Эпик жыршы, терең ғалым, берен азамат Берік Жүсіпов 50 жаста
Қазаққа өнердегі өр даусымен, ғылымдағы терең толғанысымен танымал болып, көп жыл Алматыда қызмет еткен Берік Жүсіпов 2008 жылы облыстық мәдениет басқармасының басшысы болып келді. Бұрыннан да сәлем-сауқатымыз түзу Берікпен сол күннен бастап достық қарым-қатынаста араластық. Ол Сыр елінің мәдениетін дамытуға жанын салып кірісті. Бізді журналист есебінде ұйымдастырылған іс-шараларынан қалдырған жоқ.
Мен сол кезде Беріктен екі ерекшелікті анық аңғардым. Біріншісі, өз ісін өте қатты қадірлейтіні. Екіншісі, турашыл мінезі. Оған қай салаға да шын жаны ашитын һәм талантты жандар ұнайтын. Оларды көтермелей білетін, тіпті ауылда бұйығып жүрген талай өнерлі жасты облыс орталығына шақырып қызмет беріп, үлкен сахнаға шығарды. Бір сөзбен айтқанда, бағын ашты. Солар бүгінде халыққа танымал өнерпаздар қатарынан орын алды. Ал, мәдениет жұмысын халықтың рухани байлығы деп түсінбейтін, әйтеуір осы саланың есебін толтырып жүрген немкеттілерге қатал көрінді. Ол қай жерде болсын ақты ақ, қараны қара деп, шындықтың жүзіне тура қарады. Міне, осыны кей кісілер «жаман мінезге» жатқызды. Сонда жақсы мінез қандай болады екен? Басынан сөз асырып, бұғып қалу ма, жағалыға жағынып, шоқпарлыға бағынып, көптің мүддесін құрбан ету ме? Берік олай жасай алмайтын, өнер киліккен жердің түйткілі тұрғанда өз мүддесін құрбандыққа шала білетін.
Берік даусын созғанда сахнадан аяғы көтеріліп тұратын жыршы болды. Ән шығару мен өлең жазуы да ешкімнен кем емес. Соларды бүгінгі күн талғамымен таразылағанда жеңілдің астымен жүрер еді, бірақ ол өзін ғылымның ауыр жолына салды. Шашылып-төгіліп жатқан ұлт мұрасын жинап-теріп ғылыми айналымға ендіріп, келешекке қалдыратын да біреу керек болатын. Берік бала кезінен халық қазынасын аршып, жиырма бес жасында ғылымға тың жаңалық ендірмесе, бұл жұмысты кім атқарар еді? Бәлкім, Сыр бойының әдеби-музыкалық фольклорын зерттеу ісі көп жылға кешеуілдер ме екен…
Қара домбыраның құлақ күйі мен қара шалдардың әңгімесін қалт жібермейтін баланың жыр, жыршылық деген асылға аңсары ауғаны соншалық, қолына қалам ұстап, осы дүлей дүниенің есігінен 12-13 жасында-ақ еніп кетті. Иығына аттың дорбасындай ауыр магнитофонды іліп алып, Сыр бойы жыршыларының даусын жазуға кірісті. Бұл оның халық мұрасын жинаудағы алғашқы қадамы еді. Осы қазір бұл сабаздың қолында екі мың сағатқа жетеқабыл аудио-бейне жазба бар екен.
Өнер – Құдіреті күштінің құлына тартқан ерекше сыйы, дара дарыны. Ол үйреніп алатын асық ату емес. Саф ақындық, сара жыршылық, таза ғалымдықтың да жолы – осы. Бекеңнің жыршылық өнердің жібек жібін тарқатқан алғашқы монографиясы он жеті жасында жазылып, жарық көріпті. Жақында бір ақпаратқа көзім түсті. Он жеті жастағы пәкістандық Малала Юсуфзайға Нобель сыйлығы беріліпті. Ол өз өлкесінде қыздардың білім алуына кедергі келтірмеу керектігін айтып бас көтерген. Малала бұл мәртебеге әрине, көтермелеуші халқы болғандықтан жетіп отыр. Ал, ғылымға мақала жазып емес, бірден кітаппен келген он жеті жастағы Берікке сый тұрмақ, лайықты баға да бере алмағынымыз рас. Жүсіпов пен Юсуфзайды салыстырып көріңіз, бірі білімге, бірі ғылымға шақырып тұр. Бұл жолға бірі батырлықпен, бірі ақылдылықпен шыққан. Айырмасы мынау дейтін нәрсе біреу, ол – еңбектің бағалануы. Бағалану демекші, Берікке атақ беріле бастаса, біраз адам атақпен ойнап жүргенін сезінер еді немесе елден жүзін жасырып, теріс айналар ма екен? Қалай болғанда да адамның алған атағына лайықты болғаны абзал. Ал, бізде басқаша, қош, бұл бүгінгі тақырып емес.
Жиырма жасында Беріктің бүкіл елге күйтабағы тарады. Ол кезде мұндай дүние үкіметтің тапсырысымен Кеңес Одағы бойынша Ташкенттегі «Мелодия» фирмасынан басылып шығатын. Мұндай жетістікке халық артистері мен педагог профессорлар ғана қол жеткізетін. Күйтабаққа жазылған Нұртуған, Жиенбай, Тұрмағамбет, Омар, Жүсіптің жыр-термелері Беріктің он сегіз жасындағы орындауы еді. Сол кездің өзінде жас жыршының бір күн, бір түн айтатын жыр қоры болатын.
Берік ғылымға ешкімнің жетектеуімен келген жоқ. Оны бұл ұлы санаға жасынан құлағына құйылып, санасында жатталып қалған жыр-термелердің сарыны алып келді. Не деген ескірмейтін үн еді, не деген жаңғыра беретін күй десеңші! Ол бұл құдіретті қайдан алып тұр? Мұндай сұрақтарға ғылымға дендеп енгенде ғана жауап табылады.
Бекең тоғыз жыл оқып, консерваторияны бітіретін жылы қазақтың дәулескер күйшілерінің домбыра шанағындағы шынайы сырларын ашып, күй құдіретін ғылыми талдап-таразылап, қасқабас ғалымдарды селт еткізді. Бірақ ол осындай ірі еңбекті бір іс тындырғаным деп санамады. Оның өзіндік себебі болған. Студент кезінде музыка теориясы пәнінен сабақ беретін Сайра Аманова «Сыр бойында ән, күй жоқ, жыр ғана бар» деген пікірін айтқан-ды. Жеке өзіне емес, дәрісханада тұрып жалпыға айтылған бұл сөзге Берік келіспеді. Сонда сенімді сөйлеген студентке оқытушысы: «Сенімен келісуге болады, бірақ оны дәлелдеу керек», – деген.
Берік сол күннен бастап, өз сөзімді қайтсем де дәлелдеймін деген қайсарлықпен тың жолға түсті. Бұрын жыршылық жайын жыр етсе, енді күйшіліктің мәнін сыр етті. Бір шеті өзбек, қарақалпақ жері, бір шеті Қазақстанның батыс, Қаратау өңірі, ортасы Сыр елі – түгел қамтып, Жиделі Байсын күйлерін жинап, жүйелі зерттеу жүргізіп, ғылыми негіздеме жасады. Осы оқу құралын Зәки Ахметов, Рахманқұл Бердібай, Ақселеу Сейдімбеков, Серік Қирабаев, Сейіт Қасқабасов, Шәкір Ыбыраев, Зейнұр Қоспақов, Болатжан Әбілқасымов секілді серкелер М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми кеңесінің шешімімен баспаға ұсынды.
Бұрын Қызылорда музыкалық оқу орындарының бөлімдері шәкірттеріне Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей шығармаларын орындатудан аса алмайтын. Беріктің осы оқулығының арқасында Қызылорда аймағында күйшілік өнер бар және болған деген соны түсінік қалыптасты. Бұған дейін Сыр елінің күйшілік өнеріне қатысты мақалалар жазылып, зерттеулер жасалған болатын. Алайда, бұл еңбектердің ешқайсысы ғылыми күш алып кетпеген. Ал, жас ғалым дәл сол мәселені жіліктеп шағып, жүйелеп қозғады. Осы кешенді еңбектен соң Сыр өңірі өз күйшілерін танып, шығармаларын оркестрлерге қосты. Қызылордада жырдың ғана шырағы емес, күйдің де сарқылмайтын бұлағы бар екенін қазақ елі мойындады. Берік дәл осылай оқытушысына берген сөзін іспен дәлелдеді.
Мені қатар жүрген замандас Беріктің табандылығы тәнті етеді. Ол өзін маңдайға алған іске құлша салады. Сосын оның алғысын алып, марқайып жүреді. «Құлдай қимылдап, бидей рахаттанған» болмысы өзіне жарасып тұрады. Жақын араласқан адам біледі, көп жерде мінезінің дархан күйінен асып кете алмайды. Егер өз ойындағы нәрсеге дендеп ене алмағаныңды білсе, сөзді басқа жаққа бұрып, сені өзімен деңгейлестіріп алады. Бірде, «сенің шығармашылық, азаматтық портретіңді қалай жасасам екен деп жүрмін» деген едім. Күрделі образды оқырманға беру тәсілін таппай біраз қиналғаным рас. «Мені өліп қалды деп ойласаң болды, еркін жазасың» деп рахаттана күлді. Оның риясыз күлкісі менің қаламымды шынымен-ақ еркінсітті. Сонша ғылымның тау қатпарларын сыйғызып жүрген кең кеудесі алдымнан ақ сарайдай ашылып тұрғанда өзімнің тар аямды танытып алғаныма қипақтай бердім. Досқа деген сондай бір сезімімді кезінде өлеңмен де жеткізгенмін.
Тұлғасына қарасам батыр Берік,
Бір көргеннен кеткенмін жақын көріп.
Төрге шықса аумайды төбе биден,
Әулетіне отырған ақыл беріп.
Кенен кеуде, көркем ой, ғалым Берік,
Ақиқатты қорғайтын жанын беріп.
Түн баласы түрегеп жүреді екен,
Құлағына Қорқыттан сарын келіп…
Осылайша оншақты шумаққа созылатын сол өлеңімді Берік өзінің «Адырна» деген кітабына кіргізіпті. Талғамы жоғары, танымы кең адамға мадақ айту үшін оның білім биігіне шықпасаң да, жан дүниесін ұға білуің маңызды.
Кейде осы Беріктің оқымаған кітабы жоқ-ау деп қаламын. Эпикалық дәстүрдің әлемдік деңгейдегі білгірі Альберт Лорд пен орыстың фольклортанушы ғалымы Борис Путиловті абзацтап айтып отырады. Абайды адақтап, Сыр сүлейлерін сарыққан. «Кейде өзімнің бейсаналы түрде жазып жатқанымды байқаймын, кейін сол ғылыми жаңалық деңгейінен көрінеді» дейді өзі. Сөз жоқ, өнер қонады. Ол Берікке қонған. Ал, енді сол өнердің қасиетін ұғыну, оны ұрпақтың бойына сіңіру жолындағы жанкешті бейнетке бару – бұл да бір жынданған адамды еркінен тыс құлантаза емдеп шығарған бақсының әрекеті тәрізді. Оның бейсаналы дегенін мен осы мағынада түсінемін.
Берік – бойында биоқуаты тасып тұратын азамат. Тағат таппайды, тыным жоқ. Егер өнер адамы болмай, кәсіп жасаса, сөзсіз қалаға мешіт, далаға егін салып жомарттығымен танылған бүгінгі байлардың алдыңғы қатарынан табылар еді. Бірақ, мен оны мұндай күйде елестете алмаймын, өйткені ол өнер үшін, ғылым үшін жаралған. Әлімсақта Алла әр пендеге бір міндет жүктейтін болса, онда Берікке осы міндет жүктелген. Мен мұны қиялмен емес, көзім көрген, санам қабылдаған санатта айтып отырмын.
Бар адамға бауырым деп сөйлейтін елуге келген ел азаматына айтар тілегіміз де бар. «Қазақтың күпі киген қара өлеңін шекпен жауып өзіне қайтарған» Мұқағали секілді біздің Берік те халықтың өз қазынасын сусыған құмнан алтынның түйіршігін іздегендей қазып алып, сол халықтың өз қамбасына қайта салып жатқан мұрагер.
Ол – бүгін арқаланған алпинист секілді жасындар ғана жарқ еткен мұзарт шыңның басына шыққан биік бейне.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
«Сыр бойы».
***
Мен қазақ күйлерін қаузай зерттеген адам ретінде мына бір жағдайды сеніммен айта аламын. Ол – Сыр бойы күйлерінің зерттеу нысанасына айналмақ түгілі, әлі толық жиналмай жүргендігі. Мына көлемді де кемел сомдалған еңбек біздің көкейіміздегі сол бір әттеген-ай деген өкінішімізді сейілтті. Қазақ күйінің құлап қалуға айналған тағы бір қабырғасы тіктелді. Берік Жүсіпов он сегіз күйші-композитордың ғұмырбаянын қайта қалпына келтіріп, алпысқа тарта күйді және олардың аңыз-әпсаналарын ғылыми айналымға түсіріп отыр. Автордың жылдар бойғы ізденісін қазіргі жас зерттеушілердің көбінде кездесе бермейтін еңбекқорлық деп бағалаған орынды. Бұл еңбекті тың дерек, соны пайымдарға құрылған күй зерттеу саласындағы жетістіктердің бірі деп айтуға лайық.
Ақселеу СЕЙДІМБЕК,
филология ғылымдарының докторы, профессор.
Қазақ жыршылық өнеріндегі орындаушылық үрдісті жаңа сапалық деңгейге найза бойы биік көтерген, құбылыс таланттың бірі – Берік Жүсіпов. Сонау бір жылдары ініміздің алғашқы шығармашылық кешіне алғысөз айтып, ақ батамды беріп, қадамына сәттілік тілегенім бар еді. Ол – қазақ жыршыларының ішінде «Сыр бойының жыраулық-жыршылық дәстүрі» деген тақырыпта тұңғыш диссертация қорғаған, «Жиделі Байсын күйлері» деген кітабы арқылы мұрағатта жатқан Сыр бойының күйлерін алғаш жарыққа шығарып, бұл күнде «Эпикалық жыршылық: туындатпа және шығармашылық егіз қосарлану мәселесі» деген күрделі тақырыпта докторлық диссертация жазып жүрген бірегей орындаушы, ғалым.
Сыр бойының көптеген терме-толғаулары жыршы Берік Жүсіповтің орындауынан кейін сахналық сипат алып, жаппай танымалдылыққа ие болды. Өз орындаушылары арасынан Берік сияқты жекелеген зерек зерттеушінің шығуы – Сыр бойы музыкалық мұраларының болашағы баянды екенінің бір айғағы.
Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ,
филология ғылымдарының докторы, профессор.
Бір басында екі адамның өнері, бойында бес еркектің буы бар деп біздің Берікті айтуға болады.
Есенғали РАУШАНОВ,
ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.
***
Мен қазақ арасында кең таралған жыраулық өнерге шексіз тәнтімін. Жақында біз Мұрат Мұхтарұлы бас болып, Қазақстанның делегациясымен Иранның солтүстік аудандары – Мазандаран мен Гүлстан губернияларында болып қайттық. Осы делегациямен М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының докторанты Берік Жүсіпов есімді азамат та барған еді. Оның даусы микрофонсыз-ақ бір шақырым жерге еркін жетті десем, өтірік айтпаған болар едім. Соншалықты екпінді, таңғажайып дауыс.
Сафар АБДУЛЛО,
иран-парсы әдебиетінің маманы.
Бекең жиырманың ішінде-ақ қырықтағы ағалардың сөзін сөйлейтін. Қай кезде де ірі турап, ірі кескен екен. Әне бір жылы Алматыға отбасыммен барғанымда Бекеңнің үйінде қонақта болдық. Гүлфайруздың мол дастарханынан дәм татып отырып, ай бір әңгіме ағылды дейсің. Маралтай екеуміз бас шұлғумен отырдық. Бекеңнің мұрағат қорын көріп, керемет таңғалдым. Қазақстандағы, сыртта жүрген қазақтар арасындағы жыршы-жыраулардың бәрін дерлік іздеп тауып, туындыларын таспаға түсірген екен. Өзбекстандағы атақты Қалдаш жырауды бірнеше рет Алматыға алдырып, жырлатыпты. Зағип жыраудың ақтарыла жырлап отырған бейнесін көріп, толқып кеттім. Қызылордада облыстық мәдениет басқармасында басшы болып жүргенде сондағы жыршылардың денінің дерлік сөзін таспаға жазыпты. Маған біраз үнтаспа сыйлады. Осы күні соларды тыңдап жатып, рақаттанамын. Сен жайында жазылар сөз, бұйырса, алда әлі.
Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ,
ақын, «Ақтөбе» газетінің бас редакторы.
***
Әуелде шал болып туған мен білетін екі адам бар. Оның бірі – Әбіш Кекілбаев, екіншісі – біздің Берік.
Темірхан МЕДЕТБЕК,
ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<