Қызылордада тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамыту жұмыстары жалғасуда

755

0

Тәуелсіздіктің 30 жыл ішінде Қызылорда облысында 8 млн. шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл туралы бүгін Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова елордада өткен брифингте мәлімдеді.

«Берілген тұрғын үйлердің көлемі 1991 жылғы 260 мың шаршы метрден бүгінде 600 мың шаршы метрге дейін жетті. Сонымен қатар халықтың 97 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Өңіріміз бүгінде жоғарғы көрсеткіштердің бірін көрсетуде. Жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 2,5 есеге артқан, яғни, 31%-дан 75%-ға дейін көтерілген», – дейді облыс әкімі.

Осы уақытқа дейін аймақта жүздеген әлеуметтік нысан бой көтерді. Оның ішінде облыстық медициналық, диагностикалық, перинаталдық, мүгедектерді оңалту және тағы басқа орталықтар бар.

Спорт инфрақұрылымы нысандарының саны 3 есеге, ал денешынықтыру және спортпен шұғылданатындар саны 6 есеге артты.

30 жыл ішінде 500 мыңнан астам бала дүниеге келсе, халықтың саны 592 мыңнан 824 мыңға дейін көбейіп, ал өмір сүру ұзақтығы 8 жылға артқан. Яғни, 64,4 жастан 72,79 жасқа дейін ұзарды.

«Экономикамен қатар, азаматтық қоғамда ілгері дамып келді. Еліміз Тәуелсіздік алған жылдары облыста 15-тен аса қоғамдық ұйымдар тіркелсе, бүгінгі таңда олардың саны 994-ке жетті. Сондай-ақ 2016 жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа 450 млн. теңге бөлінсе, биылғы жылы 125 жобаға 1 млрд-тан аса қаржы бөлінді. Бұл көрсеткіш 48 пайызға көп», -дейді Гүлшара Әбдіқалықова.

Аймақта тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамыту жұмыстары жалғасуда.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<