Облыс әкімі Үкімет басшысына өңірдегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуалды баяндады

642

0

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі COVID-19-бен ауыруға қатысты санитарлық-эпидемиологиялық ахуал қаралды. Жиында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова осы бағытта өңірде атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.


Бүгінгі күні Қызылорда облысында індет жұқтырған 12 580 адам тіркелсе, оның 77 пайызы жазылды. Пневмониямен ауырған 1867 науқастың 1580-і емделіп шықты. Осы жылдың маусым-шілде айларында инфекциялық төсек-орын саны 585-тен 2340-қа дейін, ал реанимациялық төсек орын-саны 90-нан 172-ге дейін көбейтіліп, қазіргі таңда жүктеме 55 пайызды құрап отыр. Резервтік төсек-орын санын қосқанда 3200 төсек-орны әзірленіп, оның 518 орны орталықтандырылған оттегімен жабдықталған. «Құрылысы 2020 жылы басталған модульдік стационар жұмысы іске қосылып, ковидтік науқастарды қабылдау басталды. Режимді түрде 6 оттегі шығару станциясы жұмыс жасауда. Дәрі-дәрмек қоры қалыптасқан. Коронавирус инфекциясына қарсы күрес жұмыстарына қажетті медициналық кадрлар мен құрал жабдықтар жеткілікті», — деді әкім.

11 ПТР аппараты іске қосылған. Тәулігіне 1300-1500 аралығында сынама алынуда. Облыста ұжымдық иммунитетті қалыптастыру мақсатында екпе алуға қабілетті 401 мың тұрғынның 61,4%-ы вакциналанды. Қыркүйек айында көрсеткіш 85%-ға орындалады деп жоспарлануда. Вакцинациялау жұмыстары облыс бойынша 106 егу кабинетінде жүргізілуде, оған 133 мейірбике мен 89 дублер тартылған. Облыста «Ashyq» жобасы арқылы 2749 нысан жұмыс жасауда. «Қазіргі таңда мониторингтік топ жұмыстары күшейтілді. Бүгінге дейін 167 мониторингтік топпен 12 441 нысанға рейдтік тексеріс жүргізілді. Нәтижесінде 459 карантин талаптарын бұзу жағдайлары анықталып, 33,4 млн теңге айыппұл салынды», — деді әкім.


Тамыз айында 398 нысанға тексеріс жүргізіліп, нәтижесінде 56 карантин талаптарын бұзу жағдайлары анықталып, 3,1 млн теңге айыппұл салынды. Барлық мектептер оқу жылына дайындалып жатыр. Мұғалімдердің вакцина алуы 96,6 пайызды құрайды.


Жыл басынан бері коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу бағытында бұқаралық ақпарат құралдары және әлеуметтік желілер арқылы 19 816 мақала жарық көріп, жергілікті телеарналарда 63 бейнеролик көрсетілді. Тұрғындар арасында 24 161 үнпарақ таратылып, өңірлік коммуникациялар қызметі арқылы 89 брифинг өткізілді. Жалпы аймақтағы эпидемиологиялық ахуал қатаң бақылауда.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<