Мәжіліс депутаттары аймақтарды аралап жүр

369

0

Мәжіліс депутаттары аймақтарды аралап жүр Мәжіліс депутаттары өңірлерге аттанып, халықпен және еңбек ұжымдарымен кездесіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Алғашқы кездесулер Қарағанды, Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстарында, сондай-ақ Астана мен Шымкент қалаларында өтті. 

Парламент депутаттары халықты Мемлекет басшысының негізгі бағдарламалық құжаттары мен бастамаларын іске асыру үшін қабылданған заңнамалық жаңалықтар туралы хабардар етті. Сонымен бірге, үшінші сессияның заңнамалық қызметінің нәтижелері туралы әңгімеледі. Бүгінгі таңда қаралған 129 заң жобасының 84-і қабылданған. Кездесуде Президенттің бес әлеуметтік бастамасын іске асыру тетіктері ерекше сөз болды. Айталық, Мәжіліс депутаттары Гүлнар Бижанова мен Серік Сәпиевтің Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы Қушоқы ауылындағы «Ботақара жылу» еңбек ұжымымен кездесті. «7-20-25» бағдарламасы бойынша тұрғын үй алудың тетіктері жайлы мәлімет берді.  Кездесу барысында аудан үшін өзекті мәселелерге де назар аударылды. Атап айтқанда, 60 жылдардың басында салынған жергілікті су желілерін қалпына келтіру мен жедел жәрдем бөлімшесінің жабылуы сияқты проблемалар көтеріліп,  өз кезегінде  Мәжіліс депутаттары бұл мәселелерді дербес бақылауға алды. Ал Мәжіліс депутаттары Павел Казанцев, Бақытжан Ертаев және Жанат Омарбекова мен Юрий Тимощенко Астана қаласындағы «Еврокоптер Казахстан Инжиниринг» ұжымымен кездесіп, инновациялық әлеует, сондай-ақ зауыт тікұшақтарын қолданатын туризм индустриясын дамыту жайын талқылады. Депутаттардың пікірінше, бұл үшін қажетті заңнамалық нормаларға назар аудару керек, сондықтан алдағы сессияда тиісті заң жобасы Мəжілістегі жұмыс топтарында талқыланады.

Сапар барысында Мәжіліс депутаттары Елбасының негізгі тапсырмаларының жер-жерлерде қалай іске асырылып жатқанына да назар аударуда. Орал қаласындағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына барған депутаттар Снежанна Имашева, Евгений Козлов, Глеб Щегельский және Сергей Симонов Батыс Қазақстан облысының цифрландыру мәселелеріне назар аударды. Ал, Абзал Ералиев, Бақытбек Смағұл және Геннадий Шиповских секілді халық қалаулылары Қызылорда облысына жасаған сапары аясында Жаңақорған ауданындағы SKZ-U күкірт қышқылы зауытының қызметкерлерімен кездесті. Мұнда қоршаған ортаға зиян келтірмейтін алдыңғы қатарлы экологиялық қауіпсіз технология мен энергияны үнемдеу әдістері кеңінен қолданылуда. Зауыт жұмысының нәтижелерімен танысқан Мәжіліс депутаттары кәсіпорынның ел экономикасын дамытуға қосқан елеулі үлесін атап өтті. Сондай-ақ, Парламент депутаттары өндірілген өнімнің халық шаруашылығында кеңінен қолданылатынына сенім білдірді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<