Облыс әкімі энергетика саласының үздіктерін марапаттады

1150

0

Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова энергетика саласы мамандарының кәсіби мерекесіне орай сала қызметкерлерімен кездесті. Жиында аймақ басшысы ел экономикасының табысын еселеуде және халыққа қызмет көрсетуде энергетиктердің еңбегі зор екенін атап өтіп, төл мерекемен құттықтады.

– Энергетика саласы – қашан да, әлеуметтік сала мен индустрияны алға жылжытушы күш, әрі экономиканың алтын өзегі, негізгі локомотиві болып саналады. Тәуелсіз Қазақстанның негізгі экономикалық тірегінің бірі – энергетика саласы да күнделікті тұрмыс-тіршілігіміздің бір бөлігіне айналып, жылдамдықпен дамып келеді. Бүгінгі күні мезгілдің кез келген сәтіне қарамастан әлеуметтік нысандардан бастап, кәсіпорындарға, еңбек ұжымдарына, тұрғын үйлерге электр мен жылу қуатын үзбей жеткізуде еңбектеріңіз орасан зор,-деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

Биыл облыста энергетика саласында ауқымды жобалар жүзеге асырылды. 2020 жылы электрмен қамту жүйелерін дамыту мақсатында 3 млрд.337 млн.тенге бөлініп, 5 жобаны пайдалануға берілді. Соның ішінде ең ауқымдысы Қармақшы ауданындағы Жосалы және Төретам кенттеріндегі қосалқы электр станциялары іске қосылып, ел игілігіне берілді.

Мұнан бөлек, аймақта мемлекеттік бағдарламалар аясында 4 млрд.теңгеге 7,8 шақырым жылу желілеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді. Кездесуде облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова ел игілігі жолында қызмет еткен сала үздіктерін министрліктің, әкімдіктің Алғысымен марапаттады. ҚР Энергетика министрлігінің «Құрметті энергетик» төсбелгісін энергетика саласының ардагері Мухаддам Серікбаев, «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» Қызылжарма аудандық электр торабының диспетчері Төрехан Жанатаев, «Қызылорда жылу электр орталығының» оперативті-диспетчерлік қызметінің кезекші инженері Ақылбек Оразбаев иеленді.

Кәсіби мерекеде құрмет төрінен көрінген Қызылорда қалалық электр тораптары басқармасының директоры Орынбек Дәуренов «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Құрметті энергетигі» атағымен марапатталды. Сондай-ақ, «Энергосервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Еркебұлан Есенбаев, «Шиелі жарығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің инженері Жарылқасын Өтеулиев Қазақстан Электр энергетикалық Қауымдастығының «Еңбегі сіңген энергетик» төсбелгісімен марапатталды. Ал, облыс әкімінің Алғыс хаты «Қызылордажылуэлектрорталығының» департаменті директоры Тимур Ниязбаевқа бұйырды.

Жиын соңында аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова Тәуелсіздікті нығайту жолында энергетика саласында қызмет еткен әрбір азаматтың еңбегін жоғары бағалап, еңбектеріне табыс тіледі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<