«Қазгидромет» Сырдарияда биыл судың аз болатынын болжап отыр

767

0

Биыл Қызылорда және Түркістан облыстарының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін сумен қамтамасыз ету бойынша бірқатар проблемалар туындауы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің редакция сауалына жолдаған жауабында осындай мәлімет айтылған.


«Ағымдағы жылы республиканың оңтүстік аумағы бойынша су аздығы сақталады. «Қазгидромет» РМК гидрологиялық болжамына сәйкес 01.03.2021 жылғы жағдай бойынша Жамбыл және Түркістан облыстарының тауларында ылғал жинақтау кезеңіндегі жауын-шашын мөлшері орташа көп жылдық мәндерден 29-48%-ға, Алматы облысында орташа көп жылдық мәндерден 8-42%-ға аз. Жамбыл және Түркістан облыстарының тау өзендерінің бассейндеріндегі қар қоры орташа көп жылдық мәндерден 32-88%-ға, Алматы облысында орташа көп жылдық мәндерден 24-41%-ға аз», – делінген ведомство жауабында.
Сырдарияның жоғары жағында орналасқан Қырғызстан мен Өзбекстан мамандарының да болжамы осыған ұқсас.


«Қырғызгидромет» мәліметтеріне сәйкес, 2020 жылғы 1 қазаннан бастап 2021 жылғы 28 ақпанға дейінгі кезеңде жауын-шашынның жинақталуы аумақтың көп бөлігінде нормадан 30-79%-ға кем және айтарлықтай аз болды. Мысалы, 2021 жылғы 25 наурыздағы жағдай бойынша Шу-Талас бассейні бойынша Киров су қоймасының (Қырғыз Республикасы) көлемі өткен жылмен салыстырғанда 110 млн текше метрге аз. Сонымен қатар, Сырдария өзенінің жоғары ағысында орналасқан Тоқтоғұл су қоймасының (Қырғыз Республикасы) көлемі өткен жылмен салыстырғанда 3 000 млн текше метрге кем», – дейді министрлік мамандары.

Өзбекстандағы жағдай да осындай. «Өзгидромет» мәліметтері бойынша, 2021 жылдың вегетациялық кезеңінде Ферғана алқабының оңтүстігіндегі өзендердің сулылығы 90-100% сақталады деген болжам бар. Алайда Нарынның сулылығы 80-90%, Қарадарияда 70-80%, Шыршық, Ахангаран өзендерінде 70-75%, Ферғана алқабының солтүстігіндегі өзендерде 65-75% шамасында күтіліп отыр.


«Осыған байланысты вегетация кезеңінде Сырдария өзенінің жоғары ағысындағы елдерден қажетті су көлемі келмеуі мүмкін. Соның салдарынан Қызылорда және Түркістан облыстарының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін суармалы сумен қамтамасыз ету бойынша бірқатар проблемалар туындауы мүмкін», – деп жазады министрлік мамандары.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<