Облыс әкімі мұнай-газ кешені қызметкерлерін құттықтады

1588

0

«Құрметті мұнай-газ кешені қызметкерлері!
Қадірлі сала ардагерлері!

Сіздерді мұнай-газ кешені қызметкерлерінің кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Әлемде мұнайдың алғашқы тамшысы алынғанына бір жарым ғасырдай уақыт өтіп, содан бері мұнайлы елдер «қара алтынның» игілігін көріп келеді.

Тәуелсіздігіміздің 30 жылы ішінде мұнай-газ кешені мемлекет экономикасының негізі, әрі елімізді әлемге танытар басты салалардың біріне айналды. Қазақстан 2020 жылдың рейтингі бойынша әлемде мұнай қоры бойынша 11-орынға тұрақтады.

Елдегі мұнай, газ өндіруші аймақтардың бірі – Сыр елі экономикасының дамуына мұнай-газ кластерінің қалыптасуы зор серпін бергені белгілі. Осы ретте, ауыр еңбектің бейнетін көрсе де, тынымсыз еңбек етіп, өңірдің мұнай-газ саласының дамуына сүбелі үлес қосқан Сіздерге зор ризашылығымды білдіремін.

Бүгінгі күні аймағымызда мұнай-газ кен орындарын игерумен 22 компания айналысуда, оның 11-і – өндіру, 11-і-барлау мекемелері.


Кезінде өңір экономикасының негізгі локомотиві болған мұнай қорының сарқыла бастауы жан-жақты зерттеу жұмыстарын жүргізуді қажет етеді. Сол себепті, Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2019-2022 жылдарға арналған кешенді жоспарында республикалық бюджет есебінен Шу-Сарысу шөгінді алабын геологиялық зерттеу қарастырылған.

2020 жылы Шу-Сарысу шөгінді алабын зерттеуге республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, дала жұмыстары басталды. Биыл Сырдария және Арал («Шығыс» және «Батыс» учаскелерінде) шөгінді бассейндерінде геологиялық-геофизикалық зерттеулер жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде.

Сонымен бірге, Қызылорда облысының мұнай-газ саласын дамытудың 2021-2022 жылдарға арналған жаңа ұңғымаларды бұрғылау жөніндегі жол картасы жасалуда. Осы картаға сәйкес өңірдің мұнай-газ өндіруші компаниялары өз қаражаты есебінен 2-2,5 мың метр тереңдікте 79 мұнай-газ ұңғымасын бұрғылауды жоспарлап отыр.

Осындай бірлескен жұмыстардың жүргізілуі Сыр елі мұнайының қайта жанданып, ел ырысын еселеуге үлесін қосады деп сенемін.


Қыркүйек айының бірінші жексенбісінде аталып өтетін кәсіби мерекелеріңізбен тағы да құттықтай отырып, зор денсаулық, отбастарыңызға амандық, ел игілігі жолындағы еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін! Ел ризығы арта берсін!
Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!» деп жазды аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова фейсбук парақшасында.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<