Қоғамдық көлік: қордаланған мәселе көп

552

0

Қала тұрғындары тарапынан талай рет көтерілген мәселе тұрғысында бір топ журналистер баспасөз турына шықты. Мақ­сат – мәселенің анық-қаны­ғына көз жеткізу. «Арай» шағын ауданындағы №13, 20, 31 бағыт­тағы автобустардың соңғы аялдамасына кідірдік. Мә­селен, №13 бағыттың соңғы аялда­масындағы жағдай сын көтермейді. Жүргізушілерге жағдай жасау тұрмақ, көлік тұратын орын да жоқ. Қара жердің үстінде, жолдың жие­гінде қаз-қатар тізіліп тұрған автобустар.

– Негізі соңғы аялдамада демалыс орнын, талапқа сай әжетхана, қол жуатын, көлік жуатын орын салғымыз-ақ ке­леді. Бірақ, біздің бюджет мұны көтере алмайды, – деді «Қызылорда автобус паркі» ЖШС директорының орын­ба­сары Қанат Рахметов.

Қолдың қысқалығы балақ­тан тартады деген басшы орын­басары №20, 31 бағыттың соңғы аялдамасында да біршама мә­селенің себебін түсіндірді. №31 бағыттағы автобустар таз­дың төбе шашындай екенін айтпай-ақ түсіндік. Мұнда екі автобус қана тұр. Бір күнде 16 автобустың 6-нан ақау шығып, жұмысқа шықпай қалыпты.

– Бізде жыл сайын қоғам­дық көліктің азаюының бір­не­ше себебі бар. Көліктер кө­нер­ген, өткен жылдары көп­ші­лігін утилизацияға өткі­зіп жіберді. Қыстың көзі қырау­да жалаң қолмен суық темірді ұстаудың өзі мұң. Сондық­тан әбігерге түспей, көлік­терін сатты. Екіншіден, Түр­кістан облыс орталығына айнал­ғанда қоғамдық көлікке автобустар қажет болды. Жақын-жуық облыстардан сатып алғанда біздегі жеке автобустар сол жаққа өтіп кетті. Үшіншіден, қазір жолаушылар тасымалында табыс аз. Сол себепті кәсіпкерлердің бұл салаға қызығушылығы төмен, – деді директордың орынбасары.

Бір қуантарлығы, өңірде жаңа автобустар қатары артатын көрінеді. Тиісті орындардың айтуынша, биыл 13 жаңа ав­тобусқа тапсырыс берілген. Бюд­жеттен үнемделген қара­жат­қа алдырылмақ. Ал бұған дейін әкелінген, қазір рейсте жүрген автобустардың ішінде жөндеуде тұрғандары бар. Өйткені, қалаішілік бағытта жүру көліктің тозуын жедел­детеді.

– Әр көлік бір күнде 300-350 шақырым жол жүреді. Оның үстіне, ұзыннан-ұзақ бір жол емес, тоқтауы көп. Сол себепті, бір жылда оның ақауы көбейеді. Аралық интервалдарын жа­қын­датқанмен, көлік саны­ның аздығына орай ол да кө­мектеспейді. Сайып келген­де, жетіспеушілік амал жоқтық­қа әкеп отыр, – дейді Қанат Рахметов.

Жолаушылар тасымалы са­ласында мәселе жетерлік. Қала ішіндегі аялдамаларда тоқтаған автобустың жарты бөлігі бағдаршамда қалып қойғанын талай көргенбіз. Аялдамада тоқтаған автобус кейінгі кө­лікке кедергі келтірмейтіндей жағдай жасауға болады. Қанат Рахметұлы мұны да назарда екенін жеткізді.

Сонымен қатар, «Оңай» төлем жүйесі наурыз айында толық іске қосылмақ. Алақандай қондырғы автобустың есігіне бекітіледі деп отыр басшылық. Жолаушы жолақысын көлікке төлеп кіреді.

Жеке автобус жүргізушілері «Оңай» төлем жүйесіне наразы секілді. Мәселен, бір жүргізуші күніге 7 мың теңгенің дизель отынын жағады. Кондуктордың еңбекақысы – 3 мың теңге. Ал қосалқы шығындарды ор­та есеппен 3 мың теңге деп есеп­теңіз. Жеке жүргізушілер егер «Оңай»-ға көшсек, қаржыны тек айына бір мәрте аламыз деп отыр. Олардың күнделікті шығыны шаш етектен көрінеді.

Бейтаныс жүргізуші бұл ретте өзінің қоғамдық көлік мәселесін қалай реттеу керегі жайлы пікірін де білдірді. «Бұ­рын №20 бағыттағы қоғам­дық көлік өте жақсы жұмыс іс­тейтін. Ал қазір ел оған қо­лын бір сілтейтін бол­ды. Неге? Өйткені, оларды үл­кен автобуспен толтырып қой­дық. Автобус толып бол­май­ды, шығыны ақталу үшін ара­дағы интервалды да сақта­май­ды. Сосын жай жүреді. Ал кіші сыйымдылықтағы ав­то­бус­тар тез толады әрі жыл­дам жүреді. Біз осылайша бір­­неше бағыттағы қоғамдық көлікті құртып алдық. Үлкен автобус бар жерде кіші сыйым­дылықтағылар үшін нан жоқ» деді ол.

Біле білсеңіз, №9 бағыттағы қоғамдық көліктің бар-жоғы екеу ғана. Бұл мәселенің көтерілгеніне де көп болды. Екі «Газель» кімге қызмет етеді? Олардан халықтың көңілі әлдеқашан қалған. Бірер минут күтеді де, жолай басқа бағытқа мініп кете барады. Ал сәттілік серігі болғандар тап келген екі көліктің біріне мінеді. Мекеме басшылары бұл бағытты әлеуметтік маңызы бар деп тануға ұсыныс білдіргенін жеткізді. Бірақ ол ұсыныстың қашан қабылданатыны белгісіз.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<