ҚР Президенті: Ассамблея еліміздің татулығы мен тұрақтылығының басты кепілі

322

0

ҚР Президенті: Ассамблея еліміздің татулығы мен тұрақтылығының басты кепілі Қазақстан сан-қырлы жаңғыруға бет бұрған қазіргі таңда Ассамблеяға да тың міндеттер жүктеледі. Бұл туралы бүгін елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында өтіп жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVІ  сессиясында сөз сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 
«Ассамблея құрылған күннен бастап еліміздегі мызғымас бірліктің ұйытқысы, сарқылмас берекенің бастауы болып келеді. Бүгінгі күні ол еліміздің татулығы мен тұрақтылығының ең басты кепілі. Әрдайым елдік істердің басында жүретін Ассамблея менің іргелі бастамаларымды әр уақытта қолдап, халыққа түсіндіріп жүреді. Қазақстан сан-қырлы жаңғыруға бет бұрған қазіргі таңда Ассамблеяға да тың міндеттер жүктеледі», – деп атап өтті Елбасы. Мемлекет басшысы бүгінгі сессия «Бес әлеуметтік бастама – қоғамның әлеуметтік бірлігінің тұғыры» деп аталатындығын еске салды.
«Мен наурыз айында әлеуметтік жаңғыру жолындағы Президенттің бес бастамасын ұсынғанымды өздеріңіз білесіздер. Бес бастама елдің әл-ауқатын жақсартумен бірге ұлтты ұйыстыра түсудің тағы бір қыры – әлеуметтік бірлікті нығайтуға бағытталған. Оның табысты жүзеге асырылуы азаматтардың өз болашағына, мемлекетіне, қоғамына, қала берді  бір-біріне деген сенімін арттырады. Бізде халықтың күнделікті өміріне түбегейлі өзгеріс әкелетін мұндай әлеуметтік бағдарлама бұрын болған емес. Осының барлығы Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанды түрлі пәле-жаладан сақтап келе жатқан елдігіміздің бойтұмары – ел бірлігін қасиет тұта білгеніміздің арқасы», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті дүниежүзінде көгінде туы, төрінде билігі болса да бірлігі қашып, бүгіні бұлдыр, болашағы бұлыңғыр болған қаншама мемлекеттің бар екендігін баса айтты.
«Біз осыны берік ұстанып мызғымас ынтымақ-бірлігімізді таусылмас ырыс-берекеміздің бастауы етіп, сеніммен қадам басып келеміз.  Осы жолдан таймауымыз керек. Осы бірлікпен жүретін болсақ, барлық қиындықтарды еңсереміз. Халықтың әл-ауқатын жақсартуға қызмет істейміз», – деді Елбасы.
 «Бес әлеуметтік бастама – қоғамның әлеуметтік бірлігінің тұғыры» деген күн тәртібімен басталған сессия жұмысына 1 500-ден астам адам қатысуда. Олардың қатарында елдің барлық өңірлерінен келген Ассамблеяның ардагерлері, республикалық және өңірлік этномәдени  бірлестіктердің төрағалары, Парламент депутаттары, орталық атқарушы органдардың, саяси партиялардың, діни бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, ЖОО ректорлары, шет мемлекеттердің дипломатиялық миссияларының, ғылыми, шығармашыл зиялы қауымның және БАҚ-тың өкілдері бар. Сессия соңында салтанатты концерт өтеді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<