Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен инвестор тарту және инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі өңірлік Кеңес отырысы өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, салалық басқарма басшылары, бірқатар кәсіпорын директорлары қатысты. Сондай-ақ, онлайн селекторлық режимде Шиелі ауданының әкімі байланысқа шықты.
Аймақ басшысы өңірде инвестиция тарту мәселелерін қозғап, экономикалық даму жоспарында тұрған жобалардың тиімділігін сөз етті.
Өткен жылы өңірде инвестиция тарту бағытында бекітілген меже артығымен орындалған. Яғни жоспарда 230 млрд.теңге болса, 291,6 теңгеге, яғни 26,7 пайызға көрсеткіш жоғары іске асқан. Ал, биылғы меже 456 млрд.теңге. Бұл ретте, инвестициялардың «жаңа толқынын» тарту мақсатында белсенді жұмыстар басталған.Сыртқы және ішкі инвестиция тарту мақсатында инвестиция тарту үшін арнайы 2 топ құрылып, тиісті жұмыстар атқарылуда. Нәтижесінде, ішкі инвестиция тартуға жауапты топ – облыстың экономикалық даму жоспарындағы 265 жоба санын 400-ге дейін арттырады. Екінші топ өңірімізге сырттан инвестиция тарту мақсатында «Облыстың инвестициялық мүмкіндігі» бойынша бағдарлама әзірлеуде.
Жоспарға енгізілетін жобаларды жасақтау үшін экономика салаларын егжей-тегжейлі зерттеу жүргіздік. Яғни өңірімізде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу жұмыстарын жандандыру қажет,-деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Жиында облыс әкімі әлем елдерімен өзара ынтымақтастық бағытында келіссөздер барысына тоқталды. Айталық, аймақта сыра, сусын және шырын өндірісі бойынша жобаны іске асыру туралы чех компаниясымен, «Дархан Нэхий» және «былғары өндірісі Одағы» сияқты моңғол компанияларымен теріні, жүнді қайта өңдеу және Ресейге экспортпен өнімдерді шығаратын бірлескен кәсіпорын құру бойынша жұмыстар жүргізіледі. Сонымен қатар, күріш сабанынан целлюлоза өндіру жобасы бойынша қытайлық инвесторлармен жұмыстар басталған.
Мұнан бөлек, инвестицияның жаңа толқынын тарту бойынша Францияның Страсбург қаласындағы ҚР Бас консулдығымен келіссөздер жүргізілді.
Кеңес отырысында 2 мәселе қаралды. Алғашқы мәселе – «Жеміс-жидек және көкөніс өнімдерін терең өңдеуге бағытталған агроөнеркәсіптік кешен құру» жобасына арналды. Бұл бағытта «Қарағанды Агро Инвест-Т» серіктестігінің өкілі Ибрагим Пірзат баяндама жасады.
Өкілдің айтуынша, жаңа жобаның Қазақстанда баламасы жоқ және алғаш болып Қызылорда өңірінде іске аспақ. Жоба толықтай өндіріске енсе маусымдық кезеңде 500 адамды еңбекпен қамтуға мүмкіндік береді.
Облыс әкімі жобаның маңыздылығы зор екенін, жұмысты жүргізу үшін арнайы кестелік жоспар құру қажеттігін айтып, сала басшыларына бірқатар тапсырмалар берді. Мәселен, облыстық жер қатынастары басқармасының басшысына «Қарағанды Агро Инвест-Т» серіктестігімен бірлесіп, Агроөнеркәсіптік кешенін құру жобасын іске асыру үшін 35 гектар жер телімін мемлекеттік қолдау шарасы ретінде бөлінуін пысықтауды, облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы мен Шиелі ауданының әкімдігі бірлесіп жобаны уақытында іске қосу бойынша тиісті жұмыстар атқаруды тапсырды. Ал, серіктестік өкіліне жобаны «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында қарастыру үшін облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасына тиісті құжаттарды жолдау қажеттігін атап өтті.
Отырыста қаралған екінші мәселе – «Жоғары сапалы пресстелген жоңышқа өндіру» жобасы. Өңірде жыл сайын ірі қара мал басы 3% өсуде. Сондықтан, мал шаруашылығын сапалы жем-шөп қорымен қамтамасыз ету маңызды. Бұл ретте жоңышқа өндіру жобасының маңыздылы туралы «Tin Oris» серіктестігінің директоры Сұлтан Тұрсынбек баяндады. Өз кезегінде ол жоғары сапалы пресстелген жоңышқа өндіру ісі Сыр елінің географиялық ерекшелігіне қолайлы әрі логистикалық мүмкіндіктерге де тиімді екенін атап өтіп, топырақ пен суға анализ жасау арқылы алғашында 1000 гектарға жоңышқа егуді бастауға ниетті екенін жеткізді.
Облыс әкімі аталған жобаның жан-жақты тиімділігі бар екенін айтып, жобаға қолдау білдіру үшін сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.
– Облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы мен Шиелі ауданының әкімдігіне жобаны уақытында іске қосу бойынша тиісті жұмыстар атқарсын және облыстық жер қатынастары басқармасы мемлекеттік қолдау шарасы ретінде 10 мың гектар жер телімін бөлу мәселесін қарастырыңыздар. Сондай-ақ, жоба бастамашыларының жер телімін уақытылы рәсімдеп алуын қадағалауды және жобаларға жалпы сүйемелдеу жүргізуді тапсырамын,-деді Гүлшара Әбдіқалықова.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<