Президент Нұрсұлтан Назарбаев Астанада халықтық серуенге қатысуда

358

0

Президент Нұрсұлтан Назарбаев Астанада халықтық серуенге қатысудаАстанадағы «Қазақ елі» монументі алдында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Қазақстан халқының бірлігі күні аталып өтуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елордадағы еңселі монументтің алды бүгін ерекше безендіріліп, әр ұлттың өкілдері өзінің ұлттық киімдерімен сахнаға шықты. 1 мамыр мерекесіне арналған халықтық серуен «Қазақ елі» монументінің алдындағы алаңда сағат 11.00-де басталды. Қонақтар елордалық ұлттық мәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдарының, Астана қаласы Мемлекеттік академиялық филармониясының әртістерінің және отандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен «Рухани жаңғыру – бірлік пен тұтастық негізі» атты театрландырылған қойылымды тамашалады. Концерттік бағдарламаны Турецкий хорының «Праздник песни» ән кеші жалғастырып, ерлер ұжымымен бірге сахна төрінде Турецкийдің SOPRANO әйелдер тобы өнер көрсетті. Әйгілі ресейлік топтан кейін сахна төрінде Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестіктері әннен шашу шашты.

Бұдан бөлек, «Қазақ елі» монументінің алдындағы алаңда қазақ күресі, арқан тартыс, асық ату, гір тасын көтеру және қол күрес сынды ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізілетін болады.

Сонымен бірге, дәл бүгін Бірлік күніне орай сағат 13.00-де «Бәйтерек» монументінің алдындағы алаңда «Достық шеруі» велошеруі бастау алады. Шара елордада велосипед тебу маусымын ашады. Сонымен қатар сағат 15:00-де домбырашылардың орындауында «Ұлы дала үні» атты флешмоб ұйымдастырылады. Шара барысында 500 адам Құрманғазының әйгілі «Сарыарқа» күйін көпшілік назарына ұсынады.

Бұдан бөлек қаланың кітапханаларында, музейлерінде, театрларында және басқа да мәдениет мекемелерінде бірлік пен достық мерекесіне арналған тақырыптық көрмелер, спектакльдер мен концерттер өткізіледі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<