«НҰР ОТАН» – ЕЛМЕН ЕТЕНЕ, ӘЛЕУМЕТПЕН ӘРІПТЕС

2160

0

филиал туралы мәлімет  
«НҰР ОТАН» – ЕЛМЕН ЕТЕНЕ, ӘЛЕУМЕТПЕН ӘРІПТЕСЕлбасы Н.Назарбаев жетекшілік ететін «Нұр Отан» партиясы қазақстандық көшбасшы партия ғана емес, әлемдік деңгейде де бағыт-бағдары айқын және даму барысы дараланған биіктігімен бағалы болып отыр. Мемлекет басшысы дәстүрлі Жолдауында «Нұр Отан» партиясына басымдық беріп, қоғам тынысындағы қайбір мәселе болмасын партияның араласуына жол ашып келеді. Сондықтан бүгін «Нұр Отан» партиясының «Қазақстан. 2017 мақсаттары. Ұлттық іс-қимыл жоспары» сайлауалды тұғырнамасын, «Қазақстан-2050 стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауын негізге алып, жауапкершілік пен міндеттер тұрғысында тоқталудың маңызы зор. 
Партияның XІV съезінде «Халықтық ұйымға айналған «Нұр Отан» менің бастамаларыма қолдау көрсетіп, іргелі істердің ұйытқысы болуда» деген еді Партия Төрағасы. Бағдары айқын, болашағы жарқын партияның біздің аймақтағы қадамы да тың серпіліспен, жаңа тыныспен алға бастап келеді.
Партияның халықтық маңызына сай тұрғындар сөзі қашанда үстем, біз – халық қызметшілеріміз. Сондықтан уақыт үдесінде қандай қиындық болмасын, халықтың қиналмауы үшін барымызды саламыз. Бүгінде біздер тұрғындардың әлеуметтік жағдайын ескеріп, ахуалы ауыр аудандарда көшпелі қабылдаулар жасап келеміз, өзекті мәселелерді дер кезінде шешу үшін атқарушы билікті қатыстырамыз. Мұның елеулі игілігі болды және бола береді. 
Біз, нұротандықтар, Елбасының стратегиялық жоспарын іске асыруда оның сенімді тірегі болып табыламыз және экономикалық дамудың жоғары қарқынына қуат қосып, азаматтардың әл-ауқатының бұдан әрі өсуіне өз үлесімізбен қызмет етеміз.
Жалпы, әлеуметтік жаңғыртудың астары әрбір нақты адамға арналғанын, оның өмір сапасын көтеруге бағытталатынын білгеніміз жөн. Мұны біз болашақ бағдарымыз деп бағамдасақ одан ұтарымыз да көп, тиімді мүмкіндігі де мол. Сол себепті қоғамның жаңару процесін қалыптастырудың маңызы зор.
1. «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы Қызылорда облыстық филиалында 11 қалалық және аудандық филиал бар.
2. «Нұр Отан» ХДП Шиелі аудандық филиалы ғимараты 2009 жылы желтоқсан айында берілді. Биыл 6 аудан және Қызылорда қалалық партия филиалдарына жеке ғимарат салу жүзеге асып отыр.
3. Бүгінгі таңда Қызылорда облыстық филиалында 283 бастауыш партия ұйымы, 37814 партия мүшесі бар.
4. Жыл басынан қоғамдық саяси жұмыстар бағытында республикалық желілік кестемен 22 шара ұйымдастырылды. Оның ішінде индустриялық-инновациялық даму жобасы, « Жұмыспен қамту – 2020», «Халықтық ІPO», «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламаларының орындалу жайы қозғалды. Партияның арнайы жобалары бойынша «Ардагерлерді ардақтайық», «Киелі мұрамызға тағзым», «Тұсау кесер», «Өз тіліңді құрметте», «Гендерлік мәселелер бойынша жұмыс», «STOP Қылмыс», «Шексіз мүмкіндіктер») акцияларымен 24 шара өткізіліп, оған 1859 адам қамтылды. Ал, облыстық желілік кесте бойынша 275 шара өтті, оған 16281 адам қатысты. 
5. Қоғамдық қабылдау қызметіне жыл басынан 905 арыз-шағым түсті. Арыздардың тиісті жауабы алынды. 
«Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» жастар қанатында облысымыз бойынша 10000 астам жас бар. Әрбір әлеуметтік маңызды мекемелерде бастауыш бөлімшелерін ашты. Қоғамның түйткілді мәселелерінде «Жас Отанның» шешуші рөлі айқындалып келеді.
САЯСИ КӨШБАСШЫЛЫҚ ЖЕМІСІ
Еліміздің жетекші партиясы «Нұр Отан» ХДП-ның бүгінгі таңда көшбасшылығы айқын көрінуде. Бұл туралы ел Президенті Н.Ә.Назарбаев: – XXІ ғасырда мемлекет пен саяси көшбасшылықтың рөлі бұрынғыдан да салмақты бола түсті. Сондықтан Қазақстанды нығайтудағы ерекше миссия «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясына тиесілі. Бүгінде «Нұр Отан» Еуропа мен Азиядағы жетекші елдердің ірі партияларының жолымен дамып келеді. «Нұр Отан» партиясы – бұл шешімдерді іске асыруға қабілетті, күшті саяси ерік-жігердің қуатты көзі, елді дамытудың ірілендіруші секторы, – деп атап өткен болатын. Мемлекет, партия тарапынан ауылға үлкен қамқорлықтар жасалуда. Соның нәтижесінде елді мекенде балабақша, пошта тәрізді жаңа ғимараттар бой көтеріп, ауылдық аурухана күрделі жөндеуден өтті. Ауылдың ауыз су кешені жаңартылып, ол шет аймақтарға дейін тартылды. Бұл игі істе партия белсенділері үлкен жұмыс атқарды. 
«Шаған жер» ЖШС қызу еңбек пен нәтижелі жұмыстардың арқасында 3200 гектар алқаптан 1 млн. пұт Сыр салысын жинап, толағай табысқа қол жеткізді. Бұл шаруашылық тарихында 34 жылдан кейін қайталанып отырған жоғары көрсеткіш. Ауыл шаруашылығының өндірісі елімізде кең етек жайып отыр. Мемлекеттік қолдаулар арқасында бұрын шатқаяқтап қалған шаруашылықтар дамудың арнасына түсті. Күшке салып жасалатын жұмыстарға технологиялар тартылып жұмыс күші біршама жеңілдетілді. Еңбектің наны әркез тәтті болары сөзсіз. Бүгінгі еліміздің дамуына қарап отырсақ, жаңашылдық пен қарқынды қозғалыстың лебі еседі. Ауыл шаруашылығының дамуы шағын және орта кәсіпкерліктің шабыттануына ықпал етуде.  
Партия мүшесіне қандай талап қойылсын, оның адами руханияты асқақ болғаны керек. Сонда ғана партия имиджі өсіп, қызметі өркен жаяды. Біз Елбасы алға қойған мақсаттарды орындау үшін ортақ іс-қимыл жасауға міндеттіміз. Осы жауапкершілікті әрбір партия мүшесі сезінуі керек. Алдымызда «Нұр Отан» партиясының ХV съезі тұр. Осы ірі саяси шараға жақсы қадаммен, жақсы жұмыс нәтижесімен барамыз деп ойлаймын. Шәкәрім атамыз айтқан емес пе, «Бар ғылымның түп атасы – Таза ақылмен ойлану» деп, ендеше таза ақылмен, адал еңбекпен алдағы үлкен белестерді бағындыруға сәтті қадам болсын! 
Бердібек ҚАДІРОВ,
«Шаған Жер» ЖШС-нің директоры, «Нұр Отан» ХДП мүшесі. 
АНА МЕН БАЛА САУЛЫҒЫ – БӘРІНЕН ҚЫМБАТ
«Нұр Отан» – аймақтарда тарам-тарам желілері бар, қатары көп, жалпыхалықтық билікшіл партия. Біз қаншалықты әртүрлі болсақ та, бәрімізді адамның амандығы, бостандық, бірлік, ар-намыс, әділеттілік, заңның ұлықтығы, отбасы мен дәстүр-салт, болашаққа ұмтылыс секілді құндылықтар біріктіреді. Бұлар Қазақстанның тәуелсіздігін нығайту кезеңінде қалыптасып, партияның жаңа Доктринасында бекітілген. Біз қызметте де, жеке өмірімізде де осы құндылықтарды басшылыққа ала жүреміз.
«НҰР ОТАН» – ЕЛМЕН ЕТЕНЕ, ӘЛЕУМЕТПЕН ӘРІПТЕС«Қызылорда қалалық перзентхана» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны ұжымында «Нұр Отан» ХДП бастауыш партия ұйымы 2007 жылдың қаңтарында құрылды. «Перзентхана Саулет» бастауыш партиясының төрайымы перзентхана бас дәрігері Г.Жұмашева. Қазіргі таңда перзентхана ұжымында 350 медицина қызметкерлері жұмыс атқаруда, оның 174-і бастауыш партия ұйымының мүшелері, ал 78-і жас отан ұйымының мүшелері, бұл бүкіл ұжымның 72 % құрайды.  
Ана мен бала денсаулығын қорғау біздің мемлекеттің басты бағыттарының бірі екені баршамызға аян. 
Елбасының жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауында ана мен баланы қорғау мәселелеріне ерекше назар аударуда. Жолдауда Елбасы «Ана мен бала денсаулығы еліміздің басты байлықтарының бірі. Оған сергек қарау, жауапкершілікті сезіну мойнымызға жүктелген үлкен міндет»- деп атап өтті. Кез келген қоғам үшін ана мен бала денсаулығын қорғау – өзекті мәселе. Еліміздің болашағы ана мен балаға байланысты. Ана барда бала бар, бала барда болашақ бар. Қазақ атамыз: «Бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық – ақ жаулық», «Дені саудың – тәні сау» деп айтып кеткен. Өйткені, денсаулығы жақсы ана ғана дүниеге дені сау ұрпақ әкеледі. 
Біздің облыста да ана мен бала денсаулығын қорғау және ана мен бала өлімінің алдын алу үшін біраз нәтижелі жұмыстар жасалды. Осы атқарылған жұмыстардың арқасында ана мен сәби өлімдерінің көрсеткіштері жылдан жылға төмендеп келе жатыр.
Қалалық перзентханада барлығы 61 дәрігер және 152 орта буын медицина қызметкері аянбай еңбек етуде, оның 40 пайызын жас мамандар құрайды. Мекемеде жұмыс жасап жатқан медицина қызметкерлерінің білімін үнемі жетілдіру, жаңа технологияларды меңгеру үшін жақын және алыс шетелдерде оқыту әкімшіліктің басты міндеті. Сондықтан да 2012 жылы барлығы 40 дәрігер білімін қөтерсе, оның ішінде 4 дәрігер Англия, Жапония, Израиль, Литва елдерінде оқып келді.
Ана мен сәбиге медициналық көмекті жақсарту үшін қалалық перзентханада біраз енгізулер жасалды. Мәселен, халықаралық стандарттарға сәйкес емдеу және диагностикалауда клиникалық протоколдар енгізілді; 2007 жылдан бастап ана мен бала денсаулығын қорғауда тиімді перинатальды технологиялар қолданылуда және «Қауіпсіз ана болу” бағдарламасы бойынша жүктілікті және босандаруды жаңа тиімді әдістерді қолдану арқылы жүргізу (жеке босану бөлмесі, серіктестік әдіспен босандыру, босану кезінде әйелдің еркін қозғалуы, жүруі, тұруы, өзіне ыңғайлы түрде босануы, ана мен нәрестенің бірге болуы, босанудың ІІІ кезеңін белсенді жүргізу, партограмманы кеңінен қолдану – босанудың графикалық жазылуы, кіндік қалдығын құрғақ әдіспен жүргізу, ана сүтімен қоректендіру, жылылық тізбегін сақтау) – бүкіл әлемде қолданылатын өте қымбат дәрі-дәрмектермен толық көлемде қамтамасыз етілген.
Қалалық перзентхананың әкімшілігіне халықтан арыз-шағым түскен жағдайда, мекемеде құрылған «Нұр Отан» ХДП бастауыш партия бюросы мүшелерімен ішкі аудит мүшелерімен бірге қаралады. Науқастардан, халықтан пайда болған ауызша арыз-шағымдары «Сол жерде және сол уақытта» деген принциппен шешілуде.  
Құралай БЕГІМОВА, 
 қалалық перзентхананың бас медбикесі, «Нұр Отан» ХДП мүшесі.
БАЛАМ МЕНІҢ СТУДЕНТ
Қай ата-ана баласын жаман болсын дейді. Біздің ендігі ғұмырымыз перзентіміздің болашағына тілекші болып, солардың өмірден өз орнын тапқанын көзімізбен көрумен жалғасса дейміз. Сондықтан «солар оқысын, жұмысқа орналассын», деп іштей тілейміз. 
Мен «Алтын алқа» иегері, көпбалалы анамын. Қазір зейнеттемін. Жолдасым жұмыссыз. Өткен жылы №212 орта мектепті жақсы бітіріп, Ұлттық бірыңғай тестілеуден 75 балл жинаған ұлым Батырхан мемлекеттік грантқа ілікпей қалды. Бұл жағдай бізді уайымдатып қойды. Содан көмек сұрап, «Нұр Отан» ХДП Қызылорда облыстық филиалына өтініш жаздық. Биыл Қызылорда облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев көпбалалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балаларына «100 грант» бөліп отыр. Міне, мен осы жеңілдікке үміттендім.
Сәті келсе, бәрі де мүмкін екен ғой, партияның араласуымен менің үмітім ақталды. Балам Батырхан Бақытжан Қ.Сәтпаев атындағы Ұлттық техникалық университетінің радиотехника, электроника және телекоммуникация мамандығы бойынша облыс әкімінің грантына ие болды. Осы қуаныш біздің төбемізді көкке жеткізді. «Нұр Отан» партиясына мың алғыс, елдің мерейін асқақтата берсін!
С.БАЙСАЛБАЕВА,
Қызылорда қаласы, Кетебаев көшесі, 103 үй тұрғыны.
БАСТАУЫШ ҰЙЫМ – ПАРТИЯ ҚЫЗМЕТІНІҢ СЕНІМДІ КҮШІ
«Нұр Отан» партиясы және 80-жылдық тарихы бар М.Мәметова атындағы гуманитарлық колледжі бірлесе отырып тығыз қарым-қатынаста жұмыстар атқарып келеді. «Нұр Отан» партиясы Қызылорда қалалық филиалы колледжіміздің «Ұстаз» атты БПҰ-бюро мүшесін сенімді әріптес, серіктес ретінде таниды және құрметтейді. Себебі еліміздің атқамінер азаматтары мен қоғам қайраткерлері, еңбек ерлері, ұстаздар және жаңашыл азаматтар мен жастар мемлекеттік биліктің басқару бір түрі партия деп біледі. Қашаннан алысты болжап, биікті межелейтін Елбасының өзі «Нұр Отан» ХДП-ның бақылаушы төрағасы ретінде партия тізгінін қолға алғаны белгілі. Қазақстан бүгінгі күні іргесі берік, ынтымағы жарасқан, экономикасы күннен-күнге, инновациялық-индустриалды бағытта дамыған қуатты мемлекетке айналуда. 
Қазіргі таңда гуманитарлық колледжде 60 қызметкеріміз партия мүшесі болып қабылданды. Оның 30-жасқа дейінгілері – 12, 31-40 жас аралығы – 16, 41-50 жас аралығы – 18, 51-60 жас аралығы –12, 60-жастан жоғары 2-еу.
Колледжіміздің бастауыш партия ұйымында 2012-2013 оқу жылында ұстаздар бірқатар жұмыстарға белсенділік танытып, еліміздің саяси жұмыстарына үлестерін қосып келеді. «Ұстаз» бастауыш партия мүшелері 2011-2012 оқу жылының қазан, наурыз айларында Күлпан Қарабалаева және Қанат Төремұратов Алматы қалалық республикалық жоғарғы партия мектебінде үш күндік оқуын оқып, сертификат иеленді. Қазіргі таңда бастауыш партия ұйымы мүшелері облыстық, қалалық партия жиындарына қатысып акциялар, дөнгелек үстелдер, түрлі тақырыптағы кезесулерде ой пікірлерін айтып, іс-шаралар жұмыстарында белсенділік танытып келеді.  «Бұлақ көрсең, көзін аш» деп ата-бабамыз айтқандай, сонымен қатар колледжімізде оқушылардан құралған «Жас Отан» жастар қанаты қоғамдық бірлестігінің белсенді студент жас мүшелері жұмыс жасауда. «Жас Отан» жастар қанаты мүшелерінің атқарып жүрген қыруар жұмыстарына көңілің толады. Себебі «Жас Отан» жастар қанаты қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалымен бірігіп колледжімізде жастар саясатын жүргізілуін қолға алуы, «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша жұмыстар атқарып, дебат орталықтарын құрып Республикалық деңгейде «Ой-дода» пікір сайыстарында жетістіктермен оралып жүруі колледжімізге қосқан үлесі деп білеміз. 
«Нұр Отан». Нұрлы болашақ жолында!» атты партияның саяси доктринасы жобасы жасалып, ұсынылып отыр. Доктрина – партияның даму стратегиясын айқындауға арналған маңызы зор іргелі құжат. Мұнда партияның идеологиясы нақтыланып, ұзақ мерзімге арналған негізгі құндылықтары айқындалған. 
Біз колледжіміздің партия мүшелері, Елбасының салиқалы саясатын қолдай отырып, мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне аянбай өз үлесімізді қосуды және жастарға насихаттап жүруді басты бағыт еттік. 
 Талғат ЖОЛДАСҰЛЫ,
 М.Мәметова атындағы гуманитарлық колледжі тарих пәнінің мұғалімі, «Нұр Отан» ХДП мүшесі.
ЫНТЫМАҒЫ ЖАРАСҚАН ЕЛМІЗ
Дамудың серпінді жолын таңдаған мемлекетіміздің жаңаша сипатын қалыптастыруға біз, әрқайсымыз, мүдделіміз.
Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мемлекеттің бүгінгі жарқын белесін қалыптастырған, болашағын айқындайтын сындарлы саясатының жергілікті жерде табысты жүзеге асуы ең алдымен халықтың қолдауына, сеніміне байланысты
Жақында өткен жергілікті әкімдерді сайлаудың жаңаша тәртібі де сындарлы мақсатты көздейді. Әкімдердің құзыреті күшейтіліп, қаржылық жағдайының дербестенуі елді мекендердегі әлеуметтік мәселелерді оңтайлы шешуге, ел-халқының қалыпты тұрмысына бағытталған жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді.
Елбасының «Қазақстан-2030» стратегиясын мерзімінен бұрын жүзеге асыруда атқарылған істер аз емес. Ауылымызда ауыз су және аяқ су мәселесі түбегейлі шешілген. Ауылдың инфрақұрылымы жаңаша өрістеп келеді. Жаңа мектептер салынды. Ауылда «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша үкіметтік несиеге қол жеткізген 12 кәсіпкер бар. Олардың бірі жылқы өсірумен айналысса, енді бірі құрылыс материалдарын дайындайды. Енді тағы бірі мал бордақылаумен айналысып келеді.
Елбасының «Қазақстан – 2050» Стратегиялық бағдарламасының басты бағыты – халықтың әлеуетін көтеру, инновациялық-инфрақұрылымдық талаптарын көздеу, Осы бағыттар бойынша жұмыстарды іске асыруға аймағымыздағы алғышарттар жетерліктей дәрежеде. 
Тұрғындардың рухани сауаттылығы мен әдеп-салтын қалыптастыруда халықтық дәстүрімізге негізделген мәдени шаралар, тағылымды жиындар жиі ұйымдастырылады. Осы жұмыстардың барлығында ел тағдыры үшін жауапкершілікті мойнына алған, Елбасының барлық стратегиялық жоспарларын іске асыруға сенімді тірек «Нұр Отан» партиясының қолтаңбасы айрықша.
Қай кезеңде болсын, елдің дамуының негізгі шарты – еңбек. Еңбек егесін игілікке жеткізеді. Ал елдің өркендеуі әр азаматтың еңбекқорлығына байланысты. Бұл орайда өзім туып-өскен, бүгінде тыныс-тіршілігіне тіреу болып, басқарып келе жатқан Сунақата округінде де орын алған өзгерістер аз емес. Ауылда әрбір еңбекке жарамды азамат өз бойындағы қабілет-қарымына қарай жұмыс жасап, өзінің де, елдің де тұрмысын жаңғыртуға атсалысуда. Ауылдың сәулетін арттырып, жаңаша келбетте тұрғын үйлер салып, қоныстанушы отбасылар көп. 
Тәуелсіздік жылдарының басты жемісі – Ел президентінің мемлекеттік бағыт-бағдары ел дамуының басты кепіліне айналып отыр. Осы бағытта бірнеше онжылдықтағы болашақ құндылықтарын айқындайтын басты құжат-Доктринаны күнделікті жұмысымызда басшылыққа алатын бағдарламамыз болады дегім келеді.
«Нұр Отан» Нұрлы болашақ жолында!» миссиясына кіріскелі отырған «Нұр Отан» партиясының елімен бірге жасай беруіне тілектеспін.
Әзия ҚЫСТАУБАЕВА,
Жаңақорған ауданы, Сунақата ауылдық округінің әкімі, «Нұр Отан» ХДП мүшесі.
ӨМІР СҮРУ САПАСЫ ЖАҚСАРАДЫ
Партияның алдағы кезектен тыс ХV съезін өткізу аясында барлық жерде ұзақ мерзімді кезеңге партияның идеялық-дүниетанымдық көзқарасы және құндылықтар бағыты баяндалған. Партияның жаңа саяси Доктринасын белсенді талқылау жүріп жатыр. Доктрина мемлекет басшысының «Қазақстан-2050» стратегиясын саяси қолдауға және идеологиялық сүйемелдеуді қамтамасыз етуге бағытталған елді кешенді дамыту жоспары секілді жүйелі және масштабты сипатқа ие.
Доктрина Қазақстанның тағдырына жауапкершілік алуға қабілетті. Ел азаматтарының басым көпшілігіне жақын және түсінікті игі мақсаттарды қолдайтын барлық күштерді біріктіру идеясына негізделген. Доктрина алдағы болашақта біз еліміздің және оның азаматтарының өмірі қандай болғанын қалаймыз деген жалпы түсінікті біріктіреді. Доктринада 7 басымдық белгіленген. Бірлік және келісім Доктринаның бірінші басымды бағыты. Бұл кездейсоқ емес, ішкі саяси тұрақтылық нығайту және қоғамдық келісім партия қызметінің басымды бағыты болып табылады.
Жаңа Қазақстандық патриотизм негізінде мәдени ерекшелік пен дәстүрлі рухани құндылықтарды сақтау Доктринаның екінші басымдылығы болып табылады. Жалпы табысқа қол жеткізу үшін әр азаматқа өмір сапасына, қауіпсіздігіне, тең мүмкіндіктерге және перспективаларға кепілдік бере отырып, әр азаматтың бойында жаңа Қазақстандық патриотизмнің рухани құндылықтарын қалыптастыруымыз керек. Мықты экономика Доктринаның үшінші басымдылығы ретінде белгіленген. Қазіргі таңда объективті шарттар төмендегідей экономикалық серпіліс, жаңарту және индустрияландыру, жаңа өндірістерді ашу, инновациялық жобаларды мемлекеттік аппарат пен даму институттары есебінен ғана жүзеге асыра алмаймыз. Жеке бастамалар, білікті мамандар, кәсіпқой басқарушылар керек. Партия қазақстандық экономиканың өсуін қамтамасыз ететін перспективті форма ретінде мелекеттік-жеке серіктестік жүйесін нығайтуды қолдайды. Әділ әлеуметтік саясатты қамтамасыз ету партия Доктринасының төртінші бағыты болып табылады. Партия қолжетімді тұрғын үй жүйесін құруда. Білім беру және денсаулық сақтау жүйесінде сапалы қызмет көрсетуді қолдайды. Доктринаның бесінші басымдылығы бәсекеге қабілетті тұлғаны және интеллектуалды ұлтты қалыптастыру болып табылады. Адам еліміздің басты байлығы және оның дамуының барлық кезеңдерінде негізгі басымдылық болып қалады. Қазақстан қол жеткізуге ұмтылатын «Ақылды экономика» инфрақұрылымы, білім және жоғары технология экономикасы азаматтардан білімге, ғылымға және инновацияларға азаматтардың қарым-қатынасын талап етеді. Тиімді мемлекеттік басқару жүйесін құру алтыншы бағыты. Мұнда мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін көтеру жеке меншік секторға әкімшілік қысым көрсетуді төмендету, жемқорлықпен күрес, жергілікті өзін-өзі басқару органдарын күшейту, мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсарту бірінші кезекте маңызды. Доктринаның соңғы жетінші басымдылығы – елдің ұлттық мүдделерін қорғау. Қазақстанның әлемге ашықтығын қамтамасыз етіп, халықаралық ынтымақтастықты тереңдетуге ұмтылу.
Өзім басқаратын «Әлиакбар-Агро» ЖШС-да еңбек адамдарына жағдай жасау бірінші орында тұр. Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін жасауға үлес қосып жатқан олардың айлық жалақысы уақытылы беріледі. Мұқтаждары баспанамен қамтамасыз етіледі. Биылдың өзінде 4 малшыға жаңа тұрғын үй салынып берілді. Бұл жұмыстар партия Доктринасына сай одан әрі жалғасын таба бермекші.
Сапар КӨЗЕЙБАЕВ,
«Алиакбар ата Агро» ШҚ төрағасы, Сырдария аудандық мәслихатының депутаты, «Нұр Отан» ХДП мүшесі.
ЕЛІМНІҢ БОЛАШАҒЫН ПАРТИЯМЕН БАЙЛАНЫСТЫРАМЫН
Биліктің тізгінін өз қолына алған «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы елімізде ұлттың болашағы үшін тынбай жұмыс жасап жатқан бірден-бір партия екені баршаға мәлім. Партияға жетекшілік етіп отырған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көрегендігі мен сарабдал саясатының арқасында еліміздің қуаты артып, әлем мойындаған мемлекетке айналдық. Жуырда ғана өткен Санкт-Петербург саммитінде әлемдік державалардың алдында бірінші болып сөз сөйлеген Президентіміз республикамыздың қуаттылығын тағы да дәлелдеді деуге болады. Ұзақ мерзімге нақтыланып, партияның идеологиясын айқындайтын аса маңызды құжаттың, яғни доктринаның қабылдануы ел ертеңіне деген нық сенімнің бастамасы екені даусыз. 
Алдымен доктринаның түпкі мағынасына тоқтала кетейін. Саяси түсіндірме құралына жүгінетін болсақ, «доктрина» – латынның ілім, ғылым деген мағынасын білдіреді. Доктрина – іс әрекет жасауға бағыт беретін нақтылы нұсқаулар принциптерінің жиынтығы. Саяси доктрина – саяси іс-әрекеттерді ұйымдастыруға және саяси құбылыстарды қарастыруға арналған өзара келісілген қағидаттар жиынтығы, бірізділікпен құрылған тұжырымдама болып табылады. Ал әлемдік тәжірибеде доктриналар көбінесе билік үшін күрестің саяси қозғалыс мүшелерін ықпалдастыру құралына да айналған. Бірақ, демократиялы-зайырлы бағытты ұстанған біздің мемлекетте доктрина елдің бірлігін нығайтуға бағытталатын бірден-бір құжат болмақ. 
Қазірдің өзінде өзіндік тарихын қалыптастырып үлгерген көшбасшы партияның алар асулары ауқымды. Жыл сайын қатары толыға түскен қоғамдық ұйымның іс-әрекеті әлеуметке жақын және мәселелердің шешілуіне ұйтқы болуда. Қаншалықты жоспар, тиімді бағдарламалар болғанымен, оны сапалы іске асыру әрбір партия мүшесінің жауапкершілігінде. Қоғамның тұтастануына бағытталған бастамалары, ұзақ мерзімді акциялары, қайырымдылық шаралары әлеуметтің еңсесін көтеруде. 
Партия мүшесі ретінде өзімнің ел алдындағы адалдық, бірлік, ізгілік сынды азаматтық позициямды ұстана отырып, жаңа доктринаны толық қолдайтынымды айтқым келеді. Қандай жағдай туса да, ұлт болашағы үшін аянып қалмайық, ағайын!
Серік МҮЛІКОВ, 
«РУ-6» ЖШС көпшілікпен жұмыс жасау бөлімінің кадр жөніндегі жетекші маманы, «Нұр Отан» ХДП мүшесі.
«ЖАС ОТАН» ЖАСТАР ҚАНАТЫ
Көшбасшы партияның «Жас Отан» жастар қанаты бүгінде мыңдаған жасты топтастырып отыр. 2006 жылдан бастап қызметін бастаған «Жас Отан» бүгінде түрлі жастың сүйікті ортасына айналды. Жастар қоғамның қозғалуына қатысушылар, олар өз бастамаларын бүгінде үлкен орта «Жас Отан» арқылы айта алады. 2012 жылы болған «Жас Отан» жастар қанатының екінші съезінде Елбасы жастарды «менің жас көмекшілерім» деген еді. Республиканың түкпір-түкпірінен қосылған жастар рухы биік екендігі айқын сезілді. 
Қызылорда облысында қазіргі таңда жасотандықтар саны он мыңнан асып- жығылды. Бұл аймақтың белсенді жастарының мол екендігінің және көшбасшы партия қызметінің ұнағандығының айғағы. «Жас Отан» жастар қанаты Шиелі аудандық филиалының 1825 мүшесі бар. Ауданның түрлі саласын қамтыған «Жас Отан» жастар қанаты жастарды толғандырған мәселелердің, қоғамдық-саяси жұмыстардың, қоғамда орын алып жатқан әлеуметтік шаралардың ұйытқысына айналды. Осы жылдың өзінде аудандық филиал 70-ке жуық әлеуметтік мәселелер, құқықтық сауаттылық, денсаулық, білім мен ғылым, қауіпсіздік, азаматтық қоғам, жастар ұйымдарының қызметтері, тазалық жайында шаралар өткізді. Ауданда дербес бөлімдерде «Жас Отан» жастар қанатының бастауыш бөлімшелері ашылып, қатарластарымыз молынан тартылуына үлкен мүмкіндіктер жасалуда.
 Жыл басынан бері «Жас Отан» ЖҚ-ның бастамасымен ауданда ұзақ мерзімді акциялар өткзілуде. Республикалық деңгейдегі әрбір бастамаға Шиелі ауданының әрбір жасы қатысып, өз ойларымен және пікірлерімен бөлісуде. 
Елімізде жастарға жасалған жағдай жыл сайын артып келеді. Дәстүрлі жолдауда жастарға арнайы бағдар беріліп, даму бағыты айтылады. Елбасының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» мақаласы әрбір жастың қозғалуына түрткі болды. Әлеуметтік бағдарламалар күшейтіліп, түрлі деңгейдегі жастарды қамтыды. Өз мүддесін халықпен санастыра білген еліміздің әрбір тарихи қадамдары биік белестерге жетелейді. «Біздің басты құндылығымыз – ол Тәуелсіздігіміз» деген партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың сөзі жастардың санасында әркез жаңғырып тұрары сөзсіз. Себебі, ертеңгі баянды болашақтың бағдарын жалғайтын бүгінгі жастар.
Айдана МАМАНОВА, 
«Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» ЖҚ Шиелі аудандық филиалының атқарушы хатшысы.
ҰЖЫМ БІРЛІГІНІҢ ҰЙЫТҚЫСЫ
«Нұр Отан» – бүкілхалықтық партия. Партия құрылған күннен бастап экономика мен саясатта ауқымды реформаларды тұрақты түрде жүзеге асырып, адамның, қоғамның және мемлекеттің дамуына қолайлы жағдайлар жасап келеді. Біздің күш-қуатымыздың басты нәтижесі – Елбасы басшылығы арқасында Қазақстан халқымен бірге «Қазақстан-2030» Стратегиясының мерзімінен бұрын жүзеге асырылуы болды. 
Мен еңбек ететін Қазалы локомотив жөндеу зауытында «Нұр Отан» ХДП-сы Қазалы аудандық филиалы халықтың әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге, партия активінің жергілікті мемлекеттік органдармен, азаматтармен және еңбек ұжымдары мүшелерімен бірлескен жұмысына өзінің зор үлесін қосып отыр деп толық айтуға болады. «Нұр Отан» ХДП-сы Қазалы локомотив жөндеу зауыты бастауыш партия ұйымында 582 мүше бар. Бастауыш партия ұйымы төрағасының қабылдауға арналған уақыт кестесі бекітілген. Бастауыш партия ұйымының жиылыстары партия мүшелерінің қатысуымен жылына 4 рет, яғни партиялық Жарғыға сай тоқсан сайын өткізіліп тұрады. Ұйым жиылыстарында атқарылған жұмыстар сараланып, алдағы уақытта жасалатын жұмыстар жөнінде партия мүшелерінің ой-пікірі ескеріліп, іс-шаралар қабылданады.
Бүгінгі күнге дейін халықтың әлеуметтік-тұрмыс тіршілігін жақсарту мақсатында кәсіподақ ұйымымен бірлесе отырып «Ұжымдық шарт» жасасып қаржылық қолдаулар жасалынып келеді. Атап айтар болсақ, 2012 жылдың өзінде жұмысшыларды әлеуметтік қолдау мақсатында барлығы 7 380 519 (жеті миллион үш жүз сексен мың бес жүз он тоғыз) теңге көлемінде қаржылық көмек көрсетілді. Бұл бастауыш партия ұйымының қол жеткізген жетістіктері деп атауға болады. Сонымен қатар партия мүшелері қоғамдық қорларды қолдау мен қайырымдылық көмектер жасауда үлгі боларлық істер атқарып келеді.
Бастауыш партия ұйымы аудандық филиалмен тығыз байланыста. Қоғамдық пікір көшбасшыларымен үнемі кездесулер өткізіп тұрады. Партияның жақтаушылары ұжым арасында болып, Елбасының, облыс әкімінің, аудан әкімінің саясатын жүзеге асыру жөнінде өз ойларын, ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, пікір алысады.
Соның бір айғағы, біздің бастауыш партия ұйымынан «Нұр Отан» ХДП Қызылорда облыстық филиалы Саяси кеңесі мүшелігіне зауыт шебері Есекеев Санжар Құдайбергенұлының сайлануы.
Партияның негізгі тыныс-тіршілігі, бастауыш партия ұйымы жетекшілерінің негізгі атқарып жатқан игі істері жөнінде мақалалар, видеосюжеттер республикалық, облыстық, аудандық бұқаралық ақпарат құралдарында үнемі жарияланып келеді.
Біздің Қазалы локомотив жөндеу зауытының тарихы 1905 жылдан бастау алады. 108 жылдық тарихы бар зауыттың негізгі қызметі ТЭМ2 сериалы тепловоздарды күрделі жөндеп, техникалық қызмет көрсету, тепловоздардың тартымды электр қозғалтқыштары мен жұпты доңғалақтарын күрделі жөндеуден шығару. Сонымен қатар ПРСМ, АГМУ, ДГКУ, МПД секілді темір жол жөндеу техникаларын күрделі жөндеу жұмыстарын Қазақстан Республикасы бойынша алғашқылардың бірі болып игерген мекеме.  
Ұжымның жылдық табысы 2012 жылы 2 миллиард 552 миллион 853 мың теңгені құраса, 2013 жылы 2 миллиард 436 миллион теңге көлемінде табыс табу жоспарланып отыр. Еліміздің экономикасының дамуына зор үлес қосып келе жатқан мекеме 2009-2012 жылдар аралығында «Қазақстан Теміржолы» Ұлттық компаниясы», локомотив жөндеу мекемелері арасында «Үздік кәсіпорны» номинациясының иегері аталып келді. 
Біз бүгінде мемлекеттілікті құру жөніндегі тарихи міндетіміздің орындалғанын мақтанышпен айта аламыз. Қазақстан – экономикасы дамыған, саяси және әлеуметтік жүйесі тиімді қуатты мемлекетке айналды. Оған әрбір қазақстандық өз үлесін қосады. 
Жамбыл ҚАНАЙ.
Қазалы локомотив жөндеу зауытының шебері, «Нұр Отан» ХДП мүшесі.
ҚАМҚОРЛЫҚ ҚАНАТТАНДЫРАДЫ
Тарихта теңіздің тартылуы болған, ал бірақ теңізді қолдан жасау болмаған. Елбасы, партия төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың Арал өңіріндегі халыққа шынайы қамқорлығының арқасында Көкарал бөгетінің бірінші кезеңі аяқталып, кіші Арал теңізі өмірге келді. Теңіз суы Арал қаласына жақындап келеді, енді оның өз арнасына толып қалаға келуі үшін екінші кезеңі басталмақшы. 
Елбасы бастамасымен қолға алынып, Бүкіл дүниежүзілік Банктің қаржыландыруымен САРАТС жобасының бірінші кезеңінде атқарылған жұмыстар халықтың көз алдында. Көптің көңіліне қорқыныш ұялатып, ата кәсіптен айырылған балықшы қауымның үдере көшуіне әкеліп соқтырған көрініс, Мемлекет басшысы, партия төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей қолдауымен мүлдем басқаша өрбіп, бүгінде Арал балықшылары ата кәсіпті қайта жандандыру үстінде. Ең бастысы аймақтың экологиялық, әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарып, жергілікті балықтар түрлері көбейіп, 22-ге жетті. Бекіре тұқымдас балықтарды өсіруге мүмкіндік туды. Балық аулау көлемі 0,4 мың тн.-дан 4,0 мың тоннаға жетті. Өнімді келешекте 12,0 мың тоннаға жеткізу жоспарда тұр. 
Мемлекет басшысының Кіші Аралды сақтап қалу тапсырмасы негізінде Арал ауданының ажары айшықталып, кешегі сорға қонған шағалалар ақжал толқыны биікке шапшыған көк теңізге қайта қонып, балықшы қауым ата кәсіппен қауышты. Облыс әкімі Қ.Көшербаев балық шаруашылығын өркендету жолында консорциум құрып, осы жүйеге аймақтағы барлық балықшыларды топтастырды. Бұл «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен» балық өнімін талапайға түсірмеудің бірден-бір жолы еді. 
Иә, көктем мезгілінде Қаратереңге жұмыс сапарымен келген «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Б.Байбек те елдің тұрмыс-тіршілігінің жақсарғанына көз жеткізіп, балықшылардың баянды тірлігіне ризашылығын білдірген-ді. 
«Ата көрген оқ жонар» дегендей, соңымнан ерген балаларым да атакәсіп – балық шаруашылығын өркендетуге өз үлестерін қосып келеді. 
Жақсылық ДІЛЖАНОВ,
 Арал ауданы, Бөген ауылының балықшысы, «Нұр Отан» ХДП мүшесі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<