Қызылордадағы депозит салымы – 156 млрд теңге

1441

0

Бір әріптесім: «Экономика қызық. Цифрларды сараптап, қызық бір әлемге түсіп кеткендей боласың» деуші еді. Қызығына қызық, әрине, сұрау  салған жеріңде сенің ойыңды дөп түсініп, тиісті дерегіңді беріп жатса, кәнекей. Әрдайым олай бола бермейді. Біреулер баспасөз жөніндегі заңдылықтың талаптарын білмейді, екіншілері кекесінді ойда болатынын және жасырғымыз келмейді.

Жуырда Қазақстан Ұлттық банкі Қызылорда бөлімшесіне хат жолдап, соңғы бір жыл ішінде халықты несиелендіру жағдайын, депозит мөлшерін, тағы да осыған қатысты бірқатар мәселелерді білгіміз келіп, шиыршықтап сұрау салған едік. Сұраудың негізі қанағаттандырылды. Бір қызығы, өткен жылы коронавирустан кейінгі кезеңде халықтың тұрмысы төмендеп кетпеген сыңайын байқадық. Бұл енді мемлекеттің табанды түрде қолдау көрсеткенінің нәтижесі болып табылады. Айталық, 2020 жылдың 1 ақпанындағы об­лыс­тағы депозиттердің жалпы мөлшері 2019 жылмен салыстырғанда, 21,2 процентке өсіп, 145,7 млрд тең­гені құ­рапты. Сол сияқты ұлттық валю­тадағы депозит көлемі өсті. Ол – 107 млрд теңге. Сол жылы халықтың теңгедегі депозит үлесі 74 процентті құрапты. Яғни,  аталған кезеңде елдің ұлттық валютаға деген сенімі анағұрлым жоғары болғаны байқалады.

Енді 2021 жылдың 1 наурыз дең­гейіне келейік. Жоғарыда айт­қан­дай, қолдаудың нәтижесі болар, осы деңгейге облыстағы ха­лық­тың депозит мөлшері 156,2 млрд теңге құраған. Оның ішінде заңды тұлғалар үлесі – 32 млрд теңге. Ұлттық валю­тадағы депозит көлемі 13,5 процентке өсіп, 115 млрд теңгені, шетел валютасында 41,1 млрд теңгені құраған.

Кейінгі жылдары халықтың ұлттық валютаға деген  ықыласы біршама жоғары екенін байқадық. Себебі, ауыр пандемия кезеңінде доллар бағасы күрт өсіп, Ұлттық банк есесіне теңгенің сыйақы мөлшерін едәуір жоғарылатты. Бұл өз кезегінде халықтың теңге салымына деген қызығушылығын өсіріп отыр.

Бүгінге дейін солай. Екінші деңгейдегі банктердің үлесінде де­по­зит мөлшерінің дағдарыс ке­зе­ңінде де өскенін байқаймыз. Әртүрлі сипаттағы алыпқашты әңгі­ме­лер­дің халықты соншалықты абыр­жыт­пағанын байқадық. Неге десеңіз, сол 2020 жылдың көк­те­мінде ұлттық валютаның долларға шаққанда құнсыздануы әп-сәтте 380 теңгеден 470 теңгеге дейін құл­дырап, артынша 420-430 теңгеге тұрақтанған еді. Жалпы бұл орайда экономикадағы өсімнің кері сипатта қалыптасқанын атап өткеніміз жөн. Өсім жоқ жерде, әрине, теріс құбылыстардың орын алуына жол берілмейді. Экономика құлдыраған сайын бұл үйреншікті құбылысқа айналды. 

Халықты несиелендіру жағдайы бөтен емес. Біз сұратқан өтеу мерзімі үш айдан асқан қарыз мөлшері бір жыл ішінде 10 проценттен астам төмендеген. Жыл бойы мұнай бағасы біртіндеп көтерілді. Ұлттық банк өз кезегінде жинақталған резервтерді ұтымды пайдалана білді.

Жоғарыдағы депозит өсімінің қаншалықты  жоғары немесе төмен екенін білу біршама қиындық келтіреді. Себебі біз әлгі 156 млрд теңгенің қанша салымшының үле­сіне тиетінін біле алмадық. Банк қыз­меткерлері өкінішке орай, ондай мәліметтің жинақталмайтынын мәлімдеді. Бірақ біз өз күдігімізді жасырғымыз келмейді. Депозит біздің білуімізде халықтың санау­лы тобының ғана еншісіне тиеді. Бұл – әрине, өмірдің қалыптасқан шындығы.

Көрші Ресейде салықтан­дыру­дың жаңа көзі ретінде 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап депозит салымынан түсетін пайдаға салық енгізу көзделіп отыр. Оның қаншалықты бюджетке табыс әкелетінін білу қиын. Бізге жеткен деректер бо­йынша Ресей салымшыларының 85 проценті Мәскеу және Санкт-Петербург қалаларында орналасқан көрінеді. Үлкен мегаполиста ха­лық­тың тұрмысы жақсы екені белгілі. Ал ұшы-қиыры жоқ Ресейдің қалған 80-нен астам аймағында жағдайдың қандай екенін білгіңіз келсе, жо­ға­рыда айтқан 85 проценттің қалған 15-ін жіліктеп тізбектей берсеңіз болады. Өкінішке орай, біздегі жағдай да осындай.

Сонымен бүгінгі айтпағымыз осы. Халықтың азғантай бөлігіне тиісті депозит мөлшері қалай болғанда да екінші деңгейдегі банкке қатысты монетарлық саясаттың дұрыс жүр­гізіліп жатқанын байқатады. Бұл – әлбетте, жақсылықтың белгісі.

Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<