Қызылордада індеттің алдын алуға бағытталған жұмыстар жасалуда

850

0

Сыр өңірінде індеттің жаппай таралуының алдын алуға қатысты іс-шаралар жоспарға сай атқарылып жатыр.


Қазір өңір «жасыл аймақта» тұр. Эпидахуал күрделенген жағдайда стационарлар мен жедел жұмылатын медициналық-санитарлық мекемелер сай тұр. Фильтр кабинеттері, телефонмен кеңес беру де қарастырылған. Сондай-ақ үй жағдайында қызмет көрсету үшін қосымша автокөліктер саны нақтыланды.


Эпидмаусым басталғалы бері 205 142 сынама алынған. Кеше зертханаға 1 309 сынама тапсырылды, мамандар оның 596-сын тексеріп үлгерді. Адамның бойында дерт белгісі бар-жоғын анықтайтын тесттер облыстық фтизиопульмонология орталығы, Ұлттық сараптама орталығы, «ИНВИВО» мен «ОЛИМП» клиникалары, Арал обаға қарсы лабораториясы арқылы тексеріледі.


Осы жылғы 1 ақпаннан Қызылордада да COVID-19 инфекциясына қарсы егу жұмыстары басталғаны белгілі. Сол күні ресейлік Спутник V вакцинасының 1 мың дозасы жеткізіліп, медицина саласының қызметкерлері, оның ішінде қа¬былдау, жұқпалы аурулар, жансақтау және хирургиялық бөлім мамандарына егіле бастады. Екпе қаладағы №1, №3, №6 ем-ханаларында жүргізілуде.

Алдағы уақытта мұғалімдерге және жұқтыру қаупі жоғары саналатын сала өкілдеріне де салынады. Әзірше вакциналау облыс орталығында ғана жүргізілуде. Жалпы, бастапқы жоспар бойынша облысқа 80 мың доза вакцина кезең-кезеңімен әкелінеді.


Алғашқы он күннің қорытындысы бойынша 640 тұрғынға екпе жасалғаны белгілі болып отыр. Олардың 617-сі – денсаулық сақтау саласының мамандары. Екпе алғандардың барлығы дәрігерлер бақылауында, денсаулық жағдайларына шағымдары жоқ.

– Облыс бойынша медицина ұйымдарында 154 екпе кабинеті бар. Соның ішінде коронавирус инфекциясына қарсы вакциналауға 32 екпе кабинеті мен 12 жылжымалы егу бригадасы дайындалды. Осы кезге дейін вакцина салдырғандар арасында шағым болған жоқ. Денсаулықтары тұрақты бақылауда, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов.


Егу жұмыстары басталғалы бері денсаулық сақтау басқармасы мен санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандары қауырт қимылға көшкен. Мамандар екпе барысын ұдайы қадағалап, БАҚ өкілдерімен кездесу өткізуді жиілетті. Ал медициналық ұйымдарда вакциналаудың маңызы туралы түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізілуде. Бұл алдағы уақытта жалғасын табады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<