«Нұр Отан» партиясының құрылған күніне орай, партияның облыстық филиалы төрағасы, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев партия қатарына жаңа мүшелерді салтанатты түрде қабылдап, бірқатар азаматтарды алғыс хатпен марапаттады. Осылайша еліміздегі жетекші партия қатарына кәсіпкерлер, спортшылар, журналистер, үкіметтік емес ұйым өкілдері, студенттер қосылды.
Салтанатты шарада аймақ басшысы партия қатарына жаңадан қабылданған азаматтарды «Партия күнімен» және «Алғыс айту күні» мерекесімен құттықтап, Мемлекет басшысы, Партия Төрағасының стратегиялық жоспарын жүзеге асыру жолында белсенді жұмыс жасауға шақырды.
– Сіздер партия мүшесі ретінде, экономикалық дамудың жоғары қарқынын және барлық азаматтардың әл-ауқатын бұдан әрі арттыруды ел алдындағы міндет деп түсінулеріңіз қажет. Сыр өңірі – талай сындарлы сәтте сыр бермей, алдындағы міндетті табысты жүзеге асырып, жерді ғана емес, ғарышты да игеруге жол салған киелі мекен. Ең бастысы, Елбасы «Алаштың анасына» балаған, қазақылықтың қайнар мекені. Осындай айтулы аймақтың өсіп-өркендеуіне партия мүшесі ретінде сіздердің де лайықты үлестеріңіз болатынына сенемін, – деді облыс әкімі.
Партияның жаңа мүшелері атынан сөз алған «Жалағаш жаршысы» аудандық газетінің бас редакторы Нағымжан Сауяев халықтың қамқоршысына айналған “Нұр Отанның” қатарында болу зор мәртебе екенін айтты.
– Бүгінде «Нұр Отан» елімізде ең басты саяси күшке айналған партия екені сөзсіз. Партия Елбасының басшылығымен еліміздің сенімді түрде алға жылжуына, Тәуелсіздігіміз нығая түсуі үшін халықпен бірге қажымай-талмай жұмыс жасауда. Сондықтан да оған мүше болып, аймақ басшысының қолынан партиялық билет алу бізге үлкен сенім жүктейді. Абыройымыз асқақтай берсін. Ел аман, жұрт тыныш болсын, – деді ол.
Айта кетейік, «Нұр Отан» партиясының құрылғанына биыл 19 жыл толып отыр. Облыста 49 мыңға жуық мүшесі бар.
Шынар БЕКБАН,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<