Қызылорда облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымованың төрағалығымен техникалық және кәсіптік білім беру саласына арналған кеңейтілген жиын өтті.
Басқосуға аймақтағы барлық 30 колледждің директорлары шақырылып, әрбір білім беру ұйымының атқарылып жатқан жұмыстары мен стратегиялық жоспарлары талқыланып, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы талданды.
Жиынның күн тәртібінде колледждер бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер, «Worldskills – 2022» конкурсының аймақтық іріктеу кезеңін ұйымдастыру және өткізу, колледж директорларын аттестациядан өткізу және ротациялау, колледж студенттерінің жетістіктеріне және колдеждерге жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижелері қаралды.
Кездесуде Қызылорда облысының білім саласын бақылау департаментінің басшысы Ғалия Дәулетова колледждергі жаңа мамандықтарға лицензия алу мәселесін қозғап, колледж студенттерін «Worldskills» білімділер бәйгесіне белсенді түрде қатыстыру қажеттігін атап өтті.
Енді колледж директорлары министрлік талабына сай аттестациядан өтеді. Яғни басқару жүйесін жетілдіру, білім сапасын көтеру, маман даярлау мәселесінде директорлардың менеджментік қасиеті бағаланады.
Басқарма басшысы Ақзира Бақтыбайқызы жиында бірқатар колледж директорларына білім сапасы мен «Worldskills» Ұлттық чемпионатына қатысу белсенділігінің төмендігін сынға алып, ескертулер жасады. Сонымен қатар, колледжде білім алатын балалардың мамандығына сай өмірлік дағдылары қалыптасуы керектігін атап өтті.
Жиын соңында колледж басшыларына білім басқармасы тарапынан бірқатар нақты тапсырмалар мен міндеттер жүктелді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<