Кеше Əбу-Даби ханзадасы шейх Мұхаммед бен Заид Əл Нахаян Қазақстанға ресми сапармен келді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ханзаданы Ақордада қабылдап, медальмен марапаттады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Қазақстан Президенті Əбу-Даби ханзадасын Астананың 20-жылдығы медалімен марапаттады.
«Жиі кездесудің арқасында арамызда туысқандық, бауырлық қарым-қатынас, ал екі ел арасында түрлі салада байланыс нығайып келе жатыр. Сауда-саттығымыз екі есе артты. Алдымызда көп мақсаттар бар. Инвестициялар, салық мәселесі бойынша келістік. Бүгін мəдениет саласындағы құжатқа қол қоямыз. Тағы алдымызда көп шешетін мəселелер бар. Тəуелсіздіктің бірінші күнінен бастап Араб Əмірліктері Қазақстанды қолдап келе жатыр. Қарым-қатынасымыз өсіп келе жатыр. Оған визасыз қатынасқа қол жеткізгеніміз дәлел», – деді Назарбаев.
Елбасы Астанада БАƏ көмегімен мектеп салынғанын жəне өзге салада да қолдау көрсетіліп келе жатқанын айтты.
«Қазір Əбу-Даби плаза деген үлкен кешен салынып жатыр. Шейх Мансұрмен жұмыс істеп жатырмыз. Бірақ, кішкене тездету керек. Құрылысты созып кетті», – деді Мемлекет басшысы.
Ал Əбу-Даби ханзадасы Нұрсұлтан Назарбаевты үлкен ағасы ретінде құрметтейтінін айтты.
«Сіздің мол тəжірибеңіз бізге үлгі. Қазақстанда болған өзгерістерге келсек, 30 жылдай бұрын осылай болады деп ешкім ойламаған. Ал қазір Қазақстан осы аймақтағы ең беделді мемлекетке айналды. Бұның негізгі себебі – сіздің көзқарасыңыз бен парасаттылығыңыз. Екі ел арасындағы қарым-қатынасты одан əрі дамытуымыз керек», – деді Мұхаммед бен Заид Əл Нахаян.
Кездесу барысында бірқатар маңызды келісімге қол қойылды.
Еске сала кетсек, биылғы наурызда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Араб Əмірліктеріне ресми сапармен барып, ханзадамен келіссөздер жүргізіп, бірқатар маңызды құжатқа қол қойған болатын. Сол сапарында Елбасы ханзаданы Қазақстанға шақырған еді.
Атап өтсек, Астанадағы Əбу-Даби плаза кешенінің салынғанына бірнеше жыл болды. Оның құрылысы мерзімінен кешігіп жатыр əрі бірнеше рет өртке оранған болатын.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<