ӨРКЕН ЖАЙҒАН ӨҢІРДЕ ӨМІРШЕҢ ІСТЕР МОЛ

590

0

ӨРКЕН ЖАЙҒАН ӨҢІРДЕ ӨМІРШЕҢ ІСТЕР МОЛЖексенбі күні облысымызға жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев кеше жаңадан салынған «Мұз айдыны” спорттық-сауықтыру кешенінде болды. Мұнан соң Мемлекет басшысы «Бастау” бизнес орталығында бизнес қауымдастығы және зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Басқосуда облыс әкімі Қырымбек Көшербаев өңірдің өзекті мәселелеріне тоқталып, «Қызылорда облысының 2020 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму Стратегиясы” құжатының негізгі бағыттарымен таныстырды.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев облыстағы сапар аясында алдымен мұз айдыны бар жаңа спорттық-сауықтыру кешенінде болды. Елбасы мұз алаңын қарап шығып, екі дүркін Олимпиада чемпионы Илья Ильин бастаған аймақтағы жетекші спортшылармен әңгімелесті. 
Жалпы аумағы 8 мың шаршы метрге жуық спорт кешені 3 блоктан – мұз айдыны, ойын залы және жекпе-жек залынан тұрады. Қазіргі заман талаптарына сай келетін мұз алаңының салынуы өңірде хоккей, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек тәрізді бізге таңсық спорт түрлерін дамытуға мүмкіндік береді. Енді осы айдын арқылы аймағымызда кенжелеп келе жатқан қысқы спорт түрлері өркендейтін болады. Мұнда мұз айдынынан бөлек гандбол, волейбол, баскетбол, күрес және көркем гимнастика үйірмелері тұрақты жұмыс істейді. Жүлдегер спортшылармен әңгімелесу барысында саланы дамыту мәселелері туралы айтқан Мемлекет басшысы елімізде жастардың спорт түрлерімен айналысуларына барлық мүмкіндік жасалып жатқанын жеткізді. 
– Біз барлық мүмкіндік, қолайлы жағдай жасауға тиіспіз. Сол кезде мықты спортшылар шығады, – деді Н.Назарбаев.
Мұнан соң Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мінген кортеж облыс орталығында ең зәулім ғимарат болып табылатын «Бастау” бизнес орталығына бағыт алды. Аталған орталықтың фойесінде Мемлекет басшысына халықаралық жолаушылар терминалының жобасы сызба-макет арқылы таныстырылды. Елбасының өткен жылдық желтоқсан айындағы Жолдауында облыс басшыларына өңірлердің инфрақұрылымын дамыту міндеттелгені белгілі. Өңірде ірі терминал салу ісі осы тапсырма аясында қолға алынған жобалардың бірі. 
Осы жерде облыс әкімінің орынбасары Нұржан Әлібаев Сыр елінің әуе қақпасы – Қорқыт Ата әуежайы терминалы туралы баяндады. Аталған жобаны осы салада тәжірибесі мол «TURKUAZ” компаниясының мамандары дайындаған. Жалпы аумағы 9200 шаршы метрді қамтитын жаңа әуежай халықаралық стандарттарға сәйкес салынады. Онда жолаушыларға көрсетілетін қызмет түрлері көбейіп, сапасы артады. Жоба бойынша құны 5,8 млрд. теңге тұратын терминалдың құрылыс жұмыстары келесі жылдың күзінде аяқталады деп күтілуде. Алдағы уақытта қаржыландыру мәселесі жедел шешімін тауып жатса, жобаны түрік ағайындардың компаниясы жүзеге асыруға ынта танытып отыр. «Біз облыс әкімшілігінің тапсырысы бойынша терминал жобасын қысқа мерзімде дайын еттік. Бұл әуежайдан атқарылатын алғашқы халықаралық рейс «Қызылорда-Стамбұл” бағыты болуы бек мүмкін,” – дейді жобалаушы компанияның құрметті президенті, директорлар кеңесінің мүшесі Зеки Пилге мырза. 
Айта кетейік, жаңа заман талабына сай қос қабатты терминал ғимаратында жолаушыларға арналған VІP, CІP залдар болады. Бұған қоса 200 көлікке арналған автотұрақ салынады. Ғимарат аумағы 9000 шаршы метрді құрайды. Терминал сағатына 250 жолаушыға, ал жылына 1 млн. жолаушыға мүлтіксіз қызмет көрсететін болады. Аталған әуежайда ұшақтардың ұшып-қону алаңы осыдан 3 жыл бұрын қайта жаңғыртудан өтіп, халықаралық талаптарға сәйкестендірілген болатын. 
Терминал салынып біткен кезде үстімізден ұшып жатқан ұшақтардың 20 пайызына қызмет көрсететін боламыз. Сол кезде әуе қатынасы жүк тасымалдау мәселесі оң шешімін табатын болады.
 «Бастау” бизнес орталығының мәжіліс залында Мемлекет басшысы Н.Назарбаев облыстың бизнес-қауымдастығы және зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Жиынды ашқан Елбасы алдымен облысқа сапарлап келгеніне қуанышты екенін мәлім етті. Салиқалы сұхбатты әріден бастаған Елбасы Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында кездескен қиыншылықтарды еске алды.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары аса қиын болғаны баршамызға мәлім. Бірақ рухы мықты ұлтымыз барлық сындарлы сәттерден сүрінбей өтті. Қиындықты жеңіп, шыңдала түсті. Бүгінде әлем таныған мемлекетке айналғанымызды, экономикамыздың қарышты даму жолына түскенін, елімізде үлкен-үлкен бағдарламалар қабылданып, олардың табысты орындалып жатқанын жеткізген Елбасы «Қазақстан-2050” даму Стратегиясы жасалғанын, енді жергілікті жерде оның жүзеге асырылуын қадағалау қажеттігін тапсырды. Әңгіме барысында Елбасы кешегі Петербург сапары туралы сөз қозғады. Қазақстан басшысының Ресейде өткен үлкен жиырмалыққа мүше елдердің жиынына қатысу шынтуайтында еліміздің жаһандық саясаттың белді қатысушысы ретінде геосаяси салмаққа ие болып отырғанын көрсетеді. 
Мұнан соң облыс әкімі Қырымбек Көшербаев өңірдегі өзекті мәселелерге тоқталып, «Қызылорда облысының 2020 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму Стратегиясы” құжатының негізгі бағыттары туралы баяндады. 
– Қазір біздің облыс «Қазақстан-2050” даму Стратегиясын іске асыру жолында қажырлы еңбек етуде. Индустриалды-инновациялық жобаларды мұқият сараптап, жаңа жобаларды жасақтап, игеруге кірістік, – деп бастады сөзін аймақ басшысы. Иә, жарты жылда алынған асулар туралы ауыз толтырып айтуға болады. Мәселен, алғашқы 6 айдың қорытындысымен инвестиция тарту, құрылыс салу және бюджетке салық жинау көрсеткіштері бойынша біздің өңір республикада ең алдыңғы қатарға шықты. Биылғы қысқа мерзім ішінде өңірге құйылған инвестиция көлемі 2 есе ұлғайып, құрылыс көлемі 60 пайызға өскен. Ал, өткен жылмен салыстырғанда салық артығымен жиналды. Бұл соңғы жылдары экономикасының даму деңгейі республикада көш соңында қалып, өткен жылы аймақтарға жасалған рейтинг бойынша 16-орынға тұрақтаған облыс үшін, әрине, аз жетістік емес. Мысалға, бірінші жартыжылдықта өңдеу өнеркәсібі 16%-ға өскен. Мұның инвестиция игілігінің нәтижесі екендігі даусыз. Ал, жаңадан құрылған энергетикалық консорциум экономика мен әлеуметтік өсу қарқынын қамтамасыз етуге қызмет етеді. Салаларды дамытуда кластерлік көзқарасқа, «жасыл экономика” принциптерін енгізуге, ресурстарды үнемді пайдалануға, қажетті кадрларды дайындауға ерекше мән берілуде. Облыс басшысы мұның аймақ үшін қарқынды дамуға жасалған алғашқы қадамдар екенін атап өтті. 
Иә, бүгінде өңірдің инфрақұрылымын дамытуға ерекше мән беріліп отыр. Облысымыздың тоғыз жолдың торабына, яки географиялық жағынан оңтайлы орналасуы бизнестің дамуына игі ықпал етеді. Аймақ басшысы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай” халықаралық автожолының 812 шақырымы облыс аумағынан өтетінін, қазір құрылыстың 85 пайызы біткенін, автобан құрылысының келесі жылдың тамыз айында аяқталатынын жеткізді.  
Ең тиімдісі, өңірдегі елді мекендердің 85 пайызы осы үлкен жолдың және Сырдария өзені мен теміржолдың бойында орналасқан. Бұл облыстың транзиттік әлеуетін арттыратын факторлар. Елбасы өз сөзінде мұндай географиялық артықшылық көптеген аймақтарда жоқ екендігін, осы артықшылықты экономикалық тиімділікке айналдыра білуді тапсырды. 
Бұған қоса еліміздің батыс өңірінен оңтүстікке қарай «Бейнеу-Бозой-Шымкент” магистральді газ құбыры тартылуда. Биылғы қазан айының басында осы желіден облыс орталығына газ келеді. Ал, еліміздің батыс бөлігін орталық Қазақстанмен байланыстыратын «Сексеуіл-Жезқазған” учаскесі қарқынды түрде салынуда. Болат жолдың бұл бөлігі жыл аяғында пайдалануға берілмек. Осында теміржол инфрақұрылымы жасақталып, бекеттер, елді мекендер бой көтереді. Темір жол құрылысы біткен кезде біз логистикалық жағынан тиімді орналасқан аймақ болып таныламыз. Еліміздің барлық өңірлеріне темір жол арқылы өз өнімдерімізді тасымалдай алатын боламыз. Ал, логистикалық жағынан тиімді орналасқан өңірде кәсіпкерліктің өркен жаятыны белгілі. 
Мұнан соң «САРАТС-2” жобасын іске асыруға соңғы дайындық жұмыстары, Байқоңыр қаласы, Төретам және Ақай кенттерінің даму жоспарын қамтитын «Жол картасы” әзірленіп жатқаны айтылды. Бүгінде осы құжат бойынша Ресей жағымен келіссөздер жүргізілуде. Облыс әкімі әлеуметтік салада жүзеге асырылып жатқан өнімді жұмыстарды да тарқатып, «Жұмыспен қамту-2020” бағдарламасының өңірде тиімділігін көрсеткенін және сұранысқа сай мамандар дайындау ісі қолға алынғанын атап өтті. Ауыл шаруашылығын дамыту мәселесіне тоқталып, күріш кластерін қалыптастыру, балық және мал шаруашылығын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен аймақтарды дамыту үшін тіректі елді мекендерді дамыту жоспарланып отырғаны, жалпы өңірде қолға алынған жүйелі жұмыстар жөнінде мәлімдеді.
Кездесу барысында бизнес қауымдастығының өкілдері Президенттің тапсырмасы бойынша жүзеге асқан табысты жобалар жөнінде ой-пікірлерін білдірді. Мәселен, «РЗА” АҚ президенті Самұрат Имандосов мемлекет қамқорлығының арқасында мал шаруашылығын дамытуды қолға алғанын жеткізді. Бүгінде мыңнан астам адамға жұмыс тауып беріп отырған сан салалы кәсіпорын өз өнімдерін өзге облыстарға шығарып, мал азығындық жемшөп өсіру ісін қолға алыпты. Ал, «Атамекен Одағы» ҰЭП” облыстық кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы Асқар Маханбетов кәсіпкерлік саласының дамуына Елбасының жүргізіп отырған саясаты көмектескенін, әсіресе, Кеден Одағы аясында кәсіптерін өркендетіп отырған кәсіпкерлер бар екенін жеткізіп, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту үшін қабылданған бағдарламалар игілігін тарқатты. 
Сыр өңірінің жер қойнауы қазынаға бай. Мәселен, еліміз бойынша өндірілетін мұнайдың 15 пайызы біздің өңірдің үлесінде. Әсіресе, газ кенінің қоры өте мол. «ҚазГерМұнай” БК” ЖШС бас директоры Медет Кәрім мұнай-газ саласындағы компаниялардың бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін терең түсінетінін, жаңа кен орындарын ашу үшін жер қойнауына барлау жұмыстарын жүргізуге баса назар аударып отырғандарын мәлім етті
 Өңірде металлургия кластерін қалыптастыру бағытындағы алғашқы қадам туралы «Байқоңыр” ӘКК” АҚ басқарма төрайымының орынбасары Ескендір Сейдаханов пен «Балауса” ЖШС директоры Андрей Кузнецов айтып берді. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры Қылышбай Бисенов ғылым мен білімді дамыту бағытындағы пікірлерімен бөлісті. Ал, балық шаруашылығын дамыту жөніндегі облыстық консорциумның төрағасы Әділбек Әйімбетов Елбасының Кіші Аралды сақтап қалу жолындағы қажырлы еңбегіне тоқталды. 
Елбасының бастамасымен «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау” жобасының бірінші кезеңі қолға алынып, оның жүзеге асырылғанын сырбойылықтар еш ұмытпақ емес. Осы игілікті істің нәтижесінде облыстағы көлдер жүйесі суға толып, аймақтың флорасы мен фаунасы қайта жанданды. Ал, ең бастысы, теңіздегі аймақ тұрғындары атакәсібіне қайта оралып, өңірде балық шаруашылығы өркендей бастады. Алғашқыда жылына 400 тонна балық ауланып келсе, нақты кезеңде оның көлемі 4 900 тоннаға жетті. Алдағы уақытта оны 30 мың тоннаға жеткізу, өңірде балық кластерін қалыптастыру жоспарланып отыр. «Міне, мұның барлығына Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Аралға деген қамқорлығының арқасында қол жетіп отыр,” – деп атап өтті консорциумның төрағасы Әділбек Әйімбетов.
Кездесуді қорытындылаған Елбасы облыста атқарылып жатқан жұмыстарды жоғары бағалап, аймақты өркендету үшін оны басқаруға тәжірибелі басшы Қырымбек Көшербаевты жібергенін атап өтті. 
– Сыр елі – жыр елі, ырысты да күрішті ел. Бұл алты Алашқа ана болған ата қоныс – қалың қазақтың шоғырланған жері. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары өңір үшін өте қиын кезеңдер болды. Арал теңізі тартылып, ел теңіздің болашағынан үмітін үзе бастады. Осы қиын тұста мемлекет облыс тұрғындарына жеңілдіктер берді, Кіші Аралды қалпына келтірдік.
Арал қаласына таза су жеткізген кезімдегі халықтың қуанышы әлі есімде. Қазір облыстың экономикасы дамып, халықтың әл-ауқаты жақсарды. Дегенмен, қол жеткен жетістіктерге тоқмейілсімей, біз әрі қарай дамуымыз керек. Көздеген мақсаттарға жету үшін елімізде көптеген мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Мұның орындалуын әкімдер назарда ұстап отырулары тиіс. Тоғыз жолдың торабына орналасқан Сыр өңірінің даму мүмкіндіктері зор. Тек Сыр халқы осыны тиімді пайдалана білуі керек және ерінбей еңбек ете білуіміз қажет, – деп сөзін қорытқан Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев облыс халқына табыс тіледі.  
Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<