Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың тамыз кеңесінде сөйлеген сөзі
Қадірлі ұстаздар!
Әріптестер!
Алдымен Сіздерді келе жатқан Білім күні мерекесімен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер!
Жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында жас ұрпаққа білім мен тәрбие берудің көкейтесті мәселелерін ортаға салып, еркін ой бөлісу игі дәстүрімізге айналғаны белгілі. “Тамыз кеңесі” деп аталған осы алқалы жиында өткенімізге ой жіберіп, келешекке бағдар түзуді әдетке айналдырғанбыз.
Бүгінгі әлемдегі өзгерістердің аса қарқынды жылдамдығын байқамау мүмкін емес. Мұндай жағдайда білім беруді болашақтың даму тенденцияларына бағыттау, жаңа экономика талаптарына лайықтау міндеті – бәрінен басым түсетін, баршаға ортақ аса маңызды миссияға айналмақ. Шындығына келгенде, біз балаларды қазіргі экономика үшін емес, келбеті енді ғана айқындалып келе жатқан мүлде жаңа, қатаң бәсекеге негізделген, креативті (жасампаз) экономикалық ортадағы өмірге әзірлеуіміз керек. Сондықтан, уақыттан да оза жүруге жұмыс істеу қажет!
Яғни, біз ұзақ мерзімді перспективаны көздеп еңбек етуіміз керек!
Жаңғырып жетілудің мүлде жаңа, мазмұндық және сапалық тұрғыдан бұрынғыдан бөлек, әлдеқайда биік сатысына көтерілуге ұмтылған елімізге жасампаз, білікті, өзгерістерден қорықпайтын мамандар қажет. Бұл Елбасының тұжырымы, нақты тапсырмасы, білім саласын ұйымдастырушы Сіз бен Бізге аманаты!
Осы ретте, біздің ұдайы назарда ұстайтын ерекше маңызды көрсеткішіміз – түлектеріміздің жұмыспен қамтылуы. Расында, жас мамандар келешек кәсібiне сай, сапалы білім алып, мамандығы бойынша еңбек етсе, құба-құп.
Алайда, нақты өмірде, көп жағдайда олай бола бермейді. Мойындау қажет, бізде бұл мәселеде келеңсіздіктер аз емес. Түлектерді бір мамандық бойынша даярлаймыз, ал олар мүлде басқа саладан орын табады. Олардың қабілеті мен нарықтағы жағдайды ескере отырып, түлектерді дұрыс бағыттау – біздің міндетіміз.
Экономикадағы тенденциялармен, білім берудегі жаңалықтарға ілесе отырып, өзгерістерге лезде бейімделу, шұғыл да шапшаң әрекет ету – қазіргі білім беру жүйесінің ең маңызды қасиетіне айналды. Яғни, өзгерістерді өзімізден, басқару жүйесінен бастауымыз керек!
Сонда ғана біз ел экономикасындағы шұғыл өзгерістерге тез бейімделіп, ілесе алатын, жаңа замандағы өмірге бейім мамандарды дайындай аламыз.
Өзгерістерден тысқары қалып қоймауы үшін, басқару жүйесінің өзі жаңалықтарға бейімделе алуы шарт. Бұл барлық салаға қатысты, десек те, соның ішінде, білім беру саласы бірінші кезекте тұруы тиіс.
Баланың өресінен туатын адам капиталы, оның білімі мен өмір дағдыларын қалыптастыру – біз үшін бүгінгі күннің басты басымдығы, экономикалық даму мен қоғам болып кемелденудің негізгі драйвері!
Өйткені, адами капитал – мұнайдан әлқеқайда қымбат, баға жетпес ресурс, елдің дамуын анықтайтын шешуші фактор.
Қайталап айту артық болмас – ол ХХІ ғасырдың екінші жартысында елдің және әрбір адамның әл-ауқатының өсуінің, қоғамның дамуының негізгі факторы!
Адами капитал, ең алдымен, білім беру саласы арқылы қалыптасады. Оны қалыптастырудағы білім саласының үлесі кез-келген басқа саладан әлдеқайда жоғары. Сондықтан да, бұл саланы әлеуметтік қамсыздандыру, зейнетақы жүйесі, мемлекеттік басқару, қорғаныс және қауіпсіздік сияқты шығынды көп талап ететін салалармен бір қатарға қоймай, керісінше, мол қосымша құн қалыптастыратын инвестициялық сала ретінде қарау қажет.
Мойындауымыз керек, қазіргі таңда біздің елдегі адами капитал саласы көп жағдайда бәсекелестікке жол ашатын артықшылық емес, қайта дамуға кедергі болар кемшілік болуда.
2017 жылы дамушы елдерде, соның ішінде Қазақстанда жұмыс істейтін инвесторлар арасында жүргізілген сауалнама қорытындылары жарияланған. «Қазақстанда жұмыс істеуге кедергі болатын басты фактор не» деген сұраққа, инвесторлар «жергілікті мамандар біліктілігінің төмендігі» деп жауап берген. Бұл фактордың кері ықпалы аталған сауалнамада сыбайлас жемқорлықтан да асып түскен!
Тура осы жағдай жастар арасындағы жұмыссыздыққа да себеп. Қазірдің өзінде жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі ересек тұрғындар арасындағы жұмыссыздықтан жоғары және, өкінішке қарай, бұл көрсеткіштің еліміз бойынша соңғы жылдары өсуі байқалуда.
Жұмыссыз жастардың саны статистика бойынша, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,9% болса, 2018 жылдың бірінші тоқсанында бұл деңгей 4,1%-і құрады.
Сондықтан, бізге білім сапасы мен дағдының көкжиегін кеңейтетін жан-жақты «жаңғыру» жобасы қажет. Егер біз ХХІ ғасырдың жаңа даму логикасын ескеріп, тез бейімделмесек, артта қала береріміз анық.
Бірнеше ай бұрын «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларына бағалау жүргізді. Бұл зерттеу нені көрсетті?
Біріншіден, студенттердің уақытын зая қылатын қажетсіз пәндердің көп екендігі анықталды.
Екіншіден, ІT мамандығы бойынша жасақталған оқу бағдарламалары (силлабустары) нарықтың қажеттіліктеріне мүлде сай емес. Осындай жағдай басқа да мамандықтарға тән. Бұл мәселе барлық мемлекеттік жоғары оқу орындарына ортақ. Әрине, көп жағдайда оқытушы жалақысының аздығы мен нарықтағы білікті мамандарды білім мен ғылым саласына тарту мүмкіндігінің болмауына да байланысты болар.
Студенттер үшін білім алу траекториясын таңдау мүмкіндігі жоқ, көптеген орта арнаулы және жоғары оқу орындарында студенттердің таңдаған пәндері бойынша бағдарлама жасақтау және оқыту жұмысы немқұрайлы жүзеге асырылады. Студенттің жолы болып, ізденімпаз ұстаз жолықса жақсы, ал ондай ұстаз табылмаса ше?!
Осы ретте, мен Илон Масктің: «Егер ереже алға басуға кедергі келтірсе, ондай ережеден батыл бас тарту керек», – деген сөзімен келісемін. Оқу бағдарламалары уақыт талабына сай болмаса, оны қолданудың не керегі бар? Үйреншікті жоспар, жауыр болған сабақпен жүре бергісі келетін ұстаз – баланың болашағына, яғни елге нұқсан келтіреді!
Барлық жоғары оқу орындары, соның ішінде, жергілікті университеттер осы айтылғанды ескере отырып, білім беру бағдарламаларын жыл сайын жаңартып, қайта әзірлеуі қажет. Биылдан бастап күшіне енген академиялық еркіндік қағидасы Сіздерге оған жол ашты.
Ақпараттық, сандық технологиялар адам қызметінің барлық салаларына, соның ішінде өндіріске дендеп кіргенін түсіну қажет. Сондықтан білім беру саласындағы IT-технологиялармен байланысты жаңалықтар әсте сән емес, ол – уақыт талабы!
Менің білуімше, кез келген елдің білім беру жүйесі шешуі тиіс ЕКІ ҒАНА басым міндет бар. Ол – білім берудің жоғары сапасын қамтамасыз ету және сол сапалы білімді баршаға қолжетімді ету. Ақпараттық технологиялар осы екі міндетті де тиімді шешуге жол ашады. Білім берудегі ақпараттық технологияларды кеңінен қолдап, дамытуға балама жоқ! Мұны барлық ұстаздар түсініп, оған ден қоюға міндетті!
Бұған дейінгі, индустриалды замандағы білім берудің басты міндеті жаппай сауаттылыққа қол жеткізу болатын. Сондықтан да мектеп, балаларды топ-топқа бөліп, бәріне ортақ талап қоятын конвейер үлгісімен жасалды.
Қазіргі мақсат ол емес. Бүгінгі балалардың дені мектепке сауат ашып, яғни әріп танып, санауды біліп келеді. Қазіргі міндет – әр баланың жеке қабілетін, қажеттілігін, мүмкіндігін ескере отырып оқыту. Оны “персонализация” (personalization) дейді. Бұл міндетті шешу үшін мұғалімдердің санын күрт көбейту керек, ал ол мүмкін емес. Оның жалғыз ғана баламасы – әр балаға бейімделіп жұмыс істейтін ақпараттық технологияларды дамыту.
Заманымыздың жаңа келбетін айқындаушы Төртінші индустриалды революция – бұл барлық өндірістік процестерді автоматтандыру және ақпараттандыруды білдіреді. Сондықтан, түрлі жаңа форматтағы заманауи көзқарасты жаңа кадрларды талап етеді, жаңа мамандықтар ашады.
Бізге сол міндеттерді орындай алатын, жаңаша шешім қабылдайтын озық ойлы және креативті адамдар болуы қажет.
Сол себепті, біз 2014 жылдан бастап балаларымызды кезіндегі Кеңестер Одағының мақтанышы болған Мәскеу мен Санкт-Петербургтің озық инженерлік жоғары оқу орындарына мақсатты түрде оқуға жіберудеміз. Осы жазда біз Ресей Федерациясының гранты бойынша оқып жатқан 452 қызылордалық студенттің 65 алғашқы түлегін күтудеміз.
Сонымен бірге, біздің жастарымызға мамандандырылған «Киберқауіпсіздік» және «Процестерді математикалық модельдеу» саласында М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік университетіне жыл сайын 20 грант бөлінді.
Ақпараттандыру мен технологияларды енгізу бойынша Ресейдегі көшбасшы аймақ Татарстан Республикасындағы Иннополис университетінде ақпараттық және сандық технологиялар бойынша жыл сайын тағы 20 түлектің білім алуына Татарстан Президентімен (аймақ есебінен қаралған) келісіміміз де бар.
Бұдан басқа, осы жылдың шілде айының басында Астанада біз Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Парламентаралық Ассамблеясы аясындағы жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойдық. Жоғары оқу орындарына түсу емтихандарын үздік тапсырған Қызылорда облысы мектептерінің түлектеріне жыл сайын Санкт-Петербургта оқуға 10 білім грантын бөлетін болды.
Өскелең ұрпаққа, олардың ата-аналарына ыңғайлы болсын деп қазір «Мәскеу-Қызылорда» әуежолын аштық. Жетісіне төрт рет қатынайтын «Аэрофлот» компаниясы әуе лайнерінің билетін ертерек сатып алсаңыз тіпті тиімді.
2018 жылы Санкт-Петербург экономикалық форумы аясында жаңа технологиялардың компанияларға әсері бойынша жүргізілген сауалнама нәтижелері жарияланды. Ірі кәсіпкерлердің 62%-і болашақта жасанды интеллекттің зор ықпалына қарамастан, адамдардың еңбегіне жүгінулері бүгінгіден кем түспейді деп есептейтіндерін айтқан. Алайда, цифрландыру жүйесі еңбек дағдыларына қойылатын талаптарды өзгертетінін дұрыс түсіну керек. Болашақта адамдар қызмет саласын жиі өзгертуге мәжбүр болады, олардың мансабы қазіргідей бір бағытты болмайды! Бұл жағдайда кәсібін неғұрлым тез, әрі қиналмай өзгертуге қабілетті, аса білімді адамдар ғана табысқа жетеді.
Сондықтан да, ұдайы білім ала білу дағдысы алдыңғы білімнің жылдам ескіруіне байланысты өте маңызды болмақ. Бір сөзбен айтқанда, заман күнде оқуды, күнде ізденуді талап етеді!
Оның үстіне жаңа буынның білім алуы мен тәрбиесіне білім беру жүйесі ғана емес, жасөспірімдерді қоршаған ортаның барлығы жұмылуы қажет.
Үй, балабақша, мектеп, ортасы, тұрмысы, өмір-салты, ойын-сауық мүмкіндіктері – барлығы жан-жақты даму мақсатына жұмыс істеуі керек.
Бізде, өкінішке қарай, технологияларды енгізу және пайдалану, әлеуметтік белсенділік пен кәсіпкерлікті қолдау, коммуникация және дизайн, сондай-ақ, мектептегі оқу бағдарламасына кірмейтін ғылымдар саласында таланттарды анықтау мен қолдауға қажетті инфрақұрылым жетіспейді, тіпті жоқтың қасы деуге болады.
Бұл тұрғыда Ресейдің «Кванториум» тәжірибесі бізді қызықтырып отыр. Бұл жоғары технологиялық құралдармен жабдықталған және жоғары білікті инженерлік кадрларды даярлау, инновациялық технологиялармен идеяларды дамыту, тестілеу және енгізу мақсатында құрылған балалар технопарктері.
Меніңше, бұл тәжірибені Мемлекет басшысының Жолдауында қойылған балалар технопарктерін және бизнестің желісін құру жөніндегі міндеттер аясында іске асыруға болады. Бұл үшін аймақта дарынды, ізденімпаз жастарға жаңа өнім жасауына қолайлы кеңістік құру қажет.
Оны іске асыруды жастар саясаты, білім, индустриялық-инновациялық даму, кәсіпкерлік және туризм және жақында ғана құрылған сандық технологиялар басқармаларына тапсырамын!
Сапалы білім алуға қол жеткізудегі кейбір кедергілер талантты жастарды басқа елге барып, оқудың қолайлы жағдайын іздеуге мәжбүр ететіні құпия емес. Бүгінде, кейбір мәліметтерге сәйкес Ресейде 75 мың қазақстандық студент гранттар бойынша оқиды, 130 мыңнан астам студент грант және ақылы бағдарламалар бойынша шет елдерге кеткен. Олардың барлығы ертең елге қайтып келе ме? Күмәнім бар!
Бұл да ашық бәсекенің бір көрінісі. Біздің ең ақылды, дарынды балаларымызды алып кетіп, өздерінде қалдыру үшін басқа облыстар ғана емес, басқа елдердің де таласы бар.
Қазіргі қабілетті жастардың алдында шексіз мүмкіндіктер ашылады. Біз оны жасанды шектей алмаймыз. Оларды алып қалу үшін оңтайлы жағдай жасаудан басқа амал жоқ. Яғни, мектеп те, колледж де, университет те барымен тұйықталмай, әлемде бар білім мен жаңалықты алып келіп, оқушыларға ашып беруге міндетті! Бұған тағы да қазіргі технологиялар жақсы мүмкіндік береді.
Біздің оқу орындарымыз осыны жасап жатыр ма?!
Тағы да күмәнім бар!
Бұл бүгінгі күні біз жол беріп жатқан кемшіліктің бірі. Мұның себебі, біздің білім беру жүйесінің жаңа заман талабына сай әлі де жетілмегендігінде және біздің бұл мәселеге әлі де дендей алмағанымызда…
Статистикаға назар аударсақ, қазіргі таңда, біздің өндірісте жастардың бар-жоғы 10% еңбек етсе, құрылыс саласында өрендеріміздің 7%-і ғана жұмыс жасайды.
Ал, көтерме және бөлшек сауда орындарында жұмыс жасайтын жастар 17 процентті құрайды. Қара жұмыс жасайтын және 3-5 адамның басын қосып жұмыс ұйымдастыра білетін жастар жоқтың қасы. Жастар арасында жұмысшы мамандықтар сән болудан қалған. Бұл да арнайы қарайтын маңызды мәселе деп ойлаймын. Өйткені бізге дәл қазір сондай жұмысшы қолдары жетіспейді.
Қашанғы көрші елдердің арзан жұмыс қолына қарап отырамыз? Айтпақшы ол елдер де соңғы кездері қарқынды нарықтық даму жолына түсуде, ертең-ақ олар біздің негізгі бәсекелесімізге айналады. Жастар арасында білімсіздік, еңбек етуге машықтанбау, нарық пен кәсіпкерліктен хабары жоқ жастардың көбеюі қылмыстың өршуіне де себеп болады. Алматыдағы Денис Теннің өліміне алып келген қылмыс соған мысал. Ол қылмысқа барған екі жас та біздің қоғамның мүшесі.
Олардың жексұрын қылығы мен аянышты тағдырына оларды оқытып, тәрбие берген ортасы кінәлі емес деуге бола ма? Тәрбие бере алмаған ата-анасы, білім беріп, өмірге дайындай алмаған мектебі, қамқорлық жасап, бағыттай алмаған қоғамның да жауапкершілігі бар?!…
Сондықтан да бірде-бір баланың назарсыз, бірде-бір түлектің бағдарсыз қалмауы өте маңызды.
Осыны ескере отырып, жыл сайын 100 дарынды әрі талапты ауыл балалары, оның ішінде, аз қамтылған және көпбалалы отбасынан шыққан жастарды еліміздің белді жоғары оқу орнына облыс әкімінің грантымен оқуға жолдаудамыз. Биылғы жылы оқу грантының санын 100-ден 205-ке дейін немесе 2 есеге ұлғайттық! Осылайша, бүгінгі таңда грант иегерлерінің саны 900 адамға жетті.
Биылғы жылдан бастап ІТ-мамандықтарына жыл сайын бөлінетін гранттардың 70%-ін арнауды жоспарлап отырмыз. Олардың болашақта туған елге қайтарымы болады деген үмітіміз зор!
Биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша облыс түлектерінің орташа көрсеткіші 85,2 балды құрады. Бұл былтырмен салыстырғанда 2,42 балға жоғары (2017 жылы – 82,4 балл). Былтыр түлектердің 97%-і оқуға түскен. Биылғы жылғы жоғары және орта оқу орындарына түсуі туралы мәлімет енді шығады. Биыл да нәтиже жаман болмауы тиіс.
Жалпы, жоғары сынып оқушыларын жақсы – жаман, озат немесе нашар оқушыға алаламай, барлығын бірдей үлкен өмірге бағыттай білу – мектеп директорынан бастап, барлық мұғалімдер атсалысатын аса маңызды міндет. Қылмыскер де, экстремист те, бұзақы да мектеп қабырғасынан бағыт-бағдарсыз шыққан баладан шығады!
Әрине, тәрбие мен бағдар беру мектеппен шектелмейді. Кейде мектептен жап-жақсы негіз қалыптастырып келген бала, оқудың кезекті сатысында қажетті білім мен қолдау таппай бүлінеді.
Зерттеулерге сүйенсек, қазақстандық колледж және университет түлектері арасындағы ертеңіне нық сенімді жастар үлесі өте төмен. Жасампаздық, бастамашылдық, кәсіпкерлік және көшбасшылық дағдылар қалыптастырып, жалындап тұрған түлек көп емес. Бұл дерт Қазақстан ғана емес, басқа көрші елдерге де тән. Жаңа уақытқа бейімделу міндеті де баршаға ортақ. Көп елдің әдіскер мамандары мен зерттеу орталықтары осы бағытта ізденуде. Оларға құлақ түріп, тәжірибесін зерттеу міндеті де назардан қалмауы тиіс.
Жақында менің қолыма Ресейдің стратегиялық зерттеулер орталығы мен Жоғары экономика мектебінің ұжымдары дайындаған Ресейдегі адам капиталын дамытуға арналған зерттеуі мен соның негізінде дайындалған ұсыныстары тиді.
Аса беделді мамандардан құралған ғалымдар тобы зерттеулерін қорыта келе, жаңа замандағы бәсекеге дайын болу үшін Ресей басшылығы білім беру жүйесінде мынадай мәселелерге ерекше назар аударуы қажет дейді:
Бірінші. Балаларды ерте жастан дамытуға жағдай жасалуы тиіс. 1-3 жас аралығында ата-ана мен тәрбиешілер нәресте санасының қалыптасу ерекшеліктерін ескере отырып, бала дамуына қажетті барлық жағдай жасауға міндетті.
Екінші. Цифрлы дәуір мектебін құру қажет. Яғни қазіргі ақпараттық технологиялар мен білім беру мақсаттарын ұштастыру арқылы әр баланың сапалы білім алуына жағдай жасалуы тиіс. Ол туралы жоғарыда кеңірек айтылған болатын. Бұл сіздерге түсінікті деп ойлаймын.
Үшінші. Мектептердің материалдық инфрақұрылымын күшейту керек. Яғни, мектеп ғимараты, сыныптары, лабораториялары мен құрал-жабдықтары заманға сай болуы шарт.
Төртінші. Білім беру жүйесі барлық балаға теңдей дәрежеде сапалы білім алуға жағдай жасауы керек. Ауыл мектебі мен қала мектебі, орталық пен шет мектеп, үлкен мектеп пен шағын мектеп арасында сапа айырмасы болмауы қажет! Мектеп ішінде де балаларды алалауға жол беруге болмайды.
Бесінші. Мектептер мен колледждерде жаңа технологиялық білім мазмұнына жете көңіл бөлінуі қажет.
Ол робототехника, IT сауаттылық, крафтинг секілді жаңа бағыттар мен дағдылар.
Алтыншы. Аса дарынды балаларды анықтау, қолдау және олардың ілгері жылжуына жағдай жасау жүйесі. Меніңше, бізде бұл жағы жақсы жолға қойылған. Назарбаев зияткерлік мектептері соның бір мысалы.
Жетінші. Жасына қарамастан, барлық адамдардың үздіксіз, ұдайы білім алуына, біліктілігін арттыруға және жаңа мамандық пен дағдылар игеруге жағдай жасау.
Сегізінші. Аймақтық жоғары оқу орындарының жергілікті жердегі инновациялық орталық ретінде дамуына жол ашу қажеттігі. Ол үшін алдымен өз мектептеріміздің озат түлектеріне жергілікті университетте қалып білім алуына, әрі қарай зерттеулермен айналысуына жағдай жасалуы қажет.
Тоғызыншы. Мектеп бағдарламасының жаңа мазмұны, соның ішінде жан-жақты сауаттылықпен қатар балалардың денсаулығы мен өмір дағдыларын қалыптастыру қажеттігі. Бізде сауаттылық тұрғысынан мазмұн белсенді түрде жаңаруда, алайда тәрбие жұмысы, денсаулық пен өмір дағдыларын дамыту мәселелеріне көңіл бөлінуі қажет-ақ.
Оныншы. Білім беру саласын дамытуға қажетті мамандарды даярлау, қайта даярлау және оларды ұдайы оқыту жүйесін дамыту. Бұл шын мәнінде аса өзекті тақырып. Ұстаздар және білім беру ісін ұйымдастырушыларды дайындау жұмысы түбегейлі түрде қайта қарауды талап ететіні анық.
Осы аталған он ұсыныспен бірге басқа да елдердің тәжірибесіне ден қойып, мүмкіндігінше, әрқайсысын бөлек жобаға айналдырып, нақты нәтижелерге қол жеткізу мақсатында білім басқармасы аясында жобалық басқару тетіктерін енгізу мүмкіндігін қарастыру қажет.
Білім басқармасына айтылған ұсыныстарды мұқият зерттеп аймақтық білім беру жүйесін жетілдірудің жаңа жоспарын –жол картасын дайындау тапсырылады.
Құрметті ұстаздар!
Әріптестер!
Күмән жоқ, Тәуелсіз Қазақстанның 2050 жылғы жағдайы мен әлем елдері арасындағы орны алдағы 5-7 жылда біздің балабақшаларымыз бен мектептеріміздегі, колледждер мен жоғары оқу орындарындағы білім саласындағы өзгерістермен анықталады.
Ол өзгерістердің мазмұны, сапасы мен жылдамдығы осы отырған ортаға байланысты, біздің атқарған қызметімізге, ісімізге деген адалдығымызға байланысты.
Әрине, өмірдің ағысына ілесіп, өзгерістерді сырттан ғана бақылап, өзгенің жасағанын сынап, енжарлықпен жүре беруге де болады. Ол оңай. Көпшілік солай өмір сүреді. Бірақ жас ұрпақты, сол арқылы қоғам мен елді алға сүйрейтін олар емес. Оны жасайтын – күнделікті өмірі мен қызметінде көзге көрінбейтін жаңалық, бірден еленбейтін өзгеріс әкелуге дайын адамдар.
Солардың күнбе күн жасаған жақсылықтары жинала келе айналаны адам танымастай етіп түрлендіретін өзгерістерге ұласады. Олай болса, бәріміз сол ортадан табылуға тырысайық.
Сөзімді, Сингапурлық экономикалық ғажайыптың негізін қалаушы, Сингапурдың тұңғыш Премьер-Министрі Ли Куан Юдың сөзімен қорытындылағым келеді: «Өзгерістер мен жаңаны қабылдауға бейім мәдениеттер қана өміршең болады. Оған дайын еместері артта қалып, құрдымға кетеді».
Сондықтан, өзгерістерге ашық, Ел мұраты мен ұрпақ тәрбиесіне адал болайық!
Елбасының тәуелсіздіктің алғашқы жылдары өткізген білім қызметкерлерінің І құрылтайында айтқан «Келешекке – кемел біліммен!» деген ұран-аманатын бірлесіп іске асырайық!
Өйткені, жас өркенді біліммен қаруландырып, қанатын қатайтып, әлемдік бәсекеге қосудың кілті – Сіздердің қолдарыңызда, мәртебелі ұстаздар!
Бұл – Сіздерге жүктелген абыройлы міндет!
Сол ұлы істе абыройларыңыз қашан да биік болғай!
Жаңа оқу жылдарыңыз жемісті де жеңісті болсын!
Рахмет!
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<