ОЗЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ӨНДІРІС ОРНЫ

361

0

ОЗЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ӨНДІРІС ОРНЫ Қызылорда облысындағы қуатты өндіріс орнының бірі – Жаңақорған ауданында орналасқан «СКЗ-U» ЖШС. Жаңа технологиямен жұмыс жасайтын зауыт 2007 жылы Қазақстан, Канада және Жапония мемлекеттері компанияларының құрылтайшылығымен құрылған болатын. Күкірт-қышқылы зауыты 2010-2014 жылдарға арналған Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында салынған озық технологиялы зауыт елімізде баламасы жоқ өндіріс орны қатарында. Зауыт «Қазатомпром» АҚ-ға қарасты уран өндіретін кәсіпорындарды ең басты реогент күкірт қышқылымен қамтамасыз етеді. Оның қуаттылығы күніне 1500, жылына 500 мың тоннаны құрайды.
Кәсіпорын 200-ден астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Күкірт қыш­қылын өндіру технологиясы бойынша қалдықсыз жұмыс жасауды мақсат ет­кен өндіріс орнында шикізатты өнімге айналдыру үлесі 99,9 пайызды құрайды.
– Тәжірибе алмасу мақсатында көп­теген шетелдердегі осындай зауыт­тардың жұмыстарымен таныстық. Сон­да байқағанымыз, біздің отандық өндіріспен шұғылданатын зауытымыз жаңа технологияны игеруде ешқай­сысынан қалыс қалмайды. Ең қуаныш­тысы – қандастарымыз өндіріс­тегі тың мамандықтарды игеруге талаптанып, құлшыныс танытуда, – дейді зауыттың бас директоры, облыстық мәслихат депу­таты Мәдіхан Бекжанов.
«СКЗ-U» ЖШС күкірт қышқылын өндірумен бірге электр энергиясын да өндіреді. 2013 жылы зауытта өнім өндіріле бастағанда зауыт сағатына 420 кВт-тық өзінің күн электр станциясын іске қосады. Бүгінде аталған электр энергиясы серіктестіктің жұмысшылар тұратын қалашығын толықтай жарық­пен қамтамасыз етіп отыр.
«СКЗ-U» ЖШС еліміздің эконо­микасына үлес қосумен бірге әлеу­меттік жауапкершілікті де қатар алып келеді. Қайырымдылық, демеушілік шараларынан қалыс қалған кезі жоқ. Мәселен, 2012-2016 жылдары серіктестік бұл бағыттағы шараларға  32 млн теңгеден астам қаржы бөл­ген. Сондай-ақ, Кейден ауылында сква­­жина қазып, ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етіп отыр. Ауыл­дың аяқсу мәселесін шешуге де үлес қосты. Жұмысшыларының өмі­ріне жауапкершілікпен қарай­тын серіктестік басшылығы қыз­меткерлердің әлеуметтік жағдайына мән береді. Әлеуметтік пакетке то­лықтай медициналық сақтандыру ен­ген. Мұнымен қоса, зауытта күн сайын қызметкерлердің денсаулығын қадағалайтын тұрақты медициналық пункт жұмыс жасайды.
Серіктестік болашақ мамандарды дайындауда да белсенділік танытуда. Мәселен, бүгінгі күнде кәсіпорын есебінен 3 студент жоғары оқу орнында, 5 студент колледждерде өндіріске қажетті мамандықтарды игеруде. Олар оқуын бітірген соң, осы зауытта жұмыс жасайтын болады. Яғни, өндіріс орны жаңа толқынмен жаңарып отырады деген сөз.

Нұрмахан ЕЛТАЙ.
 Жаңақорған ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<