Қазалы: көптің игілігі еңбектен көрінеді

804

0

Қазалы ауданында жол сапасы жақсарып келеді. Оған қоса көшелер көріктеніп, қала мен кент аралығы жаңа кейіпке енген. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аудан әкімі Мұрат Ергешбаев  айтып берді.                           

     Ауданда «Жол картасы» бағдарламасы аясында  42 жоба іске асырылды. Нәтижесінде 150 орындық ауылдық клуб салынып,  бір ауылға газ тартылды. Көшелер жөнделіп, жарықтандырылып, әлеуметтік нысандар жөндеуден өтті.  «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы аясында Бекарыстан би ауылында ауқымды жұмыстар жүргізілген. Ауылға ауыз су жүйесі тартылып, мектепке күрделі жөндеу жасалынған. 10 көше жөнделіп, жарықтандырылған.

     Газдандыру мәселесі де оң шешімін тауып келеді. Мәселен, Ғ. Мұратбаев ауылы көгілдір отынның игілігін көруде. Сонымен қатар Жалаңтөс батыр, Қашақбай Пірімов және Басықара ауылын газдандыру үшін тиісті қаржы бөлініп, жобасы әзірленуде.

   Биыл ауданда жол жөндеу жұмыстары жалғасын табады. Осыдан 3 жыл бұрын басталған Кәукей ауылына баратын автомобиль жолы аяқталуға жақын. «Қарлаң» көпірінен Қожабақыға дейінгі, Қазалы қаласы  мен «Әлсейіт» көпіріне дейінгі жол да биыл толық аяқталмақ. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Әйтеке би кентінен 18 көшені асфальттау жоспарланып отыр. Осы орайда аудан басшысы биыл жыл аяғында жолдардың сапасы 85,2 процентке жақсаратынын мәлімдеді.

     Бұдан бөлек, аудан орталығынан шалғай орналасқан Кәукей мен Бозкөл ауылы аралығындағы электр бағаналары жаңартылады.  Бұған облыстық бюджеттен тиісті қаражат бөлінген.  Ауыз су тапшылығы мәселесін шешу бойынша Байқожа су құбырын қайта жаңғырту жобасы дайындалып, қаржыландыруға ұсынылған. Егер шешімін тапса, Әйтеке би кенті мен Байқожа елді мекені аралығындағы 63 шақырым магистральдық желі тартылатын болады. Сонымен қатар Жанқожа батыр мен Майдакөл елді мекендеріндегі тұрғын үйлерге сервистік ауыз су желілері жүргізілуде. «Қарлаң» көпірінің де мәселесі шешілетін күн алыс емес екендігі айтылды.

    Ауданда құрылыс қарқынды жүруде.  Биыл 600 орындық мәдениет үйі мен 250 келушіге арналған емхана құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі.  

      Өткен жылы су тапшылығы орын алды. Дегенмен аудан диқандары 17675 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын екті. Өнімді молынан алды. Жылдан жылға дақыл көлемі артып келеді. Балық өнімдері сырт елдерге тасымалданды. Ауданда мал басы да артқан. Кәсіпкерлер мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктерді тиімді пайдаланып, шаруаларын жандандырып отыр.

    Аудан әкімі брифинг соңында түйіні шешілмеген мәселелердің де барын  жеткізіп, кезең кезеңімен жүзеге асырылатынын атап өтті.

Сара АДАЙБАЕВА

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<