Кеше аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев облыс әкімдігінде жер қойнауын пайдаланушылармен кездесті. Күн тәртібінде мұнай-газ саласының дамуы және әлеуметтік міндеттемелердің орындалуы сияқты мәселелер қаралды.
Соңғы жылдары облыстың мұнай-газ саласында күрделі ахуал қалыптасты. Көмірсутегі шикізатының бағасына қатысты әлемдік дағдарыс өзге өңірлерге қарағанда біздің аймаққа әжептәуір әсерін тигізді. Республика бойынша аталған табиғат байлығының қысқарған көлемінің 70%-і Сыр елінің үлесіне тиесілі. Мұнай өндіру көлемі жыл сайын орта есеппен 12%-ке кеми түсуде. Егер 2013 жылы облыс бойынша 10,5 млн тонна «қара алтын» өндірілсе, 2017 жылы бұл көрсеткіш 6,8 млн тоннаға төмендеді.
Биыл өндірілетін мұнай көлемі өткен жылғыдан 7,5%-ке немесе 600 мың тоннаға дейін қысқарып, 6,2 млн тоннаны құрауы мүмкін екені болжанып отыр. Әзірге осы жылдың алғашқы жартысында барлығы 3,2 млн тонна жерасты байлығы өндірілді. Сәйкесінше соңғы бес жылда мұнайшылар тарапынан бюджетке бағытталған салықтық түсімдер 3 есе немесе 594 млрд теңгеден 204 млрд-қа азайды.
– Дегенмен, осы уақыт ішінде экономиканы әртараптандыруға мүмкіндік туды. Біз көмірсутегі мен уран өнімдерінің бағасы түсіп кеткеніне қарамастан, жақсы өмір сүріп, қарқынды дамуға болатынын дәлелдедік. Қазір өңір экономикасының көмірсутегі шикізатына тәуелділігі едәуір азайды. Біз жалпыөңірлік өнім бойынша соңғы 4 жылда, алғаш рет оң векторға шықтық, – деді облыс әкімі.
Қазіргі күні аймақта өндірілген мұнай көлемінің 70%-і ішкі нарықтың қажеттілігіне жұмсалса, қалған бөлігі экспортқа бағытталып келеді. Мәжілісте аймақ басшысы жер қойнауын пайдалану есебінен түскен табысты бірінші кезекте жаңа кен орындарын бұрғылауға, мұнай-газ секторын дамытуға бағыттау керектігін жеткізді. Облыс әкімі мәлімдегендей, қазіргі кезде әлемдік мұнай бағасы қалыпқа келе бастады. Бұл өз кезегінде мұнай компанияларының жұмысына оң әсерін тигізеді. Осыған байланысты аймақ басшысы әлеуметтік саясатты қайта қарастыру қажеттігін атап өтті.
Жиын барысында жер қойнауын пайдаланушы бірқатар жергілікті компания өкілдері, оның ішінде «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ басқарма төрағасы У Линьган, «ҚазГерМұнай» БК ЖШС бас директоры Есен Қайыржан атқарылып жатқан шаралар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<