Облыс әкімінің білім гранты 2 есеге көбейді

342

0

Облыс әкімінің білім гранты 2 есеге көбейді Қызылорда облысы әкімінің жастарға арналған білім гранттарының саны биыл 2 есеге көбейді. Олардың 70%-ы ақпараттық технологиялар саласындағы мамандықтарға бөлінеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аймақта жастарға мұндай қамқорлық 2013 жылдан бері жасалып келеді. Бұл қолдау негізінен ауылдық жердегі көпбалалы және тұрмысы төмен отбасынан шыққан дарынды түлектерге көрсетіледі. Алғашқы уақытта облыс әкіміні атынан 100 грант бөлінетін еді. Биылдан бастап облыс әкімінің гранты екі есеге дейін өсіп, 205-ке жетіп отыр.

2014 жылдан бастап аймақтың мектеп бітіруші түлектеріне Ресейдегі Мәскеу мен Санкт-Петербургтің үздік техникалық жоғары оқу орындарына білім алуға мүмкіндік туды. Бүгінгі таңда алғашқы 75 түлектің 62-сі дипломын алып, елге оралды. Қалған 13 түлек магистратурада оқуын жалғастырады. Оларды жұмыспен қамту мәселесі қарастырылуда. Бұл жұмыстар Елбасы Жолдауы мен «100 нақты қадам-Ұлт жоспары» аясында жүзеге асырылуда.  

Облыстың бірқатар кәсіпорындары аталмыш түлектерді жұмысқа қабылдауға дайын. Олардың қатарында «ҚазАтомПром» ұлттық компаниясы – 11, «Гежуба Шиелі Цемент» серіктестігі – 8 түлекті өздеріне қызметке қабылдауды жоспарлап отыр. Ал «СКЗ-U» күкірт қышқыл зауыты, Қызылорданың кіші тонажды мұнай өңдеу зауыты, «Кристалл менеджмент» және басқа да ірі кәсіпорындар жас мамандарға сұраныс жасап отыр. Бірқатар түлектер мемлекеттік қызметтің кадрлық резервіне алынады.

Үстіміздегі жылдан бастап Ресейдегі М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті «Киберқауіпсіздік» және «Процестерді математикалық модельдеу» мамандықтары бойынша облыс жастарына магистратурада оқу үшін 20 грант бөледі.

Сонымен бірге, Татарстандағы Қазан қаласының «Иннополис» университетінде қызылордалық балаларды оқыту туралы келісім жасалды. Мәскеудегі «Сколково» инновациялық орталығымен ынтымақтастық орнатылуда. Бұған қосымша, үстіміздегі жылдың шілде айында облыс әкімдігі Астанада ЕвраАзЭС-тің парламентаралық Ассамблеясы жанындағы университетпен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Университет жыл сайын оқуға түсу емтихандарын сәтті тапсырған Қызылорда облысының түлектеріне 10 білім грантын бөлетін болады.

Атап өтейік, Ұлттық бірыңғай тестілеу бойынша аймақтың орташа көрсеткіші 85,82 балды көрсетті. Бірнеше жылдан бері Қызылорда облысы ҰБТ көрсеткіштері бойынша алдыңғы бес облыстың қатарына кіреді.

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<