Қазалы ауданына 222 вагон қатты отын жеткізіледі

557

0

Қазалы ауданы бойынша жылу маусымына 20000 тн қатты отын және 2400 тн сұйық отын қажеттілігі жоспарланды. Бұл 4000 әлеуметтік нысан мен 16000 халықтың сұранысы. Бүгінде әлеуметтік нысандарға 3400 тонна қатты отын толық таратылса, қалған 600 тонна көмір денсаулық саласымен жасалынған шартқа сәйкес жылу маусымының екінші кезеңінде жеткізілетін болады.

Осы туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Қазалы ауданы әкімінің орынбасары Жалғас Сүйеубаев мәлімдеді.

– Халық тұтынуы үшін 16000 тонна қатты отын жоспарланып, жеке тұрғын үйлер бойынша өткен маусымнан 3500 тонна көлемінде резервтік отын қоры қалыптасқан. Бүгінгі күнге дейін ауданға 15540 тонна яғни 222 вагон қатты отын жеткізілсе, 2940 тонна яғни 42 вагон қатты отын жолда келе жатыр. Көмір қоймаларында 1000 тоннадан астам қор қалыптасқан. Бұл ретте, Қазалы ауданы көршілес Арал ауданының 11 елді мекенін қатты отынмен қамтып отырғандығын ескеру қажет, – деді Жалғас Оңғарұлы.


Сондай-ақ, әлеуметтік нысандарға жоспарланған 2400 тонна сұйық отын резервуар сыйымдылықтарына және берілген тапсырысқа сәйкес, аудан орталығынан жеткізушілер тарапынан тасымалдануда.
Көмір бағасын тұрақты ұстау мақсатында жеткізуші 3 кәсіпкермен аудан әкімдігі арасында меморандум жасалынған. Ағаш көмір тоннасы – 18 мың, тас көмір – 14 мың теңгеден сатылымда.


Сонымен қатар, ауданда барлығы 14514 тұрғын үй болса, оның 7839 (54 %) газ отынымен жылытылады. Жыл соңына дейін Қазалы қаласын газ отынына көшіру жоспарлануда. Қазіргі уақытта қаладағы 1558 үйдің 100-ден астамы газ желісіне қосылуға дайын болса, жоспарға сәйкес тағы 400-ге жуық үй құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізеді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<