Қармақшыда ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы аталып өтті

894

0

Бүгін аудандық мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Тәуелсіздік тәңір берген тәтті сый» атты салтанатты іс-шара өтті.

Жиынды аудан әкімі Қайрат Ырзақұлұлы ашып, аудан халқын еліміздің ұлық мерекесі Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтады.– Тәуелсіздік туы желбіреген 30 жылда халқымыздың бірлігі мен Елбасы ұстанған «алдымен экономика, сонан соң саясат» қағидаты арқасында халқымыздың тұрмыс жағдайы жақсарып, еліміздің экономикасы дамыды.

Еліміз Тәуелсіздік жылдары қаншалықты толымды табыстарға қол жеткізсе, оған қасиетті Қармақшы елі де өз үлесін қосып келеді.

Аудан экономикасы жыл сайын өсіп, ауылшаруашылығы мен өндірісі қарқынды даму үстінде. Оның бірде-бір дәлелі, биылғы жылы Қармақшы ауданы ауылшаруашылығы саласы бойынша облыс көлемінде «Үздік аудан» атанды. Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында халықтың көптен күткен қуанышы Жосалы кентінде табиғи газ іске қосылды. Қазір 1300-ге жуық отбасы көгілдір отынның игілігін көруде. Оған қоса, «Жаз-қыс мезгілдерінде балалар демалысына арналған лагерь» және «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында 10 тұрғын үйді пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Жалпы 30 жыл ішінде аудан бойынша 67 әлеуметтік нысан, атап айтқанда 14 мектеп, 9 балабақша, 12 денсаулық, 7 мәдениет және 25 спорт нысаны және Байқоңыр қаласында 50 пәтерлік 5 тұрғын үй пайдалануға берілгенБүгінгі маңызды мерекеде баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, бірлігіміз баянды болсын, – деді аудан басшысы өз құттықтауында.

Салтанатты іс-шарада Қармақшы ауданының дамуы мен өркендеуі жолында еңбек еткен азаматтарға Қармақшы ауданының «Құрметті Азаматы» атағы берілді.

Сондай-ақ, егемен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан ардагерлер мен түрлі салада табысты еңбек етіп жүрген қызметкерлерге «Тәуелсіздің 30 жылдығы» мерекелік төсбелгісі, облыс әкімінің, аудан әкімінің алғыс хаттары табысталып, марапат төрінен көрінді.Іс-шара соңы аудан өнерпаздарының мерекелік концертіне ұласты.

Сондай-ақ, іс-шара аясында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған көрме ұйымдастырылды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<