Орбұлақ шайқасы: тарихқа тағзым

734

0

 Орбұлақ шайқасы: тарихқа тағзымСәрсенбіде Шымкент қаласында Орбұлақ шайқасындағы жеңістің 375 жылдығына арналған республикалық шара өтті. 

Шара «Ұлт тарихындағы Орбұлақ шайқасы: ұлы жеңістің ақиқаты мен маңызы» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-теориялық конференциямен басталды. Конференцияны ОҚО әкімдігі, ҚР Білім және ғылым, Мәдениет және спорт министрлігі мен М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті және «Жеті жарғы мен Қожаберген жырау» халықаралық қайырымдылық қоры ұйымдастырды. Келелі жиынға мемлекеттік орган өкілдері, Парламент депутаттары мен қоғам қайраткерлері, отандық және шетелдік тарихшы ғалымдар, зиялы қауым, облыс делегацияларының өкілдері қатысты. Конференцияны  ашқан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Орбұлақ шайқасының қазақ елінің тарихындағы ерекше маңызына тоқталды.

 Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  мақала­сының аясында өтіп отырған бұл шара тарихты жаңғырту ғана емес, оған тағзым етіп, бүгінгі ұрпақ бойына ерлік рухты сіңіру болмақ. Тәуелсіз еліміз Орбұлақтағы Жеңістің 350 жылдығын алғаш рет 1993 жылы атап өткен болатын. Орбұлақ шайқасы өткен жерге ескерткіш белгітас орнатылып, түрлі шаралар өткізілді. Міне содан бері ширек ғасыр өтті, бүгін оңтүстік жерінде тарихи жеңісті ұлықтап, халық қаһармандары Салқам Жәңгір хан мен Жалаңтөс баһадүрге орнатылған ескерткіштің ашылу салтанаты болатынын жеткізді.

Келелі жиында ҚР Ұлттық Ғылым академиясының прези­денті М.Жұрынов, сенатор Ә.Бектаев, мемлекеттік Елтаңбаның авторы Жандарбек Мәлібаев ұлт болып ұйысу жолында осындай іс-шаралардың маңызы жоғары екенін айтты. Республикалық ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары, тарих ғылым­дарының докторы Өмірзақ Озғанбаев Орбұлақ шайқасы туралы алғашқы деректерді жеткізушілер туралы айтып, Ресей елшілерінің нақты мәлімет келтіргенін баяндады.

Олардың 1644 жылғы хабарламасында «Біз барғанда қон­тайшы ұлысында болған жоқ… 50 мың әскермен Қазақ ордасының Жәңгір сұлтанмен, Жалаңтөс және Алатау қырғыздарымен соғысқа кеткен екен» деп жазады. Орыс елшілері Жоңғар қолбасшысының қазақтармен соғыста он жарым мыңдай әскерінен айырылып, түтігіп, шаршап-шалдығып күзгі суық түсе келгенін жазып қалдырған. Жәңгір бастаған қазақ қолы Орбұлақтың қия беткейінде қойтастарды паналап, улы жебемен жауын қарсы алып, сасықтекенің түтінін пайдаланып соғысқан. Самарқаннан Жалаңтөс баһадүр жиырма мың әскермен көмекке келіп жоңғарларды талқандап, шайқастың тағдырын шешеді. Қайраткер ғалым бұл жеңіс ұлт тарихындағы бетбұрысты кезең болғанын атап өтіп, оны тереңдетіп зерттеу қажеттігіне тоқталды.

Жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Бексұлтан Нұржекеев Орбұлақ шайқасының маңызын әлі де түсінбей жүргендер бар екенін айтып тарихи деректерді алға тартты. Шайқас болған жерлер соғыс шындығына сәйкес келеді. Ол жерлерде  оқпаналар орны бүгінге дейін сақталған. 

– Орбұлақ шайқасы қазақтың біртұтастығының, ұлттық бірлігінің жарқын көрінісі. Батыр бабаларымыз әскери тактиканы өте керемет меңгеріп жауды айламен, ақылды күшімен жеңген. Жәңгір хан Орбұлақтың маңын жіті зерттеп, алдын ала жоспар құрған. Арнайы оқпаналар қазып, жаужүрек 700 жауынгермен көмек келгенше 50 мың әскерге төтеп берген. Біз тарихымыздағы батыр бабаларымыздың ұлы жеңістерін дәріптеу арқылы ұрпақ санасына сілкініс жасай аламыз – деді жазушы.

Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, мемлекет және қоғам қайраткері Сейілбек Шаухаманов Жалаңтөс баһадүр туралы алғашқы деректердің туған еліне қалай оралғаны туралы естеліктермен бөлісті. Киелі әулиелердің мекенінде мәңгі тыныс тапқан ұлы тұлға Ислам дінін ерекше құрмет тұтқан. Түркі халықтарының тағдырында шешуші рөл атқарған Тұран батырының ұлы есімі ұрпақ жадында мәңгі жаңғыра бермек. Өзбекстандық ғалым Эркин Мусырманов баһадүрдің Шығыс сәулет өнерінің інжу-маржандарына айналған ғимараттары туралы тың ойларын ортаға салды. Жалаңтөс батыр даңқты қолбасшы болумен қатар, Шығыс елдері мәдени тарихында сәулет өнеріне ерекше көңіл бөлген. Оның әмірші болған кезінде Самарқанның көркі адам танымастай құлпырады. Әйгілі Шердор, Тіллә Кари медреселері сәулеті жөнінен адамзат тарихында белгілі орын алады. Парсы, Ауғанстан елдеріне барған жорықтарында ол жердегі ең шебер ұсталарды әкеліп, құрылыс салдырған. Жалаңтөс Самарқандты көркейткен, теңдесі жоқ ғимараттар салған Әмір Темір, Ұлықбек секілді ұлы тұлғалармен қатар аталады. Өзбек ғалымы қос елге ортақ батырдың тарихын зерттеуде бірлесіп атқарар жұмыстардың баршылық екенін еске салды.

 Конференцияда белгілі ғалымдар Амангелді Айталы, Бүркіт Аяған, Дария Қожамжарова, Зиябек Қабылдинов және басқалары мазмұнды баяндама жасады. Бұл құнды деректердің барлығы да арнайы шығатын кітапқа енгізілетін болады. Айтулы шараға арналған облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың құттықтау хатын «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ержан Байтілес табыстаса, «Жалаңтөс баһадүр» республикалық қорының төрағасы Нәжмадин Мұсабаев ұйымдастырушыларға батырдың бейнесі салынған кілемше сыйға тартты. Басқосу қабылдаған қарарда үкіметке Жәңгір хан мен Жалаңтөске Астана мен Алматы Самарқан қалаларында ескерткіштер орнату, шайқас тарихы туралы мектеп пен жоғары оқу орындарының бағдарламасына арнайы тарау енгізу, әскери оқу орындарында соғыс тактикасын оқыту жөнінде ұсыныстар айтылды.                                

Қазығұрттың басында кеме қалған

Ол әулие болмаса неге қалған, – деп әйгілі аңызда жырлағандай түс ауа қасиетті, табиғаты көркем Қазығұртқа жеттік. Осындағы Нұқ пайғамбардың кемесі қайырлаған киелі орында кеменің символдық макеті тау басында менмұндалайды. Шарапхана елді мекенінде халық қаһармандары Салқам Жәңгір хан мен Жалаңтөс баһадүрге арналған еңселі ескерткіштің ашылу салтанаты өтті. Ескерткіштің лентасын қоғам қайраткері Қ.Айтаханов, Ө.Озғанбаев, С.Шаухаманов бастаған ел ағалары салтанатты жағдайда қиып, халық ақыны Әселхан Қалыбекова бұл шараның ұрпақ үшін маңызы зор екенін айтты.

Шымкент-Ташкент халықаралық күре жолының аталған елді мекен тұсындағы биік жотада Орбұлақ шайқасының 375 жылдығына арналған ерекше мемориалдық кешен бой көтерді. Оның қасбетінде Жәңгір хан мен Жалаңтөс баһадүрдің ат үстіндегі бейнелері ерлік рухын көтереді. Ал осынау «Батыр бабалар» мемориалдық кешені орналасқан алаңның сыртқы жағын тұтастай тұйықтайтын гранит қабырғада бірнеше паннолар орналасқан. Оның бірі «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атанған зар заманды бейнелейді. Екіншісінде Орбұлақ шайқасының көріністері айшықталған панорамалық қабырғада ұлы жеңіске қол жеткізуде ерекше көзге түскен екі қолбасшымен бірге, Шапырашты Қарасай, Арғын Ағынтай, Алшын Жиембет, Қаңлы Сарбұқа, Найман Көксерек, Дулат Жақсығұл, Суан Елтінді және қырғыз  Көтен мен Табай батырлардың аты-жөндері енді өшпестей етіліп, гранит тасқа қашалған. Аталған қабырғаның ортасына ескерткіш кешеннің Орбұлақ шайқасындағы ұлы жеңістің 375 жылдығына арналғаны туралы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде түсініктеме жазылған, белгітас орнатылған. Ескерткіш кешен мұнан әрі «Жастар саябағына» жалғасады.

Орбұлақ шайқасына арналған мемориалдық кешенді белгілі азамат, «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» халықаралық қайырымдылық қорының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заңгер Бекет Тұрғараев өз қаржысына салдырған. Мұндай ауқымды істі бір өзінің атқарып шығуы шараға жиналғандардың үлкен ризашылығын туғызды. Ұлтын сүйетін бірегей Бекет бұл жұмысты бастамас бұрын Орбұлаққа барып шайқас өткен жерді көріп, сонда шейіт болған сарбаздарға құран бағыштап қайтыпты. Ал былтыр қаңтар айында Самарқандқа жол тартып, Дағбит қыстағында Махуми ағзам қожа қорымында жатқан Жалаңтөс баһадүрдің басына барып құран бағыштап, тағзым еткен. Осылай ұлы бабалардың рухымен сырласқан ол тау басында алып кешенді салып, президенттік парызы мен қарызын өтеп, халық игілігіне берді. Жиында боздақтарға құран бағышталып, ас берілді.   

Шараға қатысқан облыс делегециясы құрамындағы белгілі азаматтар Қуанышқали Шапшаңов, Сайлаубай Әбішов, Бегімбай Ұзақбаев, Болатбек Пұсырманов, Жұлдызбай Мұсаев және басқалары оңтүстікте өткен үлкен шараның тағылымы мен өнегесі мол болғанын айтады. Рухани жаңғыру кезеңінде мұндай жұмыстардың жас ұрпаққа берері мол болуымен қатар, ұлтымыздың бірлігі мен тірлігіне алтын арқау болатыны ақиқат. Тарихқа тағзым етіп, бабалардың өшпес ерлігін дәріптеудің жарқын көрінісі осы шара болды. Өйткені, Орбұлақ шайқасы ұлт тарихында алтын әріптермен жазылған жасампаз жеңіс.  

Жұматәли ӘБДІРАМАН,

«Сыр бойы».

Қызылорда-Шымкент-Қызылорда.

Бағдат ЕСЖАНОВ (сурет).

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<