Қызылордада 10 әлеуметтік дүкен құрылысы жүргізілуде

611

0

Бүгінгі күні аймақта көкөніс пен жеміс-жидек бағасы тұрақталды. Қазіргі таңда, картоп – 150 теңгеден, сәбіз-190 теңгеден сатылуда. Сауда орындарында азық-түлік тауарларының қоры жеткілікті, тапшылық байқалмайды.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев өңірдегі баға тұрақтандыру мәселесіне қатысты атқарылған жұмыстарды баяндады.


«Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін облыстың тұрақтандыру қорынан тауарлық интервенциялар жүргізу, сондай-ақ «айналым» схема бойынша бағаны тұрақтандыру механизмі аясында заем беру арқылы шаралар қабылдануда. Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында облыстық бюджеттен 2020-2021 жылдары 1,4 млрд. теңге бөлініп, оның ішінде 703 млн. теңгесі айналым схемасы аясында 7 кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз беруге бағытталды», – деді Талғат Тұрсынұлы.


Сонымен бірге басқарма басшысы тамыз айының 1-онкүндігінен бастап астық өндіруші өңірлерде бидай бағасы мен ұн бағасының қымбаттауы анықталғандығын, бұл ретте облыс көлемінде наубайхана иелерімен кездесулер ұйымдастырылып, әлеуметтік нан пісіретін наубайханаларға төмен бағада ұнмен қамтамасыз ету шаралары қабылданғандығы және негізсіз баға көтермеу жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілгендігін айтты.


Айта кету керек, 2021 жылы облыста әлеуметтік дүкендер санын көбейтіп, бағаны тұрақтандыру бағытында 10 әлеуметтік дүкеннің құрылысын жүргізу жоспарланған. Бүгінгі күні 5 нысан іске қосылса, қалған 5 дүкен жыл аяғына дейін өз жұмысын бастайды деп күтілуде.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<