Қазалылық азамат қауіпті қалдықтарды жоятын кәсіп ашты

771

0

Бүгін аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Әйтеке би кентіндегі қауіпті қалдықтарды өңдеу және жоюмен айналысатын кәсіпкермен кездесті.


Кездесу барысында жеке кәсіпкер Ерлан Орынбаев 2016 жылы «Бизнестің жол картасы 2025» мемлекеттік бағдарламасы арқылы жеңілдетілген несие алып, кәсіпкерлігін бастағанын жеткізді.

Мемлекеттік бағдарламамен алынған қаржыға медициналық қалдықтарды өңдеп және жоятын арнайы құрылғы сатып алған. Мұнан соң Қазалы ауданымен қатар, көршілес Арал және Қармақшы аудандарының медициналық ұйымдарымен келісім-шартқа отырып, өзінің қызметін көрсеткен. Қазіргі таңда тек қана Қазалы ауданының медициналық мекемелеріне қызмет көрсетуде. Бұл өз кезегінде кәсіпкерге үлкен кедергі келтіруде. Себебі бұл жоба 3 ауданнан шығатын қауіпті қалдықтарды жоюға арналған. Тәулігіне 200 келіге дейін қалдықтарды жоя алады.


Соған қарамастан Ерлан Орынбаев өз кәсібін ары қарай дамытуға ниетті. Осыған байланысты тағы да «Бизнестің жол картасы 2025» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 4,5 млн теңге қаражат алып, жылу оқшаулағыш жүйелер мен полифакадтар шығаруды жоспарлап отыр. Қажетті құрал-жабдықтар сатып алынып, оны іске қосу үшін кәсіпкер арнайы шетелден білімін де жетілдіріп келген.


Егер бұл жоба іске асатын болса аудан тұрғындары құрылыс салу барысында көп қаржы үнемдеуіне болады. Себебі, жеке кәсіпкер шығаратын құрылыс материалында көптеген компоненттер қарастырылған. Мәселен, ғимараттың өрілген қабырғасына бұл материалды пайдаланатын болса, жылу ұстағыш заттар мен сылақтар жүргізілмейді.

Алайда кәсіпкер өз жұмысын бастап кету үшін бірнеше себептер қолбайлау болып отырғанын жеткізді. Мәселен, бірінші кезекте электр жарығы мен өндіріске пайдаланатын су қажет.


Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев жеке кәсіпкердің жұмысына қолдау білдіріп, тиісті сала басшыларына электр жарығы мен су әкелу үшін қажетті ұсыныстар дайындауды тапсырды.


– Еңбек етіп, өз кәсібін дамытқысы келетін кез келген азаматтың қолтығынан демеуге, аяғынан тік тұрып кеткенше қолдау көрсетуге қашан да әзірміз. Мемлекет басшысы да кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырып отыр. Сондықтан біз бірінші кезекте қай жағынан электр жарығы мен су әкелу жолдарын қарастырамыз. Содан кейін барып тиісті орындарға қаржыландыруға ұсынамыз, – деді Мұхтар Әуесұлы.


Кәсіпкермен кездесуде Әйтеке би кентінің әкімі Қайрақбай Орынбасаров, аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысының басшысы Нұрбек Күзембаев, аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ақтілеу Бөріқұлақов, аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мұрат Әбсұлтанов арнайы барып, қойылған ұсыныс-пікірлерге қатысты жауап берді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<