Қызылордада биыл газға қатысты 7 өрт оқиғасы тіркелді

549

0

Жыл басынан облыс көлемінде газға қатысты 7 өрт оқиғасы тіркелді. Қазіргі таңда бес газ құю бекетіне тексеріс жұмыстары жүргізіліп, өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған 40 дерек анықталды. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басқарма бастығы Бақтияр Тұрманов хабарлады.


«Жүргізіліп жатқан барлық профилактикалық жұмыстарға қарамастан, қайғылы оқиғалар жиі орын алуда. Ағымдағы жылы облыс көлемінде газға қатысты 7 өрт оқиғасы тіркелді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4 есеге өсіп отыр. Сондықтан арнайы заңға сәйкес коммуналдық-тұрмыстық және тұрмыстық тұтынушылардың газ тұтыну жүйелері мен газ жабдығын оларға техникалық қызмет көрсетуге шарт жасаспай пайдалануға тыйым салынады», – деді Бақтияр Махамбетжанұлы.


Газ құю бекеттерінде апаттардың алдын алу мақсатында профилактикалық іс шаралар жүргізілуде. Дегенмен, заң бұзушылықтар жиілеп, 3 заңды тұлға мен 1 жеке тұлғаға әкімшілік айыппұл салынған.


«Облыстық төтенше жағдайлар және полиция департаменттері өкілдерінің қатысуымен облыс аймағында орналасқан автомобильді газ құю бекеттеріне үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде. Аталған шаралардың барысында тұрмыстық газ баллонының жарылуы және автомобильді газ құю бекеттерінде тұрмыстық газ баллонына газ құюға тыйым салынатыны есертіліп, жадынамалар таратылды», – деді ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Қызылорда облысы бойынша департамент басшысының орынбасары Б.Стамқұлов.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<