Қыр беткейдегі ауыл тұрғындарымен жүздесті

1026

0

Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетов өңірдің қыр беткейінде орналасқан Қарақұм және Атанши ауылдық округтеріне барып, ауылдардың тіршілігімен танысып қайтты.


Алдымен аудан басшысы аудандық маңызы бар «Самара-Шымкент-Жақсықылыш-Тоқабай-Абай» автожолында жүргізіліп жатқан орташа жөндеу жұмыстарын көрді. Мердігер мекеме басшысымен кездесіп, жолдың барлық талаптарға сай, сапалы түрде жасалуын тапсырды. Аталған автожолды жөндеу 2018 жылы бастау алған, биыл толықтай аяқтауға қажетті қаржы бөлінген. Қазіргі таңда жөндеу жұмыстарын «СтандартОйл» және « Арал құрылысы» ЖШС мердігер мекемелері жүргізуде.


Мұнан кейін Қарақұм ауылдық округіндегі халықпен жүздесіп, мал-жан амандығын сұрасқан соң елді мекендерді аралаудағы мақсатын түсіндіріп өтті. Ауыл тұрғындары жол, ауыз су сынды мәселелердің өзекті екендігін айтып, ауылға «Тағзым алаңы» қажет екендігі жөніндегі ұсыныстарын білдірді.


Аудан әкімі жақында Қарақұм ауылдық округіне дейін ауыз су жеткізілетін ірі жобаның бастау алғандығын жеткізіп, барлық айтылған ұсыныс-пікірлердің ескерусіз қалмай жіті зерделеніп, тиісті шаралар қабылданатындығын айтты.


Мұнан кейін ауыл маңындағы су тоғанында балық өсіруді жүзеге асырып жатқан тұрғынның жобасымен танысып шықты. Атап өтейік, Ерімбетжаға ауылының тұрғыны Алматбаев Шалғынбай бірнеше жыл бұрын су тоғанында балық өсіруді қолға алған болатын. Қазір ауыл сыртындағы су тоғаны шабақтар үшін қолайлы орта екендігі анықталып, жіберілген шабақтар көлемі мен саны жағынан да өсім алған. Алдағы уақытта бұл жұмыстарды үлкейтуге ниет білдірген жоба бастамашысына сәттілік тілеп, қажет болған жағдайда кәсіпкерлік, ауылшаруашылығы бөлімдері арқылы тиісті қолдау көрсетілетіндігін жеткізді.

Аудан басшысы Абай елді мекенінің ақсақалдарымен болған кездесуде де түйткүлді мәселелерге құлақ түріп, ескі ауыл клубының жағдайын көрді.Тұрғындар жол мәселесімен бірге, спорт секцияларын көбейту, электр энергиясының қуатын күшейтетін трансформатор мен жаңа клуб қажеттігін айтты. Қазіргі таңда ауылға жаңа клуб салу үшін жоба сметалық құжаттамасын әзірлеуге жауапты орындарға өтінім тапсырылып, нәтижесі күтілуде.


Аудан әкімінің сапары Атанши ауылдық округінің орталығы Жіңішкеқұм елді мекенінде жалғасты. Ауыл ардагерлері аудан басшысына шалғай орналасқандықтан жол қатынасы қиындық тудыратынын, көне мектеп ғимаратын басқа нысан ретінде пайдалану мүмкіндігін қарастыруды және су ұңғымасын қазу сынды негізгі мәселелерді ұсынды.


Тұрғындардың пкірін мұқият тыңдаған аудан әкімі ұсыныстардың ескерусіз қалмайтындығын білдірді.
Қыр беткейдегі елді мекендерді аралау барысында аудан басшысы мектептер мен балабақшаларды аралап, білім беру мекемелеріндегі оқушылардың ыстық тамақпен қамтылуы, жазғы лагерлерде тынығуы, білім алу жағдайлары сынды мәліметтерге қанығып, ғимараттардың жағдайымен таныс болды. Сонымен қатар медициналық бекеттер мен амбулаторияларға бас сұғып, тұрғындардың денсаулығын нығайту барысында атқарылып жатқан және ауыл тұрғындарына вакцина егу жұмыстарына куә болды. Бүгінде аталған елді мекендерде екпе алу шаралары қарқынды жүргізілуде.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<