Қанатын өрт шалмаған, қайран бұлбұл!

2885

0

Грауденцте соғыс қызып жатқанда «Генерал Рахымовтың дивизиясына концерт қоюға әртiстер келе жатыр» деген хабар тарайды. Туған жерден жырақта от пен оқтың ортасында жүрген жауынгерлердiң қуанышында шек жоқ еді. Бұл кезде совет әскерлерi Польша жерiн жаудан азат етiп жатқан. Жергiлiктi халық жауынгерлердi қуана қарсы алады.

16 күннiң iшiнде 215 шақырымға созылған Польшаның 124 елдiмекенi гитлершiл басқыншылардан тазартылды. Әрбiр адым жер үшiн жантүршiктiрерлiк шайқас болып, совет әскері 1945 жылдың 25 ақпанында Грауденц қаласын қоршауға алады. Оған 37-шi гвардиялық атқыштар дивизиясы мен 2-шi күштi армия бiрiге отырып қол жеткiзген едi.

37-шi гвардиялық атқыштар дивизиясының командирi даңқты қолбасшы, генерал-майор Сабыр Рахымов болатын. Ол концерт қоюға әншi жерлестерiнiң келгенiне қатты қуанады. Елден келген өнер иелерiнiң iшiнде бұлбұл көмей әншi Роза Бағланова да бар еді.
Роза апамыз осы оқиғаны өмір бойы ұмытқан емес, әңгіменің орайы келгенде үнемі мақтанышпен айтып, марқайып отыратын.

– «Араларыңда менiң қарындасым бар екен ғой, қазақтың қызы – Роза Бағланова деген қайсың?» – деп ол кiсi бiздiң арамызға өзi iздеп келдi. Сұңғақ бойлы, шашы қап-қара, қырықтардан асқан кiсi екен. Әңгiме арасында ол өзiнiң туыстары жайында сөз қозғады, кiшкентайдан жетiм қалғанын айтты. Кiм бағып, кiм адам еткенiн, тегiнiң неге Рахымов болғанын, бәрiн-бәрiн айтып бердi, – дедi бірде Қазақстанның Халық қаһарманы, Қазақстан Халық әртiсi, әншi Роза Бағланова әңгiме арасында.

Майдан даласында жүрген жауынгерлердi рухтандырып, көңiлдерiн көтеруге келген өнерпаздарға генерал Рахымов жерлесi Тоғанбайды таныстырады. Қазақстанның мақтанышы, Кеңестер Ода­ғының Батыры, Днепр шайқасының қаһар­маны Тоғанбай Қауынбаевтың май­дан даласында аты аңызға айналып тұрған кез едi. «Отан үшiн» атты май­дан­дық газетте жауынгер-ақын Сағынғали Сейiтовтiң «Тоғанбай» деген өлеңi жарияланған болатын. Елден келген әншiлер шаршағанына қарамай, күнiне үш реттен концерт бердi. Тiптi жау жағының мазалап, оқта-текте оқ жаудырып қоятынына да қараған жоқ.

Біз – жауынгер халықтың ұрпағымыз. Бұл жәй ғана айтыла салған сөз емес, тарихтың ұзақсонар көшінде талай рет айғақталған нәрсе. Өжеттік пен батылдық біздің қанымызда бар. Қай ғасырды, қайсыбір елеулі оқиғаны алсаңыз да, бар ғұмырын аттың жалы, түйенің қомында өткізген ата-бабаларымыздың ерлік пен батырлық дастаны менмұндалап тұрады. Өзге жұртқа қарағанда, бір ерекшелігі – біздің халқымыздың ұлдарымен бірге, қыздары да барлық уақытта өжеттік пен ерліктің символына айнала білген.

Осы «Ұлы Отан соғысы» деген атпен тарихта қалған төрт жылдық қырғында Шығыстың шынарлары Әлия мен Мән­шүк, Хиуаз бастаған қыздарымыз қаһарман халықтың қаны сақталғанын барша әлемге тағы бір әйгілеп берді.

Жаратылысы бөлек, табиғаты батыр­лық пен батылдықтың тұнығынан тарал­ған өр қыздарымыз өз алдына, жаны нәзік, ішкі әлемін сезім иірімдерінің тербетілген әлсіз ғана майдақоңыр талшықтары билеткен өнер иелері де күн туғанда қасқайып, қыр басындағы қан майданның ара­сында жүрді. Сондай оқиғаның бірі атақты әншіміз Роза Бағла­нова­ның басынан өткенін бүгінде ел де жақсы білсе керек.

Жан алысып, жан беріскен ұлы шай­қас қара жердің қара топырағын қанға бояп, қыраттың басы қызарып, ойпаттың іші ойран боп жатқанда, зұлымдықтың найзасына айқара төсін қаймықпай тосып, бұғауға түскен бейқам елдерді фашизмнің құрсауынан босату үшін өлімге бас тіккен кеңестік жауынгерлерге күш беру мақсатында ел-елден өнер адамдары барып, концерт қойып жүрген кездер болатын. Оған да екінің бірінің жүрегі дауалай бермейді, бұған да батырлық пен батылдық қажет.

Алғашында, енді келіп көлік­тен түсерде, генерал «Менің қарын­дасым екенсің ғой!» – деп көтеріп алғанда, өзінің туған қарындасына жолыққандай қатты қуанады. Сонда екі иығына екі кісі мінгендей, ұзын бой­лы, қарулы кісінің қолындағы кіп-кішкентай әнші қыздың балаша мәз болғанын қайтерсіз. Қазақ қайда жүрсе де бауырмалдығын ұмытпаған халық қой, Еуропаның төсіндегі қан майдан даласында кездесіп, бірін-бірі ағалы-қарындас тұтқан екеуіне өзге жұрт қызыға қараған еді.

Әншiлердi генерал Сабыр Рахымов­тың дивизиясына арнайы апарып концерт ұйымдастыратын жөнi бар едi. Ержүрек қолбасшының сарбаздары мұндай құрметке лайық болатын. Мұ­ның алдында Солтүстiк Кавказды бас­қын­шылардан азат етудегi генерал Рахымовтың ерлiгi мен әскери шеберлiгi Сталиннiң өзiн таң қалдырған.

Сұрапыл соғыс жүрiп жатқанда да қолы­нан iс келетiн бiлiктi басшыны таң­дап-талғап отырған. Әскери iстер­дегi генералдың шеберлiгi маршал Рокоссовскийдi де мойындатты. Ол 1-Белару­сь майданының жаңа қолбас­шысы Жуковтан генерал Рахымовты майдандағы жағдайдың тым ауырлығына байланысты 2-Беларусь майданына жiберуiн өтiнген. Рахымовтың 37-гвардиялық атқыштар дивизиясына келу себебi осы болатын.

Оңтүстiк Қазақстан облысындағы Қазығұрт тауының баурайында туып-өскен Сабыр Рахымов өзбек елiн­де тәрбие алған. Сөйтiп төскей­де малы, төсекте басы қо­сыл­ған екi елдiң төл бала­сына айналды. Оның кезiнде «өзбектен шық­қан тұңғыш генерал» атан­ғаны да сондықтан едi. Алайда, ол өзiнiң сүйген жары, майдандас серiгi Құралай Натуллаеваға «Менiң арманым – қазақ болып өлу» деп талай айтыпты.
– Мен – Сабырмен соғыста бiрге болған адаммын. Сабырдың қайтадан қалай қазақ болғаны ұзақ әңгiме. Бұл мәселемен айналысып, ары-берi шап­қыла­­ғаныма елу жыл болды. Бармаған жерiм жоқ, ақырында жоғары әскери училищенiң мұрағат бөлiмiнен «Сабыр Омарұлы» деген құжатын алып барып жағдайды түзедiм. Соның өзiнде 1996 жылы халықаралық сотқа берiп барып, соның арқасында ғана оның қазақ болғандығын дәлелдей алдым, – дегені бар бізбен әңгімесінде генералдың сүйген жары, соғыс ардагерi Құралай Натуллаева.

Генерал Рахымов елiнен келген әр­тiстерге үлкен сый-құрмет көрсетiп, арнайы дастархан жасап, маңайындағы жоғары шендi офицерлердi түгел жинап, келген қонақтармен ашық-жарқын әңгiме құрады. Елге деген сағыныш сезi­мi жеңiп, бiр сәт Роза қарындасымен қазақша сөйлеседі.

Соғыс уағында ең қажет нәрсе – қауiп­сiздiк пен сақтық шаралары. Сабыр Рахымов жауынгерлердi қанаттандырып, соңында өздерiн күткен ел бар екенiн тағы бiр естерiне салып, дем беруге кел­ген қонақтарының жай-күйiне қатты алаңдаған. Алайда майдан даласында талай мәрте қан көрiп құтырынған қанқұйлы фашистер қонақжайлылық таныта қоймапты.

– Бiздi концерт қоюға жауынгерлер орналасқан үйлерге, госпитальдерге алып барады. Кейде «Бұл жер өте қауiптi» деп басқа жерге қарай тасиды. Сөйтiп жүрiп, концерт ұйымдастырып жүрдiк. Бiрде, аз ғана уақытқа дамыл тауып, демалып жатқан кезiмiз едi, «Сақтаныңдар! Жау ұшағы!» деп айғайлаған дауыстар шық­ты да, бәрiмiз сыртқа қарай жүгiрдiк. Артынша, сол жатқан үйiмiздiң төбесiн бомба жапырып тастады. Бақытымыз бар екен, дер уағында шығып үлгердiк.

Қан майданның тап ортасына барса да қанатын өрт шалмаған қазақтың бұлбұл қызы, қаһарман қызы, әншi Роза Бағланованың майдан даласы жайын­да айтар әңгiмелерi аз емес еді. Гене­рал Сабыр Рахымов туралы да көп де­рек бiледi екен. Кезiнде 15 одақтас респу­блика халқының Отаны бiреу ғана болатын. Ондағы барлық жұрт бiр елдiң ғана азаматы едi. Генерал Сабыр Рахымов ресми түрде қазақ болуды туған ел алдындағы борышым деп санаған. Кеңестер Одағының Батыры атағы қаза тапқан соң берiлген генералдың аманаты елу жылдан кейiн орындалған. Бұл жерде генералдың сүйiктi жары Құралай Натуллаеваның ерекше еңбегi мен асқан табандылығын айтпай кетуге болмас. Ол жайында Роза апамыз да айта жүретін. Кезінде өзінің Ташкентте оқығанын, адам баласының басында неше түрлі жағдайлар болатынын айтқанда, генералдың басынан өткен оқиғаларды да түсінетінбіз.

Бауырмал қазақтың қайда жүрсе де қазақтығын танытып отыратын әдеті бар. Әнші мен батырдың майдан даласында ағалы-қарындастай болып табысқан осы оқиғасын бұрын да талай рет айтып, талай рет жазғанбыз. Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойы аталып өтіп жатқан тұста мұны тағы бір еске салғанымыз артық болмас дейміз. Жастардың біле жүргені дұрыс.

Әнуарбек ӘУЕЛБЕК,
ақын, Қазақстанның Мәдениет қайраткері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<