеп, өңі қашқан әйел одан жапақтаған көзін алмайды. Айналасына зер сала бір үңіліп, миығынан мырс еткен қонақ, өзіне үрке қарап тұрған жас келіншекке: «Застап жақын ба? Атыңа мін де сонда шап. Бастығына кір де қытайдан Қолда деген мерген келді, үйімде отыр дерсің», – дейді де өзі іргедегі жүк үстінен бір жастықты алып, қисая кетеді.

Келіншек асыға шығып, үй маңындағы ақсақ-тұқсақ, қозы-лақты қайыру үшін күйеуі ерттеп кеткен жуас торыға міне салысымен ат басын сорайған күзет мұнарасы көрінген шекарашылардың қосынына қарай шаба жөнеледі. Құйындатқан салт аттының жүрісінен бір сұмдықты сезген күзетші дереу кезекшіге хабарлап, қақпаны айқара ашқызып қояды. Қойшы қазақтардың мұндай жерге бекерге ат қойып келмейтінін жақсы білетін шекара қызметінің басшысы хабаршыны өзі шығып қарсы алды. Орысша-қазақша араластырып, көрген-білгенін жеткізуге тырысқан әйелдің сөзінен қытайдан келген қорқынышты кісінің киіз үйде тынығып жатқанын ұғады. Осыдан соң ол дереу бір топ сарбазды жол талғамайтын «Газ-66» автокөлігіне отырғызып, бес-алты шақырым жердегі малшы үйіне бет алды. Үйге бір шақырымдай жер қалғанда сарбаздар еппен басып, киіз үйді қоршайды. Ұйықтап жатып, даладағы тышқанның сыбдырын еститін мерген бәрін сезіп жатқан. Шекарашылар киіз үйге он-он бес қадам қалғанда, ол екі қолын көтеріп есік алдына өзі шықты. Өзіне тап берген солдаттарға еш қарсыласпады. Тек қасына келген командирге орысша сыбырлап бірдеңе айтқандай болған. Оның сыбырынан селт ете түскен шекара қызметінің басшысы тұтқынды дереу машинаға жеткізуді бұйырды. Өзі оңашарақ кетіп, рациямен отрядқа байланысқа шығып, жағдайды баяндады. Осыдан соң ол бірнеше сарбазын жіберіп, шопан жігітті алдыртып, оған және әйеліне бүгінгі көргендері туралы жан баласына айтпауды, біреу-міреуге тырс етіп тіс жарса, жазаға тартылатынын ескертеді. Сонымен шекарашылар жағдай толық анықталғанша, ерлі-зайыптыны көзден таса етпеуге екі жауынгер қалдырып өздері қашқынды алып аттанып кетеді.

Сол күні шекараға қарай қос тікұшақ самғап өтті де, ертеңінде таңның атысымен кері қарай қайтты. «Ел құлағы елу» деген. Арада бірнеше күн өткенде, Қолданың қайта оралғаны туралы әңгіме ауыздан ауызға тарады. Жалғыз әпкесі аман табылған бауырының кімнің қайда, қаншаға әкеткенін білмесе де, тірі екенін естіп қуанды. Құдайға шүкір деп ақсарбас атап сойып, баяғыда ана дүниелік болған әке-шешесіне құран бағыштатты. Аудандағы аңшыларды басқаратын ұлы ешкімге ештеңе айтпастан, азық-түлігі мен бес қаруын сайлап, қорықшылар қоғамының ескі «Уазигімен» Шіліктіге кетті. Онда келісімен машинасын тастап, досының үйінде әрқашан бабында тұратын құла қасқа айғырды мініп, Шағанобаға сіңіп, тек жарты айдан соң ғана қайта оралды. Кеткенінде түнеріңкі еді, қайтарында жайдары болып келді. Өзі орта мектепте оқып жүргенде жоғалған әкесі жайлы қауесеттерге әбден көндіккенімен, кеудесінде бір өкініш, бір сағыныш бар еді. Сонысы тарқаған сыңайлы. Әкесінің апайының үйіне барып, төргі бөлменің есігін қымтап жауып алып, бірнеше сағат күбірлескеннен кейін, Ханша апаның да жүзіне күлкі үйіріліп, белі бірер күнде тіктеніп кеткендей болды.

Елдің іші пыш-пыш. Біреулер: «Ойбай, Қытайдан 62-де қайта оралған Бастыбай шалдың айтқаны шын екен. Қолда сол жерде біздің елдің жансызы болып жүріп, ұсталып қалыпты. Жиырма жыл түрмеде отырып, ештеңені мойындамаған екен, ақыры шығарыпты», – десті. Енді біреулер барлығын жоққа шығарып, «мергенді Совет өкіметі атып тастапты» десіп жүрді. Қалай болғанда да, жансыздыққа қатысты сөздің жаны бар.

Ақыры алты айдан соң Қолда ауылға апайына амандаса келді. Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің жоғары шенді офицерінің киімін киген, сықырлап тұр. Жиырма жылдан астам сыртта жүрген жан сияқты емес. Сол күні Мыңшұңқырда ақ түйенің қарны жарылды. Ханша апа жайлаудан жарылардай болып түскен екі жасар жылқыны жығып, бауырының аман келгеніне бүкіл ауылды шақырды. Аулаға шекарашылардың әскери-далалық шатыры тігіліп, ұзынынан-ұзақ үстелдер қойылды. Төрде әскери киім киген, қасында тымпиған екі нөкері бар мерген отырды. Ол кезде дастарханда тамақтан бұрын арақ тұратын. Ақаңды судай сіміріп, әңгімені соғып, барынша желпінген ол өзінің көрші елде мемлекеттің тапсырмасын орындағанын, қапияда қолға түсіп, қапаста ұзақ жылдар отырғанын майын тамыза отырып жеткізді.

– Мен ашаршылық жылдары осы өңірден көрші елге өтіп кеткендердің біразын сол Қытайда көрдім. Олардың мені байқаған, байқамағанын білмеймін. Онбайдың ұлы Бастыбайды Құлжаның базарынан көргенім есімде, әлі күйін бермеген екен ғой деп таңданғаным бар.

Қапаста жатсам да ешеңені мойындамадым. Тек шекара бұзғанымды ғана айып етіп, мойныма тақты. Ақыры тура жиырма жыл өткенде, қамаудан шығарып, үстіме қолға түскендегі жалбыр тонды жапты да, қараңғы машинамен шекара маңына әкеліп, қойшылар мінетін жаман торы атқа мінгізіп, өздерінің торынан өткізіп жіберді. Қалғанын өздерің білесіңдер. Мәскеуге апарып, бірер ай тергеп, бақылауда ұстаған соң бір кездегі барлаушылық еңбектерімді ескеріп, әскери атақ беріп, қомақты зейнетақы тағайындады. Жалғыз әпкем мен ұлымды көріп, мауқымды басайын деп келдім. Мен – өкіметтің адамымын елде жүруге қанша рұқсат береді, сонша боламын да, қайта кетемін. Жүріс-тұрысымның барлығы шектеулі, қайта ораламын ба, жоқ па оны бір Алла біледі, – деді. Сонда ауылдың ақсақалдары оған барлығы жақсы болатынын айтып жұбатса, әпкесінің қабағы тағы да басылыңқырап қалды. Ал жалғыз ұлдың қабағынан ештеңе байқалмады.

Қолда айға жуық, ауылдарды аралап, ескі көздерге сәлем беріп, өзі жоқта ана дүниелік болған ағайындардың рухына бағыштап құран оқытқан соң, қайтадан Мәскеу жаққа кетті. Содан елге оралған жоқ. Тағы да құпия тапсырмамен кетті ме, әлде көрші елден көп мәлімет алып келген жанның көзін құртты ма, ол жағы беймәлім. Сол бойы қайта оралмады. Апайы да бауыры келгенде бірер күнге бой жазғандай болып еді, кейін хабар-ошарсыз жоғалған соң қайта бүкшиіп қалды. Балаларын түгел жеткізіп, ұлдардан немере сүйіп, сексенге жақындағанда көз жұмды. Ішінде қанша арман мен шер кеткенін өзінен басқа ешкім білмейді және біле де алмайды енді.

…Қалай дегенмен, қоңыр аңның киесі құр жібермейді екен. Тоқшылық заманда ешқандай қажеттілігі болмаса да даланың елігі мен арқар, текесін ермек үшін аулаған, еріккен басшылардың көңілін табу үшін атқан Адай өрістен малын жаяу-жалпылап айдап келе жатқанда, алдындағы сиырға сілтеген ұзын бишігінің ұшы қайырыла соғып, оң көзін ағызып түсірді. Тура Керейтай атасының жолын құшты. Жығылғанға жұдырық, бір басқа бір көз де жетер деп жүргенде оның жалғыз ұлы мектеп бітірушілердің кешінде болған төбелес кезінде пышаққа жығылып, мүгедек болып қала жаздады. Ел ішінде, тұқымымен аңшы болған әулеттің ақыры аң мен құстың киесіне ұшырағаны туралы әңгіме көп тарады. Адай аңға шыққанды доғарып, атадан келе жатқан қара мылтықты қабырғаға ілді де, қалған қаруларын түгелімен өкіметке өткізді. Дегенмен ұрпақ үзілген жоқ. Ұлы мектепте жүргенде-ақ аяулысына айналған ауылдас қызды келін қылып түсіріп, арада тоғыз ай өткенде мерген ұрпағының шаңырағында шілдехана болды…

Болат АБАҒАН,

Қазақстанның Құрметті журналисі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<