Қазақтың Әбесі өмірден өтті

2200

0

Тап қазір ғана Қазақтың кемеңгер жазушысы, Қазақстан Республикасының және КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, жерлесіміз Әбдіжәміл Нұрпейісов өмірден өтті деген қаралы хабар жетті… Осы орайда, қазалы хабарды ауыр қабылдағандығымды білдіріп, классиктің отбасы мен жақындарына және әдебиетсүйер қауымға көңіл айтамын.

Алаш жұртының Әбесі атанған Әбдіжәміл Кәрімұлы – ғұмырын ақиқат пен шындыққа, Ұлтымыздың рухани кемелденуіне және Қазақ халқының шығармашылық мүмкіндіктерін әлемдік әдеби аренада мойындатуға арнаған қаламгер. Оның тек бір қауымның ғана емес, тұтас әлемнің келешегіне алаңдауынан туындаған, тарихи шындықтарға негізделген және болашақта орын алатын факторларды дөп болжаған романдары әлемдік әдебиеттің алтын қорына енді. Қасиетті әрі қасіретті Арал тағдыры арқылы адамзат тағдырына алаңдаған жазушының асқақ ойы мен қарымды қаламынан туындаған шығармалардағы сюжеттер бүгінгі күннің шындығына айналды.

Халық жазушысының Ұлы Отан соғысы жылдарындағы жанкешті әрекеттері де, қару мен қаламды қатар ұстап, зұлмат жылдар шындығын тарих қойнауына бүкпесіз таңбалауы да Әбенің ғасырлар өтсе де ұмытылмайтын ұлы ерліктерінің бірі.

Ол – Қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғасы ғана емес, Мемлекетіміздің әлеуметтік-идеологиялық тұрғыдан дамуына өз үлесін қосқан қоғам қайраткері.

Бір болмысына осынша мол парасат пен пайымды сіңіріп, рухани кемел тұлғаға айналған Ұлт мақтанышының өмірден өткеніне әлі де сене алар емеспін…

Ардақты аға, өзіңізбен бірге өткен уақыттар, дегдар дидарласулар, рухани құндылықтарға байытқан тағылымы мол кездесулер, ағалы-інілі болып сырласқан сәттер менің жүрегімде мәңгілікке сақталатын болады… Бақұл болыңыз, Әбе!..

Кеуілқосын білдіруші, ҚР ҰҒА Академигі Қылышбай Бисенов.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<