Уығы берік, керегесі кең, шаңырағы биік, бақытты отбасы – мемлекет дамуының алғышарты. Сондықтан да, Елбасы бастамасымен елімізде «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы тұрақты өткізілуде. Байқаудың қалалық, облыстық, республикалық іріктеуіне қатысқан үміткерлер өздерінің еңбектегі, спорттағы, шығармашылық, зияткерлік және ғылым жолындағы жоғары жетістіктерін танытуда.
Жуырда осы байқаудың республикалық кезеңінен жерлестеріміз жүлдемен оралды. Отасқандарына 62 жыл болған шиелілік Ишанқұловтар отбасы дипломант атанып, марапат төрінен табылды. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жеңімпаз отбасымен арнайы кездесіп, оларға «Нива-Шевроле» автокөлігінің кілтін табыстады.
– Қазақ халқы қашанда отбасын қасиетті шаңырақ ретінде бағалап, зор маңыз беріп, көзінің қарашығындай қорғаған. Отбасының ар-намысын сақтауға, ұрпақ өсіріп, тәрбиелеуге, өз ұрпағының елге адал қызмет етуіне аса мән берген. Осындай дәстүрлі құндылықтар қазақтың қаймағы бұзылмаған Сыр өңірінде ерекше сақталуы заңдылық деп ойлаймыз. Отбасы алтын ұя, киелі шаңырақ болса, сол шаңырақтың мұрагері, ұрпақ жалғасы балалар болып табылады. Балаларының бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп тәрбиелеп отырған Сыр елінің сіздер сияқты өнегелі отбасыларына айтар алғысымыз шексіз, – деді аймақ басшысы.
Кездесу барысында Еңбекші ауылының тұрғыны, отағасы Ерғали Ишанқұлов Елбасы мен өңір басшысына қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді.
– Елімізде «Мерейлі отбасы» байқауын ұйымдастыруға бастама көтерген Елбасыға, сіздерге айтар алғысымыз шексіз. Бұл – тәрбиелік мәні бар байқау. Ұлағатты отбасыны халыққа, елге танытып, үлгі етіп, сол арқылы жас ұрпаққа тәрбие беруде оның маңызы зор, – деді Ерғали аға.
Үлкен әулеттің анасы Бахира Камардинқызының айтуынша, бірінші орынға үй ішіндегі тату тірлік пен кішіпейілділікте жатыр. Сонда ғана бақыттың шыңына жетуге болады. Бүгінгі айрандай ұйып отырған Ишанқұловтар отбасы соның дәлелі. Мәуелі бәйтеректің саясында 61 немере, 46 шөбере, 1 шөпшек бар. Отағасы ұзақ уақыт агроөнеркәсіп саласында қызмет еткендіктен, балаларының көбі де осы да салаға бет бұрған. Қазір олар атакәсіпті жалғастырып, мал шаруашылығымен айналысып келеді.
Айта кетейік, биыл байқау ережесіне сәйкес ұлттық кезеңге қатысуға облыстан бас жүлде алған Бәйменовтер мен бірінші жүлделі Ишанқұловтар отбасы ұсынылған. Нәтижесінде жоғарыда аталған Ишанқұловтар отбасы байқаудың дипломанты атанды. Бұдан бөлек, алғаш рет Астана қаласының 20 жылдығына және республикалық конкурсқа 5 жыл толуына орай гран-приден бөлек 2 отбасына жүлделер табысталды.
Суретті түсірген Н.Нұржаубай.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<