Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Қызылорда қаласындағы бірқатар нысандарды аралады. Аймақ басшысына қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» аясында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
Өңір басшысы алдымен Нұрсұлтан Назарбаев даңғылын абаттандыру жұмысымен танысты. Жобаның жалпы құны – 500 млн.теңге. «Асанасдар» ЖШС мердігер компаниясы қолға алған жоба аясында 180 адам жұмыспен қамтылған. Мамыр айындағы басталған жұмыстар қыркүйекке дейін толығымен аяқталады деп жоспарланып отыр.
Мұнан кейін Гүлшара Әбдіқалықова «Шұғыла» ықшам ауданындағы №49, 50, 51, 52 үйлеріндегі жылу желілерін қайта жаңғырту жұмыстарын көрді. Қысқа дайындық барысы жоспармен жүзеге асып жатыр. Бұл ауданда қазір 2671 шақырым жылу құбырлары жаңғыртылуда. Аймақ басшысы жобамен айналысып жатқан «Сапақ» ӨК-ге белгіленген мерзімде, яғни, 21 қыркүйекке дейін барлық жұмыстарды аяқтауды тапсырды. Себебі ауа-райы күрт суыса барлық жылыту жүйелері сақадай сай болу қажет.
Облыс әкімі «Локомотив» стадионын қайта жаңғырту жұмыстарымен де танысты. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Жақсылық Оспанов күрделі жөндеуден өтіп жатқан спорттық нысан жайында баяндады. Айтуынша, 19 маусымда басталған жұмыстар 4 ай ішінде аяқталады. Жоба аясында 70 адам жұмыспен қамтылған. Оның 35-і жұмыспен қамту орталығы арқылы орналасқан.
Сондай-ақ, Г.Әбдіқалықова Ақсуат ауылдық окгругіндегі 38 жылдық тарихы бар №143 орта мектепке барды. Мұнда 624 оқушы білім алады. Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында күрделі жөндеуден өтіп жатқан білім ордасы жаңа оқу жылының басталуына орай пайдаланылуға беріледі. Одан бөлек Ақсуатта «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 462 млн.теңге қаржыға абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, тұрғындардың игілігіне берілуде.
Облыс әкімі Қызылорда қаласында атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, әрбір нысан мердігерлердің белгіленген мерзімі негізінде ел игілігіне берілу керектігін баса айтты.
Жалпы «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» аясында облыс бойынша 276 инфрақұрылымдық жобаны іске асыруға 36,9 млрд. теңге көлемінде қаржы бөлінді, оның ішінде Қызылорда қаласында 17,7 млрд.теңгеге 97 жоба жүзеге асуда. Жұмыспен қамтудың жол картасы аяқталғаннан кейін, жаңа нысандардың құрылысы арқылы 452 тұрақты жұмыс орындары ашылады.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<