Қызылөзектің бейнесіне көз қызығады

1083

0

Тақтайдай тегіс асфальтпен жүйткіп келеміз. Бұрындары ой-шұқыры көп жолдан әбігер болғанымыз бар. Бұл жолғы сапарда жолдың жайы көңілге көп нәрсені ұқтырғандай. Қызылордадан шыға бере Сырдария ауданымен шекарада темір жолды кесіп өттік. Жолда Айнакөл мен бекетті қалдырып, Қараөзек ауылына бет бұрдық. Бас-аяғы 12 шақырым жол. Асфальттың екі бетіне де оқтын-оқтын қарап қоямыз. Бірде-бір қоқыс көрінбейді. Оның өзіндік себебі де бар. «Сырт көз – сыншы» деген қызылөзектіктер ауыл аумағынан бөлек, кіреберіс жолдың бойын да бірі велосипедпен, енді бірі мотоциклмен жүріп тазартады. Көліктері болмаса да, жоқтан бар жасап жүрген жұртшылықтың әрекетіне іштей риза болдық.

Қараөзек халқын қуантқан іс

Қараөзектіктер бұған дейін ауызсудан қиналды. Өткен жы­лы көңіл бөлініп, «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағ­дарламасы шеңберінде ауызсу құбыры желісі тартылды. Бұған дейін «Елді мекендерді сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту» бюджеттік бағдарламасы негізінде ауызсу жинау қоймасы салынып қойған. Қалың елдің ізгі істің игілігін көре бастағаны көңілге қуаныш ұялатты.

– Бекетте ауызсу мәселесі жиі көтерілетін. Бұрын «Темір­жол су» мекемесі арқылы қам­тамасыз еттік. Түйткілді тү­бегейлі табу үшін бізге бірнеше жыл керек болды. Өткен жылы ауызсу жинау құбырын бас­тағанбыз. «Асанас-Дар» серік­тестігі 174 млн 622 мың теңгеге жасап бітірді. Енді құбыр тарту жұмыстары да аяқталып қалды. Сол кезде толық іске қосылады. Құбыр желісін жалғап жатқан мекеме – «Самат-Мұнай» ЖШС. Олар 7160 метр құбырды 152 млн 772 мың теңгеге тартты. Осы жұмысқа барлығы 30 адам жұмылдырылған. Бағ­дар­ламаның талабы да сол – жергілікті халықты жұмыспен қамту, – дейді ауылдық округ әкімі Сәкен Әбдіжаппар.

Бекетте небәрі екі көше бар. Оларға асфальт төселіп, алақандай елді мекеннің көркін келтіріп тұр. Жол, ­ауызсу мәселесі оң шешілген. Енді халық «Көгілдір отын қашан келеді екен?» деп мойнын созып отыр. Жоғары жылдамдықты интернет өткен жылы тартылған. Осындағы №128 негізгі мектептің алдында түрлі түске боялған спорт алаңқайы өзіндік реңк беріп тұр. Білім ошағы осы күні дәстүрлі оқу үрдісінде.

– Жылу маусымына сақадай саймыз. Қазір біз санитарлық талапты алдыңғы орынға қойып, білім берудеміз. Мұнда 117 бала оқиды. Оларға 25 мұғалім білім береді. Іште асханамыз болғанмен, қаулыда оның жұмыс істеуіне ты­йым салынған. Сондықтан балаларға беретін ыстық тамағымыз тежеліп тұр, – дейді мектеп директоры Жасұлан Байжанов.

Тегіс жол,

түзу бағыт,

оңды жұмыс

Үш елді мекенді қосқанда 18 көше бар. Оның 3-еуі ғана жарықтандырылмаған екен. Таңданысымды байқаған ауыл әкімі әңгімеге араласты.

– Мына орталық трассаны көріп отырсыз. Тазалығы бірінші орында. Алдағы уақытта осы үлкен жолды жарықтандыру жоспарда бар. Бірақ, ол үшін ел ішіндегі көшелерді бітіріп алуымыз керек. Бұйыртса, келер жылы Айнакөлдегі көшелерімізді жарықтандырсақ, әлгі жос­парымызға кірісеміз. Қазір мүмкіндікке қарай сол жол­дардың жөнделуі де бір ізге түсіп қалды. Асфальт­тар алдында бірнеше көшеге малта тас төселген, – деді Сәкен Нысанұлы.

«Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы аясында ауылдық округте екі көше орташа жөндеуден өткізілсе, жергілікті бюджет есебінен 3 көше жаңартылуда. Ал «Өңірлерді дамыту» бағдар­ламасымен бір көше жаңа кейіпке енбек. Бұл жаңалықты естіп отырып, ойыма әлгінде темір жол өткелінен көлігімізге мініп, ауылға жетіп қалған ақсақалдың сөзі оралды.

– Балам-ай, кейінгіге бір көз тастайсың да, осы күнгі жағдайға шүкір айтасың. Жол дегеніңіз бұрын көлік жүргісіз еді. Әр жерде шалшық су қалып, жаяу жүруің мұң болатын. Заман дамыған сайын жағдайдың да жақсарғанын байқауға болады. Үлкен жол басқасына үлгі болып тұр, – деп батасын беріп, бірінші бұрылыстан түсіп қалған.

Бұрын расында жағдай басқаша еді ғой. Қала маңындағы ауылдарды айт­пағанда, облыс орталы­ғындағы көп көшенің күйі көңіл құлазытатындай бо­латын. «Көш жүре тү­зеледі» дейді. Жыл санап, бюджетіміздің бүйірі толған сайын атқа­ры­лып жатқан шаруаның ау­қымы кеңейе түсті.

– «Қараөзек бекеті – 1» көшесінің орташа жөнделуіне жұмыспен қамту бағдарламасы аясында 82 млн 754 мың теңге бөлінген. Ұзындығы 2500 метр болатын бұл көшенің ені де жалпақ, 6 метрге жетеді. Осы нысанға бағдарлама талабымен 21 адам жұмыспен қамтылды. Жамбыл Жабаев көшесінің жөнделуі де – дәл осы бағдарламаның жемісі. Бұған 16 млн 491 мың теңге бөлінген. Ұзындығы – 1500 метр, ені – 6 метр. Елді мекеннен 4 адам жұмысқа тартылды, – деді Сәкен Әбдіжаппар.

Е.Дәуітбаев көшесіне 22 млн 645 мың теңге бөлініп, 900 метр жол жөнделді. Осы секілді С.Сейфуллин, Айнакөл кө­шелеріне де жергілікті бюджеттен қаражат бөлінді. Толарсақтан саз кешкен жергілікті халықтың өтініші де орындалып жатыр. Ақсақалдың ақылын әкімі тыңдаған ауыл халқы кеңесіп пішкен тонның келте болмайтынын әлдеқашан ұғынған. Бірқатар жұмыс келер жылға өтпелі болып тұрды. Дегенмен, елдегі кезек күттірмейтін мәселені оңтайлы жеткізген әкімнің сұрауы орындалып, биылғы бюджеттен қаражат бөлінуіне мүмкіндік те берілді. Мұның өзі қала маңындағы ауылдарға қаншалықты көңіл бөлініп отырғанын айқындап тұрған тәрізді.

– «Өңірлерді дамыту» бағдарламасына сәйкес Ш.Ибраева және Айнакөл-2 көшелеріне түнгі жарық ба­ғаналары орнатылды. Жо­баның құны – 3 млн 802 мың теңге. Бір шақырым жол. «Nur prodject service» серіктестігі тірлікті тындырып берді. Алдағы уақытта мұндай жұмыстар жалғасын таба береді. Елде мәселе таусылмаған, таусылмайды да. Тіршілік болған соң кейбір түйткілдер қылаң беріп тұрады. Барлығын бірден шеше алмайтынымыз анық, бірақ қол қусырып отырмай, кезегімен шешуге тырысамыз, – дейді ауыл әкімі.

Жаңаның аты – жаңа

Басы ауырып, балтыры сыз­дағандар ат арытып қа­лаға баратын. Амалсыздан. Өйт­кені, дәрігер бол­мады. Мұн­да­ғылардың дәрігер орнын басып, дәрі-дәрмек жазып беруге хақысы да жоқ. Бірақ, аяжандардың өзі көп нәрсені біледі. Әйтсе де, заңның аты – заң. Осындағы дәрігерлік амбуллаторияның ғи­мараты да әбден тозды. Ха­лық ден­сау­лы­ғын ойлағанда қамы­ға­тындай еді. Енді оның бар­лығы артта қалды.

– Пандемия басталған тұста  пайдалануға берілген нысан бұл. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында салынды. Құны – 154 млн 481 мың теңге. Бір ауысымда 30 адамды қабылдай алады, – деді ауыл әкімі ғимараттың сыртқы келбетіне көз тастап тұрып.

«Қыстың қамын жаз ойла» деген бар. Амбулатория алдында көмір жинаулы тұр. Бұрынғы ғимарат қанша от жақса да бойыңды жылытпайтын. Көнерген ғой. Ал жаңасы барлық қажеттіліктермен қам­тылып үлгеріпті.

– Мен – аға аяжанмын, – деп бастады әңгімесін Гүлсара Рахметова. – 13 адам жұмыс істейміз. Жоғары білімді дәрігер тапшы болатын. Әкім есебі, басқа да жиын сайын әбігерге түскен халық осы мәселені шешуді сұрайтын. Жаңа ғимаратқа көшкен соң жаңалығымыз көп болды. Жаңа дәрігер келді, бұрын қолда болмаған қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілдік, тіпті бұрын өзімізде бар құрылғылардың заманауи түрлерін де әперді. Лабораториялық зертхана құралдарымен өзіміз зерттеу жүргіземіз, кей ауруларды жарық арқылы емдейтін құрылғыны да іске қосып жатырмыз.

Аймақтық дәрігер Аслан Алтынбек – Алматыдан жоғары оқу орнын бітіріп келген жас. Жалпы терапевт.

– Ауыл – тәжірибе жинап, әбден ысылатын жер. Өзіңді осы қайнаған тірлікке салып жіберіп, шыңдалып шығасың. Бізге қарайтын участоктарда 3200-ге жуық адам бар. Күнделікті келушілердің алдымен жанына жылу сыйлап, жылы шыраймен қарсы аламыз. Содан кейін дертіне дауа іздейміз. Сауапты мамандықты жауапты қызмет ретінде қабылдаймыз, – дейді жас дәрігер.

Жаңа ғимаратқа кіріп, еңсеміз тіктелді деген мамандар өз жұмыстарына жауап­кершілікпен қарайды. Күн­дізгі емдеу бөлімі 3 адамға арналған. Геммотологиялық, ла­бораториялық аппараттар мен УВЧ құрылғылар халықтың денсаулығына септігін тигізуде.

– Амбулаторияның ескі ғи­мараты да жөнделген. Тиімді тетігін қарастырып, оны ауыл­дың теңгеріміне алдырсақ, ардагерлер бөл­месі, учас­келік полиция инспекторы, ветеринарлық дә­рігер тәрізді мамандарды орналастырсақ деймін. Халық барлық шаруасын бір жерден бітіретіндей болғаны ләзім. Қазір осы мақсатта жұмыс істеп жатырмыз, – дейді Сәкен Нысанұлы.

Үш ауылдың әкімі

Ауыл халқы негізінен көкөніс егумен айналысады. Басқалардағыдай күріш алқабы жайқалып тұрған жоқ. Аяқсу жағы қиындау. Елді мекендегі көлдерді қыс бойы толтырып алады да, жазда соны көкөніс пен бақша дақылдарына пайдаланады. «Әйтек» арқылы келетін су тораптың жөнделіп жатқанына байланысты бөгеліп тұр. Десе де, аспаннан несібе күтпей, жерге маңдай терін төгіп жүрген елдегілер қолда бар суды жаратты.

– Егінмен қатар, мал шаруашылығына да баса мән берген. Халықты асырап отырған сол. Аяқсу жайы «Әйтек» жөнделіп біткен соң шешімін табады. Әйткенмен, елдің тыныс-тіршілігі көп ілгері, – дейді С.Әбдіжаппар.

Әріптестерінің арасында «үш ауылдың әкімі» атанып кеткен Сәкен Нысанұлын округке қарасты үш елді мекеннің халқы да сыйлайды. Халыққа қызметті ерге міндет деп түсінген елдің хал-ахуалы осындай.

Дәулет ҚЫРДАН

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<