Қызылордада «Жүрегі жауһар жампозым» атты этноқойылым өтті

2208

0

Қызылордада Қармақшы ауданы әкімдігі, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен атақты жырау Көшеней Рүстембекұлының 75 жылдық мерейтойына арналған «Жүрегі жауһар жампозым» атты этноқойылым концерті өтті.

Қасиетті Қармақшы өңірінде дүниеге келген Сыр сүлейі, көрнекті мәдениет өкілі, жырау Көшеней Рүстембекұлының өмірі мен шығармашылығын насихаттауға арналған кеште қалалық жастар театры, Жиенбай жыраудың немересі Бидас Рүстембеков, Көшеней Рүстембекұлының баласы Арнұр Көшеней және елімізге белгілі жыршы-жыраулар өнерден шашу шашты.

Көшеней Рүстембековтың бірегей тұлғасы ашылып, қайталанбас өнері бүгінгі ұрпаққа дәріптелген кешті «Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иегері Берік Саймағанбетов жүргізді. Шара соңында жыршы-жырауларға алғыс білдіріп, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, жырау Ұлжан Байбосыноваға «Қармақшы ауданының құрметті азаматы» атағы табысталды.

«Осыдан 48 жыл бұрын қазақтың тұқиян-тектен тін тартатын жыраулық – жыршылық өнеріне жаңаша келбет қалыптастырған Көшеней, өзінің қысқа ғұмырында атадан балаға жалғасқан тектік сарынның осы дәуірге жетуіне алтын көпір болды. Небәрі 27 жыл өмір сүріп, артына өнерін жалғастырар ұрпағын, мың жылдықтарға ұласатын жарығы самаладай өнердің білте шамын жағып қалдырды. Арада төрт мүшелдей уақыт өтті. Көшеней жырдың керуен көші тоқтаусыз жүріп, алшаң басып жаңа ғасырдың төріне озып келеді. Елбасы, Қазақстанның тұңғыш президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Мәдени мұра, Рухани жаңғыру, Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларының негізгі бағыты ескі мұра, есті ғұрыптарымызды жас ұрпақтың санасында жаңғырту болса, біз сөз етіп отырған жырымыз бен жыршыларымыз ұлттық сананың қалыптасуына жұмыс жасайтын егіз ұғым.

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы, Көшеней Рүстембекұлының 75 жылдығына арналған «Жүрегі жауһар жампозым» атты этно-қойылым концертте Көшенейдей жампоздың барлық қырын, тарихтың бүккен сырын ашуға тырыстық және ол ойымыздың үдесінен шыққандай болдық», – деді «Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иегері Берік Саймағанбетов.

Аталған шарада жыр мәйегінен шашу шашқан жыршы – жырауларға облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысы Асқарбек Есжанов пен Қармақшы ауданы әкімі Қайрат Нұртайдың алғыс хаттары табысталды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<