Қызылордалық шыныға шетелден сұраныс түсе бастады

741

0

Шыны өңдеу зауыты – жаңа технологияларды пайдаланып, бәсекеге қабілетті өнім шығаратын, еліміздің және өңір экономикасын дамуына тың серпін беретін ауқымды жоба. Зауыт толық қуаттылығына шыққанда 226 жаңа жұмыс орны ашылады. Ал қосалқы өндірістерде 300-ге жуық адам қызмет етеді. Жергілікті мамандарға басымдық беріліп, кәсіби түрде шыңдалмақ.


Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереев мәлімдеді.

– Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай облыс тұрғындары табақша шыны зауытының күйдіру пешін іске қосу рәсіміне куә болды. Жоба аясында өңірге 42 млрд. теңгеден аса инвестиция тартылған болатын. Жылына 197 мың тоннадан аса өнім шығаратын кәсіпорын – ел нарығын шынымен қамтамасыз етіп, шет мемлекеттерге экспортталады. Шыны зауытының іске қосылуымен шикізаттық емес секторды дамытып, ілеспе өндірістерді құруды көздеп отырмыз. Бүгінде инвесторлармен бірлесіп екі жобаны бастадық. Бұл – композиттік материалдар мен айна өндірісі. Атап өту қажет, тек 2020 жылдың қорытындысымен елге құны шамамен 65 млн. АҚШ долларын құрайтын тұрмысқа қажетті шыныларды Қытай, Германия, Өзбекстан және Түркиядан импортталған. Біз зауыт өндірісінің іске қосылуымен капиталдың басқа елдерге жіберілуін тоқтатамыз және елді өзіміз әйнекпен қамтамасыз ететін боламыз, – деді басқарма басшысы Ринат Қалдыбекұлы.


«Orda Glass Ltd» серіктестігі мен қытайлық « China Triumph» компаниялары бірлесіп жүзеге асырылған шыны зауыты – индустрияландыру бағдарламасының негізгі жобасы болып табылады. Шыны өндіру барысында 90 пайыз жергілікті шикізат өнімі қолданылмақ.

– Зауытта әлемнің жетекші елдері – АҚШ, Италия, Бельгия, Финляндия, Қытайда шығарылған замауи үлгідегі технологиялар қолданылады. Негізі зауыттан шығарылған өнімнің 70 пайызы ішкі нарықта пайдаланады. Ал 30 пайызы шет елге жөнелтіледі. Қазірдің өзінде Өзбекстан, Ресей, Түрікменстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Индиядан тапсырыстар түсуде. Тағы бір ерекшелігі үлкен көлемді және ауыр салмақты шыны табақшаларын кесуге және тасымалдауға роботтар қолданылмақ. 3 ай ішінде балқыту пеші 1600 градус температураға дейін қызып, тұрақты әрі үздіксіз газбен жабдықтауды талап етеді. Қазіргі кезде импортталып келген 1 тонна шыны 300-350 долларды құраса, біздің зауыттан шығатын өнімнің бағасы 200-250 доллардың көлемінде болады, – деді «Orda Glass Ltd» ЖШС басқарма төрағасы Ержан Сағынбаев.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<