«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында өткен қоғамдық қабылдауда Сыр өңірі фольклорының антологиясын құру, Қызылорда облысының тарихи-әдеби мұражайын ашу, жастар фестивалін өткізу және басқа да ұсыныстар айтылды.
Облыс әкімі, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы Қ.Көшербаев қызылордалықтардың мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру және аймақты дамыту жөніндегі ұсыныстарымен танысты.
«Сыр дидары» газетінің бас редакторы Сәкен Алдашбаев Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласының орындалуы аясында халық шығармашылығын дамыту бойынша облыстық продюсерлік орталығының бірегей бейне мұрағат материалдарын цифрландыруды және бұрын соңды газетте айдар ретінде жарияланып, қаржыландыру мәселесіне байланысты тоқтатылған «жазба айтысы» жанрын жаңғыртуды ұсынды. Қорқыт Ата атындағы ҚМУ профессоры Бағдат Карбозұлы «Дала фольклорының антологиясы» ізімен «Сыр өңірі фольклоры антологиясын» құру туралы ұсыныс жасады. Ал, Қазақстан Жазушылар Одағының Қызылорда облыстық филиалының хатшысы Қаршыға Есімсейітова қалалық мұражайдың бұрынғы ғимаратында аймақтың тарихи-әдеби мұражайын ашуды, кейінірек сол жағалауда жаңа ғимарат салу мәселесін қарастыру керектігін айтты.
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің студенттері Әсем Какарманова мен Бекбол Қаратайұлы алдағы «Жастар жылына» орай өңірімізде «TEDx» инновациялық форматта республикалық «Алаш ардақтылары» жастар сессиясын және Қызылорда мен Байқоңырда «Ұлы дала елі» жастар фестивалін өткізуді, сондай-ақ, «Қызылорда» телеарнасында жастарға арналған креативті бағдарлама түсірілімін ұйымдастыруды сұрады. «Жалағаш ауданының жастар ресурстық орталығы» КММ бөлім меңгерушісі Нарбота Серәліұлы жастарды маусымдық және құрылыс жұмыстарына тартуға арналған «Жастар Еңбекке» республикалық жастар акциясын бастауды ұсынды.
Сонымен қатар, қоғамдық қабылдауда «Бизнестің жол картасы-2020» және «Орда» мемлекеттік бағдарламаларына қатысу шарттарын «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ қарыз алушылары үшін қажетті құжаттардың тізімін қысқарту және кепілдік бойынша шектеулерді алып тастау арқылы жеңілдетуге қатысты бірқатар ұсыныстар енгізілді.
Ұсыныстармен танысқан аймақ басшысы барлық идеялар мен бастамаларды іске асыру мәселесі қаралатынын атап өтті.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<