Қызылорда облысына Армениядан 456 көлік әкелінген. Бүгінде соның 445-і тіркеуден өткізіліп, оның 74-інің басқару жүйесі оң жақтан сол жаққа ауыстырылған.
Негізі, Армениядан әкелінген көліктерді тіркеу биыл наурыз айында аяқталуға тиіс болатын. Бірақ өткен жылы карантин шектеулері болғандықтан тіркеу уақыты тағы бір жылға ұзартылды. Енді келер жылдың наурыз айына дейін тіркелмесе, көлік иелері 3 миллион теңгенің үстінде қаражат жұмсауға тура келеді.
– Армениялық темір тұлпарды тізгіндеген көлік иесі мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгі үшін – 8167,60 теңге, көліктің тіркеу куәлігі үшін – 3646,25 теңге, ал мемлекеттік алғашқы тіркеу жинағы үшін – 729,25 теңге төлегендігін растайтын құжаттармен халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіну қажет, – деді Қызылорда ОПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Нұрмахан Пазылов.
Ал басқару жүйесі оң жақтан сол жаққа ауыстырылған көлік құралдарын тіркеу үшін ұлттық акредиттелген орталықтардан қауіпсіздік хаттамасын алу қажет. Аталған хаттаманы беруге рұқсаты бар акредиттелген орталықтар Алматы қаласында, Атырау, Қостанай, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында орналасқан.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<