Мемлекет басшысының Жарлығымен Нұрлан Байұзақұлы Ермекбаев Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі болып тағайындалды, деп хабарлайды Ақорданың Twitter-дегі парақшасында.
Нұрлан Ермекбаев 1963 жылы 1 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысында туған. 1986 жылы КСРО Қорғаныс министрлігінің Әскери Қызыл ту институтын қытай және ағылшын тілдерін меңгерген офицер мамандығы бойынша үздік бітірген. 1996 жылы Қазақ сәулет және құрылыс академиясын инженер-экономист мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолы: 1984-1985 жылдары Ангола Халық Республикасында қызметтік іссапарда болды. 1986-1991 жылдары КСРО Қарулы Күштерінің қатарында қызмет еткен. 1993-1995 жылдары – Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшілігі жанындағы сауда өкілдігінің аға сарапшысы. 1995-1996 жылдары – Австриядағы Қазақ сауда үйінің Алматы өкілдігінің директоры. 1996-1997 жылдары – «Алматы сауда-қаржы банкі» АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі. 1997-1999 жылдары – «Юнитэк ЛТД» компаниясының бас директоры. 1999-2001 жылдары – «Қазақстан халық банкі» АҚ-ның Бейжің қаласындағы өкілдігінің басшысы. 2001-2003 жылдары – Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшілігінде кеңесші. 2003-2004 жылдары – Қазақстан Республикасының Сингапур Республикасындағы сенімді уәкілі. 2004-2006 жылдары – Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Сыртқы саясат орталығының меңгерушісі. 2006-2007 жылдары – Қазақстан Республикасы Президентінің Кеңесшісі – Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Сыртқы саясат орталығының меңгерушісі. 2007-2010 жылдары – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары. 2010-2012 жылдары – Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі. 2012-2014 жылдары – Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі. Вьетнам Социалистік Республикасындағы және Корея Халық Демократиялық Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметін қоса атқарушы. 2014-2016 жылдары – Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы. 2016 жылдан 2018 жылғы сәуірге дейін – Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрі. 2018 жылғы 4 сәуірдегі Елбасы Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы болып тағайындалған еді. Төтенше және Өкілетті Елші дәрежесіне ие. «Парасат» (2015) және «Құрмет» (2005) ордендерімен, сондай-ақ басқа да медальдармен марапатталған.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<