Ресейлік және қазақстандық сарапшылар \»Ақылды қала\» тұжырымдамасын талқылады

300

0

Ресейлік және қазақстандық сарапшылар \"Ақылды қала\" тұжырымдамасын талқылады «SMART CITY: аймақтың дамуындағы жаңа мүмкіндіктер» атты Ресей және Қазақстан сарапшылары қатысқан дөңгелек үстелде Мәскеу, Краснодар, Астана қалаларында іске қосылған «Ақылды қала» тұжырымдамасы бойынша цифрландыру және «SMART CITY Қызылорда» тұжырымдамасын жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

Шараны аймақта жақын арада құрылған Облыстық цифрлық технологиялар басқармасы ұйымдастырды.

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атап өткендей, «Экономикада цифрландыруды кеңінен қолдану бірқатар салаларының жойылып кетуіне және түбегейлі жаңаларын құруға әкеледі. Біздің көз алдымызда болып отырған өзгерістер – бұл тарихи шақыртулар әрі ұлт үшін мүмкіндік». Айта кету керек, цифрландыру – біздің өңірдің дамуында стратегиялық басымдыққа ие. Осы бағыттағы жұмыстарды тиімді үйлестіру мақсатында біз Қызылорда облысының жеке мемлекеттік органы – цифрлық технологиялар басқармасын құрдық»,-деді аймақ басшысы Қ.Көшербаев.

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы және «Ақылды қала» тұжырымдамасы аясындағы жобалардың жүзеге асу барысы жөнінде облыс әкімінің орынбасары Евгений Ким баяндады.

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы және «Smart city» тұжырымдамасы бойынша 2018 жылы аймақта 37 жоба жүзеге  асуда. Қызылорда облысы «Ақылды басқару» бағытында пилоттық аймақ ретінде таңдалды. Жоғарыда аталған жобалар 8 бағыт бойынша, оның ішінде 5 негізгі жоба «Smart City» аясында: білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй, көлік және қауіпсіздік салалары бойынша жүзеге асырылатын болады»,-деді Евгений Ким.

Сонымен қатар, өнеркәсіп саласын цифрландыру бойынша «Интеллектуалды кен орны» цифрлық технологиясын енгізу бойынша жұмыс басталды. Нәтижесінде мұнай өндіруді 1-2%-ға, күрделі жөндеу мерзімін 700 күнге дейін арттыру, операциялық шығындарды 10%-ға дейін төмендету және басқару шешімдерінің тиімділігін 20%-ға дейін арттыру жоспарланып отыр. Уран өндіру өнеркәсібінде: «Байкен-U» ЖШС кәсіпорны «Қазатомөнеркәсіп-Сайран» ЖШС-нің тазарту цехында дайын бұйымдарды жинау блогының роботтық кешенін енгізу тәжірибесі бойынша зерттеулер жүргізуде. Роботтық кешенді енгізу қолмен жұмыс істеуден босатып, өнімді тасымалдау-орауға қатысты барлық алгоритмді автоматтандыруға және  экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді.

Ал, білім беру саласында аймақтағы білім беру мекемелерін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы компьютермен қамту бойынша шаралар қабылданды. Жылдың аяғына дейін барлығы 293 мектеп жоғары жылдамдықты Интернет және Wi-Fi желісімен жабдықталады. Сондай-ақ, аймақтағы 293 білім беру мекемесі «Күнделік» электронды журнал жүйесіне қосылған.

Денсаулық сақтау саласы бойынша өңірдегі 80 пайыз медициналық мекемелерде кежолақты интернет желісі орнатылған. Медицина мекемелерін «қағазсыз айналымға» көшіру бойынша жұмыс басталды. Тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызметті жақсарту мақсатында «Облыстық медициналық орталықта интеграцияланған операциялық жүйені орнату» жобасы жүзеге асырылуда. Бұл жоба отаға дайындық уақытын 20%-ға дейін қысқартып, өлім қаупін азайтады, сондай-ақ, жылына 3000-ға дейін операция өткізуге мүмкіндік береді.

Қауіпсіздік секторын цифрландыру шеңберінде 5 жоба жүзеге асырылатын болады. Қазіргі таңда ІІД жедел басқару орталығында 272 бейнебақылау камерасы және 8 жол қозғалысы ережесі бұзылуын тіркейтін жүйе жұмыс істейді. 2022 жылдың соңына дейін Қызылорда қаласында 3200 бейне камераны орнату және 31 жол қозғалысы ережелері бұзылуын тіркейтін жүйені іске қосу жоспарлануда. Сондай-ақ, Қызылорда облысы 112 (112-ге ұқсас) Бірыңғай диспетчерлік қызметін іске асыру үшін пилоттық аймақ ретінде таңдалды.

Ауыл шаруашылығында азық-түлік тауарлары саудасын жүйелеу мақсатында «Агробиржа» жобасы іске асырылуда. Осы жобаны жүзеге асыру ауыл шаруашылығы саласындағы тауар өндірушілерінің кемінде 30%-ын электронды сауда-саттық жүйесіне тартуға, азық-түлік бағасын кем дегенде 10% тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта «Автоматтандырылған жылыжай құрылысы» жобасын іске қосу жоспарлануда. Ауылшаруашылығында 2018 жылы жоспарланған өнім 600 тонна болса, одан кейінгі жылдары 900 тоннаны құрайтын болады. Сонымен қатар, ветеринардың жұмыс жүктемесін 25% -ға төмендету және еңбек шығындарын 40% төмендету үшін «Mobi-Vet» жобасын іске қосу жоспарланып отыр. Шиелі ауданының «Ақмая» шаруа қожалығының жұмысын, оның шегірткелермен күресте дронды пайдалану тәжірибесін арнайы атап өткен жөн.

Кәсіпкерлік саласында 2017 жылдың 30 қаңтарында «Кәсіпкерлер орталығы» құрылған болатын. Қазіргі таңда аталмыш орталық «бір терезе» қағидаты бойынша кәсіпкерлерге 40-тан астам қызмет түрін көрсетеді. Орталықтағы барлық қызметтер ақысыз ұсынылады. Сондай-ақ, жер учаскесін жалға беру-сату құқығын тапсыру үшін сауда-саттық процесін автоматтандыру бойынша «Жер учаскелерінің онлайн-аукционы» жүйесі құрылды.

Жиын барысында ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясының профессоры Дмитрий Киселев цифрландыру жобаларын әзірлеу және енгізу тәжірибесімен бөліссе, «Аэрогеоматика» компаниясының бас директоры Сергей Мищенко цифрлық технологиялар көмегімен Краснодар бюджетін жылына жарты миллиард рубльге дейін қалай ұлғайтқанын айтты.

Мәскеу ақпараттық технологиялар департаментінің «Ақпараттық қала» ММ басшысының орынбасары Алексей Щегольцов «Ақылды қала – өсу мен даму стратегиясы» атты баяндамасында РФ астанасындағы «ақылды қала» жобасының даму кезеңдерімен таныстырды. Айта кетейік, жақында БҰҰ рейтингісінде Мәскеу электрондық үкімет бойынша бірінші орынға ие болды.

«2011 жылы қол жетімді қызметтер мен мүмкіндіктерді бірыңғай дерекқорға жинай бастағанда қиындау болды. Бұған дейін мемлекеттік органдардың ақпараттандыру саласындағы бірыңғай саясаты болмағандықтан, көптеген мәліметтер қайталануы орын алды. «Біздің қала» және «Ашық деректер» порталдарын құру азаматтарға әртүрлі саладағы мәселелері бойынша шағымдарын қалдыруға және ақпарат алуға мүмкіндік берді. Бірақ уақыт өте келе бағдарлама тұрғындардың барлық қажеттіліктерін қанағаттандыра алмайтыны анықталды. Осылайша деректерді жоғары деңгейдегі шаралардан бастап нақты оқиғаларға дейін біріктіруге мүмкіндік беретін «Ақылды қала» стратегиясы әзірленді. Барлық салалық бағыттар белгілі бір құрылыммен нақты блокқа толтырылды. Өткенге көз жіберіп, істелген жұмыстарымызды бағалаймыз және әлі де атқарылар жұмыстардың көп екенін түсінеміз», – деді Алексей Щегольцов.

 Сарапшылардың баяндамасынан соң тақырып бойынша сұрақ-жауап аясында талқылаулар болды.

Еске салайық, қазіргі таңда аймақта смарт-менеджмент, білім, денсаулық сақтау, тұрғын үй, көлік, қауіпсіздік және бизнес саласында 30-дан астам жоба жүзеге асырылуда. Қызылорда облысы «Ақылды басқару» бағытында пилоттық аймақ ретінде таңдалды. Оның шеңберінде жаңа кіші жүйелерге арналған «Ситуациялық орталықтың ақпараттық-талдау жүйесін дамыту» жобасы іске асырылып жатыр. Сонымен қатар, дарынды жастарды қолдау үшін техникалық лабораториялар мен коворкинг орталығының қызметтерін көрсету, ІТ-стартап-жобаларын және бизнес-инкубаторды дамыту мақсатында Қызылорда қаласында «ІТ паркі» құрылды. Сондай-ақ, 2017 жылы желтоқсанда Қызылорда облысында «HackDay2017» жас IT-мамандарының алғашқы аймақтық фестивалі өтті. Халықаралық тәжірибені зерделеу үшін аймақ делегациясы Татарстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының SmartCity жобасы аясындағы заманауи нысандарын аралады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<