Астанадағы №85 мектеп-лицейдің ашылу салтанатына қатысқан Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі барша ата-аналар мен оқушыларды 1 қыркүйек – Білім күнімен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгін Білім күнін атап өтіп жатқанымызды білесіздер. Мынау қазір Астанадағы үлкен 1200 орындық мектептің ашылуына келіп отырмыз. Менің сұрауым бойынша Катар эмирі елінен Аль Тани мырзаның берген бізге сыйлығы. Астанаға қанша салсақ та мектеп жетпейді. Бүгін Қазақстанның 7 мың мектебінде 3 миллионнан астам бала мектепке келді. Оның ішінде алғаш рет мектеп табалдырығын аттап отырған бүлдіршіндердің саны 350 мың, тек қана Астананың өзінде – 18 мың. 23 мектеп іске қосылды. Салынып жатқан мектептердің саны 180-нен асты. Балалардың, бүлдіршіндердің көбейіп, мектептің жетіспей жатқаны бір жағынан жақсы. Екінші жағынан ол шешілуі тиіс нәрсе», – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті еліміз білім саласына барынша көңіл бөліп жатқанын тілге тиек етті. «Елдің болашағы білімде, ғылымда, жаңа технологияда. Мектептен бастап оқытуды қазіргі жағдайға бейімдеп оқыту қажет. Ол үшін тиісті мұғалімдер керек. Мұғалімдердің мойнына артылатын міндет жылдан жылға өсіп келеді. Сол үшін біз мұғалімдерді де қолдап, қазірден бастап, жаңа білім саласын меңгерген, өздерін көрсеткен ұстаздардың жалақысы 30-дан 50 процентке дейін көбейтетін боламыз. Осылай мектептердің, балалардың, мұғалімдердің жағдайын қарап, жалпы білім беру мәселесін көтеруге жұмыс істеп жатырмыз. Мен бүгінгі Білім күнімен барлық балаларды және ата-аналарды құттықтаймын», – деді Елбасы. Еске сала кетсек, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елордадағы №85 мектеп-лицейдің ашылу салтанатына қатысқан болатын.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<