Құжаттарды рәсімдеуді оңтайландыруға қатысты меморандум жасалды

1492

0

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының алаңында қала әкімі Асылбек Шәменов, «Азаматтарға арналған үкімет» КЕ АҚ Қызылорда облыстық филиалының директоры Аида Әбибуллаева, Палата директоры Пірмұхаммед Сыздықов кәсіпкерлердің жерқатынастарына қатысты құжаттарын рәсімдеуді оңтайландыру үшін үшжақты меморандумға қолқойды.


Шарада «Азаматтарға арналған үкімет» КЕ АҚ облыстық филиалының директоры Аида Әбибуллаева жер телімдерінің рұқсат құжаттарын заңдастыруға қатысты кәсіпкерлердің өтініштерін қысқа мерзімде қарап, рәсімдеу үшін тиісті шаралар қабылдап жатқанын жеткізді.

– Бүгінгі күнге дейін жерді заңдастыру үшін қажетті құжаттардың бірі жерге орналастыру жобасы 30 жұмыс күні ішінде дайындалып келсе, ендігі жерде 15 күнтізбелік күн ішінде әзірлеп береміз. Ал, жер-кадастрлық жоспар 10 жұмыс күні ішінде дайындалса, оны 7 жұмыс күнге қысқартамыз. Кейін бұл жұмыстар бір жүйеге келген соң, мерзімді одан да қысқа мерзімге азайту мәселесін қараймыз. Сонымен қатар, алдағы уақытта кәсіпкердің сенімхаты негізінде жергілікті атқарушы органдарға берілетін өтінішінен бастап, қабылданған түпкілікті құжатын тіркеуге дейін қызметті көрсетуді жоспарлап отырмыз. Бұл ретте филиалдың қызметі жауапкершілік, жалпыға тиімділік, жүйелілік және жеделдік қағидаттарын негізге аламыз, – деді Аида Әбибуллаева.


Бүгінде Қызылорда қаласы әкімдігі жер телімдерінің нысаналы мақсатын өзгертіп, кәсіпкерлік нысанын заңға сәйкес құжаттандырғысы келетін азаматтарға Жер Кодексінің 49-бабын басшылыққа алып, бөліп төлеуге мүмкіндік беруде. Осының арқасында жер телімін сатып алу-сатудан түсетін бюджетке кіріс ұлғаймақ. Нысаналы мақсаты кәсіпкерлікке ауысқаннан кейін, бюджетке түсетін жер салығының көлемі мен жер телімімен бірге үстіндегі ғимараттың да бағалау құны артпақ.Сондай-ақ, кадастрлық құнды төлеу үшін пайызбен несие алу көлемі төмендеп, облыс көлемінде заңсыз құрылыстар қатары төмендемек.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<