Аймағымызда қаңтар айындағы алғашқы ҰБТ ертеңнен басталып, 22 ақпанға дейін созылады. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткізілген баспасөз мәслихатында облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова мәлімдеді.
Бұл сынақ – шартты түрде ақылы негізде күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары оқу орындарына қабылданған, жазғы ҰБТ нәтижелері бойынша шекті балл жинамаған, сондай-ақ университеттерге ақылы негізде түсетін мектеп бітіруші түлектер үшін арналған.Бүгінде аймақтағы 7 514 мектеп бітіруші түлектің 6 106-ы немесе 81% тестілеуге қатысуға өтініш білдірген. Ертеңгі алғашқы тестілеу күнінде 203 түлек он бір жылғы білімін тезге салып, бақтарын сынайтын болады.
– Облыс көлемінде ертеңнен бастап 3 тестілеу пункті жұмыс жасайды. Айта кететін жайт, оқушылардың ҰБТ өтетін тестілеу пунктіне баруы мен қайтуы, жол шығыны және қауіпсіздігіне ата-аналары немесе оларды алмастыратын заңды өкілдері тікелей жауапты болады, – деді Ақзира Бақтыбайқызы.Естеріңізге сала кетейік, елімізде қалыптасқан жағдайға байланысты Білім және ғылым министрлігінің шешімімен қаңтардағы ҰБТ-ға өтініштерді қабылдау және тапсыру мерзімдері өзгертілген болатын. ҰБТ-ға қатысу үшін өтініштерді қабылдау уақыты 21 қаңтарға дейін ұзартылып, тестілеуді 25 қаңтар мен 22 ақпан аралығында өткізу жөнінде шешім қабылданған.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<