ОН МЫҢ ТЕҢГЕДЕН БАСТАЛҒАН ОТБАСЫЛЫҚ БИЗНЕС

866

0

ОН МЫҢ ТЕҢГЕДЕН БАСТАЛҒАН  ОТБАСЫЛЫҚ БИЗНЕС Қазалылық Жадыра Беркінбаева қыз-келіншектердің көңіліне жағатын, көздің жауын алатын бұйымдар жасайды. Ол бұл жұмысты азғантай ақшамен бастағанын айтады.
– Төрт жылдан астам уақыт бұрын дек­реттік демалысқа шығып, біраз уақыт үйде отыруға тура келді. Үйдің тірлігін түгендеп болғаннан кейін бос уақыт қалады. Соны текке өткізгім келген жоқ. Ойлана келе қолөнермен айналысуға ден қойдым, – дейді жас кәсіпкер.
Жадыраның бизнес бастауына күйеуінен алған он мың теңге жеткілікті болған. Оған таза асыл тастар сатып алып, тапсырыспен адам аты жазылған білезіктер жасапты. Қызығушылықтан туған тірлік уақыт өте келе дөңгеленіп, табыс көзіне айналды. Кәсіпкер келіншектің қасында екі көмекшісі бар. Олар желек (фата), шаш сәндеуіш, гүл бумасы, алқа, білезіктер және тағы басқа кез келген дүниені дайындайды. Бұрын киілген киімдерді әшекей тастармен көмкеріп, адам танымастай  өзгертіп те береді. Сонымен қатар, фетрден кеудеше, сөмке, сәукеле, ламбрекен сияқты небір киім-бұйым тігіп, көптің алғысына бөле­ніп жүр.
Жадыра жуырда фетр қиюға арналған лазерлі станок сатып алды. Құрылғы қыз­дардың жұмысын біраз жеңілдетті. Бұрын фетрден қажетті пішін дайындауға көп уақыт кететін әрі қайшы қолға күш түсіретін. Жаңа аппараттың көмегімен бұдан былай ойыңдағы пішінді компьютер арқылы қажет мөлшерде шығаруға болады. Жас кәсіпкер бізбен әңгімесінде жұмыс бастаған кездегі қиындықтарды күліп еске алды. Айтуынша, ең бірінші сәукелені тігу үшін бір апта уақытын сарп еткен. Қолы үйренгеннен кейін мұндай шаруаны екі-ақ күнде бітіретін болды. Жақында жергілікті би топтарының біріне арнап бір метрлік сәукеле тікті. Бұл ұзындық – әзірге Жадыраның кәсіп бастағаннан бергі рекорды.
Кейіпкеріміздің негізгі мамандығы – психолог. Алайда, қолөнерге деген қызы­ғушылығы оны ойламаған жерден басқа арнаға бұрып әкетті.
– Күйеуім де басқа салада жұмыс істейтін. Бірақ қазір менің жанымда. Осылайша отба­сылық кәсіпті айналдырып отырған жайымыз бар, – дейді қолөнер шебері.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы».
Қазалы ауданынан.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<