Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Қазақ радиосының «Арнайы шығарылым» бағдарламасына сұқбат берді.
Аймақ басшысы тікелей эфирде жүргізілген сұхбатта бас редактор Дулат Абибуллаевтың сауалдарына жауап беріп, аймақтың 30 жыл ішіндегі жетістіктері мен даму динамикасын сөз етті.
Өңір басшысы алдымен барша радио тыңдарман қауымды Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойымен құттықтап, әрбір тұрғынға табыс пен бақ-береке тіледі.
Сұхбатта Гүлшара Әбдіқалықова Сырдария өзеніндегі су деңгейінің төмендеуі, қуаңшылық жағдайынан шығудың амалдары, Қараөзек су қоймасын салу жұмыстарының негізгі мәселелері бойынша нақты сауалдарға жауап берді. Сондай-ақ, жолда жиі жүретін радио тыңдарман қауым үшін өзекті жаңалық Қызылорда-Жезқазған автомобиль жолын жөндеуге қатысты автожолдың қайта жаңғыртудан өтетінін айтып, ақжолтай жаңалықпен бөлісті.
– Республикалық маңызы бар «Қызылорда-Жезқазған» автомобиль жолын жөндеу бойынша Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕБРР) Қызылорда облысының аумағындағы ұзындығы 219 шақырымды құрайтын автожолды реконструкциялаудан өткізуге қажетті қаражатты бөлуге келісімін берді. Жобаның жалпы сметалық құны – 106,6 млрд. теңгені құрайды. Бүгінгі күні жобаға мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде. Жобаның құрылыс-монтаж жұмыстары 3 жыл мерзімде жүргізу белгіленген және шамамен 2,5 мың адамды жұмысқа тарту жоспарда бар,-деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Тікелей эфир соңында облыс әкімі аймақта індетпен күрес амалдары, вакцинациялау қарқыны бойынша көрсеткіштерді тізбеледі. Сонымен бірге Pfizer вакцинасының жеткізілуі мен екпе салдырудағы белсенділікті тілге тиек етті.
Айта кетейік, бүгінгі күні вакцинациялауға жататын облыс тұрғындарының 86,2% вакцинаның бірінші компонентін алса, 72,5% екінші компонентін алған. Pfizer вакцинасының 23 400 дозасы өңірге жеткізілді. Барлығы 97 мың доза жеткізу көзделіп отыр. Аймақта дәрі-дәрмекке қатысты мәселе жоқ.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<