Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Президент Жарлығымен берілген «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті наградасын иеленген педагог Жәмилә Әбжанмен кездесті. Аймақ басшысы педагогика саласында тұңғыш рет берілген құрметті атақты облыс ұстаздарынан алғаш болып иеленген ауыл мектебінің мұғалімі Жәмилә Әбдінағиқызын құттықтап, мемлекет тарапынан ұстаздарға қолдаудың жоғары екенін айтып, айрықша құрметін жеткізді.
– Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу – аса жауапты әрі күрделі міндет. Сындарлы сәтте ешбір қиындыққа мойымай, балаларға үздіксіз, сапалы білім беруде педагогтардың еңбегін ерекше айтуға болды. Облысымызда ұстаздық ұлы жолды мұрат еткен, шәкірт тәрбиелеуде елеулі еңбек сіңіріп, педагогика саласына өлшеусіз үлес қосқан ұстаздар жетерлік. Жәмилә Әбдінағиқызы, мемлекеттік наградаңыз құтты болсын! Республикадағы ең үздік мұғалімдер қатарынан көрінуіңізбен. Бұл марапатыңыз білім саласында аянбай еңбек етіп жүрген әріптестеріңізге, жас педагогтарға ерекше сенім мен жігер береді деп сенемін, – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.
Кездесуде құрмет биігінен көрінген үздік ұстаз Жәмилә Әбжан бұл марапат барша ұстаздардың ортақ жеңісі екенін айтып, арнайы қабылдап, ілтипат танытқан облыс әкіміне алғысын айтты. Сондай-ақ, ауыл балалаларының ағылшын тіліне деген қабілетін ашуда өзіндік әдіс-тәсілдерінің нәтижесі барын атап өтті. Қабылдау соңында облыс әкімі педагогика саласына елеулі үлес қосып, ең жоғары награда иеленген Жәмилә Әбжанға ноутбук сыйға тартты.
Жәмилә Әбдінағиқызы – Қазалы ауданы, Әйтеке би кентіндегі №249 мектепте педагог-зерттеуші, бірінші деңгейлі ағылшын тілі пәні мұғалімі.»Білім Беру Ісінің Құрметті қызметкері», Облыстық білім департаментінің Құрмет грамотасы, облыс әкімінің Алғыс хаты, республикалық Білім Академиясының Құрмет грамотасы, халықаралық АКСЕЛС қоғамының Құрмет грамотасының иегері.Шәкірттері халықаралық АКСЕЛС қоғамы ұйымдастырған сайыстың жеңімпазы ретінде АҚШ-та білім алуда. Мұнан бөлек, бірқатар оқушылары «Болашақ» бағдарламасы бойынша Еуропа елдерінде білім игеруде. Оқушылары ҰБТ көрсеткіші бойынша жыл сайын жоғары балл жинап, мемлекеттік грант иегері атануда. Жәмилә Әбдінағиқызы – Америка Құрама Штаттарының елшілігі мен Қазақстан Білім Министрлігі ұйымдастырған ағылшын тілі пәні мұғалімдерінің сайысында жүлдегер атанып, АҚШ елінің ұстаздарымен тәжірибе алмасуға жолдама алған ұстаз.
2020 жылы Америка Құрама Штаттарының елшілігі және Қазақстанның Фулбрайт қауымдастығы ұйымдастырған ауыл мектептеріне арналған семинарда үздік кәсіби шеберлік танытқаны үшін жұмысы өте жоғары бағаланған. Республикалық педагогикалық басылымдарда еңбектері жарияланған «Үздік Ұстаз», «Үздік авторлық бағдарлама» номинация иегері.Еске салайық, Ж.Әбжанға үздік ұстаз ретінде 1000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде сыйақы тағайындалды. Айта кетейік, Қызылорда өңірінде өткен жылы алғаш рет «Қызылорда облысының білім беру саласын дамытудағы еңбегі үшін» төсбелгісін тағайындап, 12 ұстазға табыс етілді. Сонымен қатар, аймақтың білім саласына елеулі үлес қосып жүрген 10 үздік ұстазға 300 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі біржолғы сыйақы берілді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<