Ноғай суретшісі Қызылордада «Қорқыт даласы» көрмесін ұсынды

320

0

Ноғай суретшісі Қызылордада «Қорқыт даласы» көрмесін ұсынды Қызылорда қаласындағы көркемсурет галереясында туысқан ноғай халқының жас график суретшісі Әлібек Қойлақаевтың «Қорқыт даласы» атты көрмесі 10 күн бойы Сыр өңірі тұрғындары назарына ұсынылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Көрме 14-24 маусым аралығында өткізіледі. Сондай-ақ, Ә. Қойлақаев галерея студиясында жергілікті жас суретшілеріне шеберлік дәрісін жүргізеді. Бұл шара Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынып отыр.
Әлібек Баймұратұлы Қойлақаев 1982 жылы Ресейдің Дағыстан Республикасы аймағындағы Терекли-Мектеб аймағына қарасты Ноғай ауданында дүниеге келген. Өзінің айтуынша, ол сурет салу өнерін 3-4 жасынан бастаған екен. Қылқалам шебері Дағыстанның Махачхала қаласындағы көркем сурет училищесі мен Краснодар мемлекеттік мәдениет және өнер университетінде білім алды.
«Сыр өңірі – түбі бір түркі халқы үшін киелі мекен. Түркі жұртының ортақ абызы – Қорқыт ата мәңгілік мекенін тапқан қастерлі топырақ қашанда біздер үшін жоғары бағаланады. Мен осындай тарихи аймаққа қадам басып, сіздермен жүздесіп отырғаныма өте қуаныштымын. Осы сапарымда Қорқыт ата кешеніне арнайы бардым. Одан алған әсерімді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Ерекше толқыныста болдым. Өздеріңіз де байқаған шығарсыздар, менің шығармашылық жолымдағы негізгі тақырыбым – түркі әлемі. Бүгінгі көрме тақырыбы да соған сәйкес. Қорқыт атадан бастап Еділ патша, Томирис ханшайым, Едіге батыр, Шыңғыс хан секілді көптеген суреттерді жарыққа шығардым. Бұл – менің жаныма өте жақын. Сондықтан осы бағытта үнемі ізденісте жүремін. Әрбір ұлт өзінің түп-төркініне үңілуге тырысады, Біз қазақ халқымен өте жақын, туыс екенімізді білеміз. Сол себепті бауырлас қазақпен етене жақын араласуға ниет танытамыз. Жалпы, ноғайдың жалпы саны 110 мыңға жуық. Олардың 103 мыңға жуығы Ресейде тұрады. Түбі бір түркі жұртының тарихы мен тұлғаларын қылқалам ұшында сөйлетуге әрдайым асықпын», – деді Ә.Қойлақаев ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.
Өзінің айтуынша, университет қабырғасында жүргенде «Ноғай даласы» тақырыбында дипломдық жұмыс қорғаған. Ол өз туындыларын қауырсын және тущьпен салады.
Көрменің ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов «Біз Әлібек бауырымыздың туындыларын тамашалай отырып, қаншама ізденісті байқаймыз. Графика өнері – оңай сала емес. Оған ұшқыр қиял, терең білім қажет екені белгілі. Біз Әлібектің туындыларынан сондай ерекше көріністерді көріп отырмыз», – деді.
Әлібек Қойлақаев графика өнерімен қатар сәнді киімдердің дизайнері, кітап иллюстраторы болып еңбек етеді. Оның бұл дүниелері де жоғары сұранысқа ие.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<